« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
“Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін” деп жырлайтын Мағжан ақын дүниеге келген қасиетті өлкеге алғаш рет табан тіреген сәтім еді. Айналасы жасыл желекке толы, табиғаттың сұлулығына көз тоятын бұл аймаққа қоныс аударуға бірден шешім қабылдауға қорқасоқтап, көңілге күдік ұялаған. “Мың қайғыны бір тәуекел бұзады” демекші, біздің отбасымызды алға жетелеген осы тәуекел болатын.
Шілде айында Қызылорда қаласы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Солтүстік Қазақстан облысының ұйымдастыруымен “Бос орындар жәрмеңкесі” өтті. Онда облыс бойынша 800-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылып, оңтүстіктен келетін жұртшылыққа арнайы жәрдемақылар қарастырылғаны айтылды. Біз де делегаттар ұсынған жұмыс орындары пен көшіп-қонуға берілетін көмектің баршылық екендігін білген соң, сол аймақтың тыныс-тіршілігімен танысуға бет алдық. Шілде айының орта тұсында алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысындағы «қайыңды өлке» атанған Аққайың ауданына келіп, тыныс-тіршілігін бағамдап көрдік. Онда аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Қизат Құрманбаев бастаған топ мамандығымызға сәйкес жұмыс табуға жәрдемдесті. Жоғары оқу орнында журналистика мамандығын тәмамдағандықтан, мен “Колос” ЖШС меншігіндегі аудандық “Аққайың” газетіне жолдама алдым. Ал жолдасым алдағы уақытта көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасады. Біз үшін қоныс аударып көшіп келе салу қиын болғанымен, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Галина Бабинова барлық құжаттарымызды рәсімдеуге көмектесіп, өз жанашырлығын таныта білді.
Бұл – табиғаты тамылжыған, ақ қайыңы тербелген жасыл өлке. Бізді өзіне баураған да сол айналаның әсемдігі мен халқының қонақжайлығы болды. Алғаш Аққайың ауданына қадам басқанымда осы өңірдің рухани-әдеби өміріне өзіндік үлесін қосып отырған “Колос” ЖШС мен “Аққайың” газетінің ұжымымен таныстым. Онда газет редакторы Әсем Байзақова маған алдағы уақытта қандай тақырыптар қозғайтынымды айтып, жөн сілтеді. Ұжым жастардан құралғандықтан, әрбір жұмыс күні қызықты. Алдағы уақытта “Аққайың” газетінде танымдық әрі ел сүйсініп оқырлық қызықты тақырыптарды қозғап, өңіріміздің әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосамын деген сенімдемін.
Аталған бағдарлама аясында СҚО Аққайың ауданына тұрақты жұмыспен орналасқан азаматтар жетерлік. Халыққа тиімді бағдарлама өз кезегінде “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының ІІІ бағыты бойынша жүзеге асып отыр. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту жобасы арқылы жұмыс күші тапшы аймаққа екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген азаматтарды жіберудің маңызы зор. Елбасы өз Жолдауында еңбек нарығын осылайша реттей отырып, жұмыссыз әрі баспанасыз отбасыларды мемлекет қамқорлығына алуды қадап тапсырған болатын. Өткен жылы Аққайың ауданына 3 отбасы, осы жылы 5 отбасы көшіп келген. Ал аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенер болсақ, биылғы жылы оңтүстіктен келген көштің саны 15 отбасына дейін еселене түсуі тиіс.
Жайна ШЕРНИЯЗОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы,
Аққайың ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |