«НҰРЛЫ ЖЕР» БАСПАНА МӘСЕЛЕСІН ЖАН-ЖАҚТЫ ШЕШЕДІ

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, халықтың  тұрғын үй мәселесін түпкілікті шешкен бірде-бір мемлекет жоқ. Ал Қазақстанда  Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданып, аталған мәселені шешуде кешенді шаралар қолға алынып жатыр.

Соңғы жаңалықтарға тоқтайтын болсақ, биыл тұрғын үй құрылысының барлық мәселелері ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген жаңа «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына біріктірілді. «Нұрлы жер» бағдарламасының бұған дейінгі бағдарламалардан ерекшелігі тұрғын үй құрылысына қатысты барлық мәселелердің бір бағдарлама аясына топтастырылуы болып отыр. Яғни, тұрғын үйге қатысты барлық мәселені осы бағдарлама аясында кешенді шешу қолға алынды. Көпқабатты үйден бастап, жеке тұрғын үйлер салу мәселесі, жер учаскелеріне коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, жер учаскелерін бөлу және т.б. мәселелер осы бағдарлама аясында қаралады.

Бағдарлама аясында 15 жылда 1,5 млн отбасын баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жеке тұрғын үй салу, ипотека алу, жалға берілетін үй, жер учаскелері және тағы басқа көптеген мәселелер осы бағдарлама аясында оң шешімін табатын болады.

Бағдарлама 2017 – 2031 жылдар аралығында жүзеге асырылып, еліміздегі баспанаға мұқтаж жандардың мәселелерін негізгі алты міндетті іске асыру арқылы шешуді көздейді.

Біріншіден, бағдарлама ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру мәселесін көздейді. Екіншіден, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандырады. Үшінші, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу жалғасын табады. Төртінші, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру көзделіп отыр. Бесінші, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға мән беріледі. Алтыншы, халықты жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мәселесі біршама оңтайландырылады.

Статистикалық деректерден мәлім болып отырғанындай, 2017 жыл жақсы көрсеткіштермен басталды деуге болады. Биыл елімізде  10,2 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ол шамамен 99 мың пәтер болады. Қазірдің өзінде Қазақстанда, оның ішінде Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде.

2016 жылы республика бойынша барлығы 25230 баспана пайдалануға берілді. Оның ішінде 7701 жеке тұрғын үй салынды. Бұл дегеніміз 1 344 мың шаршы метр және негізгі енгізілген тұрғын үй көлемінің 43 пайызы деуге болады. Және салынған көпқабатты үйлерден жалпы көлемі 1 762 мың шаршы метрді құрайтын 17 529 пәтер берілді. Бұл негізгі енгізілген тұрғын үй көлемінің 57 пайызына тең. Сондай-ақ, мемлекеттік жеке меншік формадағы кәсіпорындар мен мекемелер тарапынан 155 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде бағдарламаның шеңберінде 130,6 мың шаршы метрлік 1951 пәтер бар.

Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру үшін барлығы 426,3 млрд теңге қаражат көзделген.

Оның 149,3 млрд теңгесі мемлекеттік инвестицияны құрайды. 25 млрд теңгесі – сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына, 10 млрд теңгесі – ипотекалық қарыздарды субсидиялауға, 11 млрд теңгесі – жеке құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялауға, 83,5 млрд теңгесі – инженерлік инфрақұрылымға, 8 млрд теңгесі – Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларын несиелендіруге, 10 млрд теңгесі «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ-ға бөлуге жұмсалады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 1,7 млрд теңге жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салу үшін әкімдіктерге трансферттерге берілсе, 100 млн теңге жеке тұрғын үй бойынша үлгілік жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін қарастырылған.

Бағдарлама бойынша әкімдіктер бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылады. Ол шамамен 277 млрд теңге болмақ. Бұл қаржы – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қоржынынан алынады.

Бағдарлама бойынша  ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру және жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру қарастырылған. Қаржыландыру жоспарына сәйкес қаражатты аудару биыл сәуір айынан бастап жүзеге аса бастады. Өз кезегінде қаржы агенттері («ҚИК» ИҰ» АҚ және «Даму» КДҚ» АҚ – ред.) екінші деңгейлі банктермен субсидиялау келісімдердің жобасын пысықтап жатыр.

Тағы бір міндет – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы берілетін несиелік тұрғын үй салу. «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 2017 жылдан бастап 2016 жылы Ұлттық қордан несиелік тұрғын үй құрылысына бөлінген 277 млрд теңге қаражатты қайта бағыттау көзделіп отыр.

Келесі міндет бойынша 2017 жылы 150 мың ш.м (2687 пәтер) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 25 млрд теңге қарастырылды және өңірлерге 1,5 млрд тенгеден бөлінбек. Жалпы, 2017-2019 жылдары 311,3 мың ш.м тұрғын үйді (5936 пәтер) пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бесінші міндет бойынша бүгінгі күні жеке тұрғын үй құрылысының үлгілік жобалары үшін 7 типтік жоба әзірленіп жатыр. Биыл Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында жеке тұрғын үй құрылысының үлгілік жобалары іске асырылатын болады. Ал, алтыншы міндет негізінен бұдан бұрын басталған құрылыс жұмыстарын 2018 жылға дейін толық көлемде аяқтауды көздейді. Бұл халықты жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үйлермен қамтамасыз ету болып табылады.

Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін коммуналдық тұрғын үй құрылысына 2017 жылы республикалық бюджеттен 596,9 млн теңге қарастырылды. Жас отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына биыл республикалық бюджеттен 1113,97 млн теңге бөлінген болатын.

 «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық Ұйымы» АҚ мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы да жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үй құрылыстары бойынша келісімдер жасалды. Осы тұста тағы бір айта кететін жайт, биыл жалпы алаңы 300,4 мың шаршы метр болатын жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Былайша айтқанда, бұл – 5115 пәтер.

Соңғы жаңалықтарға келетін болсақ, мемлекет тұрғын үй несиелерін субсидиялау мәселесін қолға алып отыр. Бұл орайда екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық несие беруін ынталандыру жағы да қарастырылды. Егер банк халыққа 17 пайызбен ипотекалық несие берсе, оның 7 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады. Бұл ынталандыру шаралары ипотекалық несие беру көлемін арттыруға негіз қалайды. Сонымен бірге облыс әкімдіктеріне өз өңірлерінде қай жерде, қандай көлемде, қандай бағытта тұрғын үй салуды өздері таңдайтын құқық беріліп отыр. Бұл жаңа бағдарламаның тиімді жаңалықтары болып табылады.

Ж.Әлмахан.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 тамыз 2017 г. 613 0