ЕСІМ – ТАҒДЫРДЫҢ ЕСІГІ, КӨҢІЛДІҢ БЕСІГІ

 

Бір күні жұмыс бөлмеме екі қыз келді. Бұйымтайларының шет жағасын айтқан қыз­дардың атын сұрадым. Біріншісі өзін Адила деп, екіншісі Бопа деп таныстырды. Мен екінші қыздың атына ойланып қалдым.

– Бопа ма, Бота ма?

– Бопа.

– Мүмкін Бопай шығар.

– Төлқұжатымда Бопа деп жазылған.

Мен күмәнды атқа деген қызығу­шылығымды жерге тастай алмай, Бопа арқылы оның әкесіне телефон шалдым.

– Әжесі атын Бопай деп қойған, құжат толтырғанда Бопа деп жазылып кетіпті, – деді әкесі. Енді мен қызға Бопайдың Әбілқайыр ханның жары екенін, ел билеу ісіне араласқан аса ақылды, ықпалды тарихи тұлға екенін түсіндірдім. Осыны естіп тұрған екінші қыз өз есімінің мәнін білгісі келетінін айтты.

– Адила дейсің бе, негізі қазақтың тілдік қалыбына сай Әдила болуы керек, әрі әдемі естіледі. Бұл арабтың «ғадія» сөзінен, яғни әділдік деген сөзден шыққан атау, – деп оған да білгенімді айттым.

…Араб демекші, қазақ есімдерінің біразы араб, парсы тілдерінен енген. Бұл бізге ­исламды қабылдауымызбен байланысты келген ықпал. Бірақ қазекем сол сырттың ­атауын өз тілінің ыңғайына сындырып, өз сөзі ретінде сіңістіріп алған. Мысалы: Маханбет, Мұқан, Мәмбет аталатын қазақ есімдерінің төркіні Пайғамбарымыз Мұхаммедтің атынан шы­ғады. Рахмет, Оспан, Баян, Дәуір секілді есімдер де арабтан алынған. Біз оларға қазақ тілінің қосымшаларын жалғау арқылы Рахметбек, Оспанхан, Баянбай, Дәуіржан деген секілді ­туынды сөз жасап алғанбыз.

Негізінен адам есімдері әр дәуірдің өз бейнесіне сай қойылады. Мұны кісі есімдерін зерттейтін ғылымның арнайы саласы антропонимика айтады. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейінгі туған ұрпақтың өкілін  есімінен жазбай танисың. Абылай, Мағжан, Шәкәрім, Мұстафа, Жанқожа,  Әли, ­Наурыз, ­Рамазан, Тоқтар, Айдын, Айгерім, Арай, Шұғыла, Сая, Мақпал, Рауан, Райан, т.б. есімдер – соңғы ширек ғасырда ең жиі қойылған есімдер. Әңгіме басындағы Адила мен Бопа (Бопай) да осы қатарға жатады. Сонымен бірге Елбасымыздың атын иеленген балалар да жүздеп саналады. Өткен жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында теледидардан елімізде Нұрсұлтан Назарбаев болып аты мен тегі Елбасымен сәйкестендірілген 55 есімнің бар екені айтылды.

Мұның барлығы да бізді қуантатын жағ­даяттар.

Өкпеміздің қара қазандай болатын кездері де көп. Жақсыны көрсе ұқсап бағу әркімде-ақ бар шығар, дегенмен «қазақ еліктегіш» деген сөз сүйегімізге сіңіп кеткен бе деймін. Енді өз арамыздағы мына есімдерге назар аударыңыз: Ананди, Ардали, Бенладен – мен қазақтан осы үш есімді де кездестірдім. Ананди – атақты «Келін» филімінің кейіпкері, үнді актрисасы Авико Гор. Кинода әдепті болып көрінгенмен, діні бөлек, ділі бөлек оның өмірде кім екенін құдай білсін. Қазақ қызына үлгі қылуға тұра ма, жоқ па?  Ал, Усама бен Ладеннің әйгілі терроршы екенін жұрттың бәрі біледі. Ислам атын жамылып, қарапайым халықтың қырғынына себепші болған адамның атын әулие көргенімізге не жорық? Ең сорақысы, Ардали атының қазаққа қалай келіп қалғанына таңғаласың. Мен баласына осылай ат қойған адамнан бұл есімнің мағынасын сұрағанымда «Ардалион деген орыс әкеммен жолдас болыпты, әкем сол есімді құрмет тұтатын, оның үстіне «ардақты» деген сөзге ұқсайды» деп жауап берді. Жақсы, әкең сыйлаған екен, сен де сыйла. Бірақ бұл проваслав есімнің мағынасы не? Оның мағынасы «лас» деген ұғымды білдіреді.

Антропонимика ғылымы адамның аты оның тағдырына әсер етеді деп болжайды. Адам есімін ауыстыру оның өміріне түбегейлі өзгеріс әкеледі деген сенім бар. Орыс әйелдерінің ерге шыққанда ататегін ауыстыратыны осыдан қалған. Бұл қисынсыз да емес. Кейбір тілдерде «тағдыр» деген сөз «ат қою» деген мағына береді-міс.

Осы тақылеттес ұғым ең әуелі Пайғам­барымыздың хадистерінде айтыл­ған. «Пер­зент­теріңе көркем есім қойыңдар». «Ақы­ретте сендерді өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімімен шақырады. Жаман есімдерің болса, ауыстырыңдар» делінеді қасиетті хадистерде. Демек, жақсы есім адамның бұл дүниелік қуанышы болса, о дүниелік таразысы екен.

Жалпы, менің айтпағым біздің бала­лары­мыздың Адила мен Бопа сияқты өз есімдерінің мағынасын білмейтіні рас.

Міне, осы мәселе ойлантады.

Д.АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 тамыз 2017 г. 1 309 0