АЙМАҚ БАСШЫСЫ ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІМЕН АШЫҚ ПІКІРЛЕСТІ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитын қызылордалық студенттермен кездесті. Мәскеу мен Петербордың маңдайалды университеттеріне оқуға аттанған 60-тан астам студенттің алғашқы легі алдағы жылы қолдарына дип­лом алмақ. Арманшыл жастардың қиялына қанат бітіріп, қолдау көрсеткен аймақ басшысының қамқорлығына жастар да, ата-аналар да дән риза. Олардың еңбек нарығының сұранысына сай техникалық мамандықтарды игеруі өздерінің де, елдің де игілігі.

Кездесуде облыс әкімі студенттерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы қысқаша баяндап берді.  Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысы даму қарқыны жөнінен республикада ең соңғы – 16-орында еді. Аймақ басшысы мұнай өндіру кемігенмен, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инвес­тиция салаларында қол жеткен жетістіктерге тоқталды. Облыс негізгі макро­экономикалық көрсеткіштер бойынша республикадағы алғашқы бестікте тұр.  2013 жылы облыс бюджеті 107 млрд теңге болса, қазір 250 млрд теңгеге жетті. Одан әрі облыс басшысы индустриялық-инновациялық жобалар, инвестиция тарту, экономиканы әр­тараптандыруда атқарылып жат­қан жұмыстарға шолу жасады. Байқоңырдың болашағы, Елбасы ұсынған рухани жаңғыру  бағдарламасының барысы туралы ой бөлісті. Жастардың барлығы экономика, металлургия, тағы басқа салаларда оқып жатқандықтан облыстың макроэкономикалық көрсеткіштеріндегі оң өзгерістерге ризалық­тарын білдірді.

Бүгінде 200-ге жуық сыр­бойылық «Бола­шақ» бағдар­ламасымен шетелдерде білім алса, 20 мыңнан астам жас маман «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша туған жерде жұмыс істеп жүр. «Серпін» бағдарламасымен 4 мыңға жуық қыз-жігіт оқуда. Облыс әкімінің гранты 500-ден астам баланың білім алуына бөлінді. Былтыр мектеп түлектерінің 93 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түссе, биыл бұл көрсеткіш 97 пайызға жетті. Ресей ЖОО-ларына осы жылы 62 түлек оқуға қабылданды.

– Өнер мен мәдениет, білім мен ғылымның орталығы – Мәскеу мен Петерборда дәріс алып жүрген сіздерге үлкен үміт артамыз. Еліміздің, өздеріңіз туған өлкенің дамуына үлес қосады деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.

Осы кездесуде Қырымбек Елеуұлы Мәскеу мемлекеттік университеті физика-математика мамандықтарына ынталы қызыл­ордалық жастарға 20 грант бөлуге ниетті екенін хабарлады.

Кездесуде студенттер өздерін тол­ғандырған сауалдарын қойды. Қазіргі уақытта Мәскеу мен Қызылорда арасындағы жол қатынасы мәселесі туындап отыр. Аймақ басшысы «Росавиа» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, алдағы уақытта теміржол қатынасы да қалпына келетінін атап өтті.

Жастар Ресейде оқитын студенттер қауымдастығын құру, өндірістік тәжірибеден өту, білімдерін магистратурада жалғас­тыруға қатысты сауалдарын қойды.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кәсіби мамандық алған жастарды жұмысқа орналастыру қазірден бастап жүйеленуде. Оларға өндірісте, мемлекеттік органдарда жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылмақ. Сондай-ақ өз ісін ашып, бизнесін өркендетуге ниеттілерге де қолдау жасалмақ. 

Кездесуде жастар өздеріне берілген мүмкіндік үшін алғыстарын жеткізді. Жүздесуден кейін жастар облыс әкімідігіндегі ситуациялық орталық жұмысымен танысты.

Гүлжазира Жалғасова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 тамыз 2017 г. 593 0