« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
“Ізденген жетер мұратқа”. Бұл әйгілі Испан елінде өз ісін ашып, мақсатына қол созған Гүлжан Нақыповаға қатысты айтылған дүние. Бүгінде қаракөз қыздарыңыз жырақта жүріп, біліктілігін дәлелдеуде. Биікке құлаш ұрып, жұрт сүйсінер жетістіктерге жетуде. Өйткені мектеп бітірісімен Алматыдағы Қазақ-Америкалық университетіне оқуға түскен Гүлжанның болашаққа деген жоспары нық болды. Ол университет қабырғасында жүріп, әйгілі “Sony” корпорациясында жұмыс істеді. Бала кезгі қиялға ерік беріп, теледидардан көрген, миллиондаған туристті құшағына сыйдырған Испанияға аттануды ойдан шығармады. Уақыт өте келе қайтпас қайсар қыздың бұл арманы шындыққа айналды да. Қазір оның “Education best” атты компаниясы шетелде оқуды ғана емес, халықаралық іс-тәжірибелерден өтуге септесуде. Осы мысалға қарап-ақ, “Кеудеңде ыстық қан барда, боларды да, болмасты болады деп арманда!” деген өлең жолдары ойға оралады.
– Испанияда жүрген алғашқы жылдары керемет сезімде болдым. Кейде бұл тылсымға толы елге келуіме Алматыдағы қарбалас тірлік себеп болған шығар деп ойлаймын. Себебі, ондағы күндерім бірсарынды өтті. Сабақтан соң жұмысқа барып, жұмыстан соң құрбымыз екеуміз ашқан “Хозяюшки” дүкенінде жұмыс істедік. Ақыры, дүкенді құрбыма тапсырып, өзім оқу аяқталған соң Испанияға аттанамын деп шештім. Бастапқыда бір жыл тұрақтауды ойладым. Бірақ Барселонада маркетинг мамандығы бойынша оқуға бел буып, университеттің бірімен әріптестік орната отырып жұмыс істедім. Жұмыс табысты жүргенімен, өз ісімді ашу туралы жоспарлар маза бермеді. Осылайша, өзгелер армандайтын қызметтен өз еркіммен кеттім. Тәуекел қайығына мініп, жетістіктерге қарай жол тарттым. Бизнес-жоспар құрдым және бар күшімді соны іске асыруға жұмсадым. Өзге елден келушілермен, Еуропа мен Канадаға оқуға түсушілермен жұмыс істедім. Басында әлеуметтік желі арқылы клиенттермен онлайн кездесулер өткізетінмін. Кейіннен сұраныс артып, компания таныла бастады, – дейді ол.
Ең қызығы, испандықтар үшін біздің халыққа жақсы таныс “Бүгінгі істі ертеңге қалдырма”, “Еріншектің ертеңі бітпес” деген аталы сөздер мүлде жат екен. Олар “қашан?” деген жиі қойылатын сұраққа “маняна”, яғни ертең деп жауап қататын көрінеді. Алайда, бүгінгі кейіпкеріміз үшін барлығы керісінше екенін байқаған боларсыз. Ол бір минутты да босқа өткізбек емес. Көбіне бизнесті жетілдіру жағына бас қатырады. “Өз ісіңнің кәсіби маманы атану үшін қарапайым қадамдар жасау қажет” деген пікірде. Расында, шетте оқып, жат жерде біліміңді шыңдау, ел асып, жер көру, Қазақ елін талантты да талапты азаматтардың елі екенін көрсету – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Алайда, Гүлжандай Сырдың сұлуы мұның барлығын жүзеге асыруға болатынын көрсетіп отыр.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |