Кездесу кезінде Мемлекет басшысына «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасау барысы туралы есеп берілді деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық бәсекенің өсуі жағдайында экономиканы масштабты түрде цифрлаудың өзектілігін атап айтты.
«Бұл мәселе бүгін алдыңғы орынға шығып отыр. Бүкіл әлем осы бағытта жылжып барады. Біз де қалмауымыз керек. Бұл өте күрделі міндет. Барлық ведомстволар, министрліктер және аймақтар үйлесімді жұмыс жасауы керек» деді Қазақстан Президенті.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Мемлекет басшысына жаңа бағдарламада айқындалған төрт басым бағыт туралы әңгімеледі.
«Қазір біз барлық мүдделі тараппен бағдарламаның жобасын талқылап жатырмыз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жұмыстың төрт негізгі бағытын қарастырады. Олар – инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын жақсарту, экономика салаларын цифрландыру және мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіру» деді Д.Абаев.
Қазақстан Президенті кездесу соңында бірқатар нақты тапсырма берді.