Астанада Елбасы мақаласында айтқан «100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру мақсатында қазақ тіліне аударылуға тиіс 100 оқулыққа қатысты баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
Баспасөз мәслихатына Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы қатысты. Ол қазіргі уақытта 100 оқулықты таңдау, оған қойылатын талаптар, аудармашылар мен редакторлар, ғылыми кеңес мүшелерінің міндеттеріне тоқталды.
«Мен басқаратын бюро Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 оқулық» бағдарламасын жүзеге асыруға міндетті. Осы ұйымның жауапкершілігімен қазіргі таңда 20-ға жуық оқулық аударылып басталды. Ал бүгінгі брифингтің маңызына келер болсақ, 100 оқулықты аударуға ат салысамын деген адамдарды мейлінше кеңінен тарту. Соған орай 23 тамыз күні Алматыда қазіргі аударманың теориясы мен практикасы деуге болатын басқосу өткізетін боламыз. Сондықтан журналистер қауымы, аудармашылар, баспагерлер, аударылатын оқулықтардың барлығы университет деңгейінде болғандықтен ЖОО-ның ұстаздары, жалпы осы жобаға қызығатындардың барлығын келіп қатысуға шақырамыз» - деді Рауан Кенжеханұлы.
Оның сөзіне қарағанда оқулықтарды аударуға негізінен университет мұғалімдері көбірек тартылған.
«Өздеріңіз білетіндей «Жаңа гуманитарлық білім» деп аталғандықтан негізінен аударылып жатқан философия, психология, әлеуметтану, экономика және мәдениеттану секілді бағыттардағы оқулықтар. Осы бағыттар бойынша аударылып жатқан кітаптардың тізімі жобаның веб-сайтында (кітап.кз) жарияланды. Осы жобаны жүзеге асыру барысында әр кітап бойынша жеке-жеке жұмыс топтары құрылған. Жалпы алғанда 90-нан астам адам жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында ЖОО ұстаздары бар. Себебі аудиторияда қолданылатын оқулықтар болғандықтан осы оқулықтармен жұмыс істейтін мамандардың араласқаны дұрыс деп шештік. Сондықтан аударма жасауда ең әуелі ағылшынша-қазақша білетін ұстаздар қауымы көптеп тартылды. Екіншіден, әрине, аударма саласына пікір айта алатын ғылыми редакторлар және әдеби редакторлар қамтылды. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бастауыш пен баяндауыштың орнында тұрғанын, тіл тазалығы жайлы пікір айтатын редакторлар өз ұсыныстарын жеткізіп жатыр. Сондықтан да аударманың сапасын қадағалайтын жаңа айтылған 90 адамнан тыс 100 оқулыққа жанашырлықпен қарайтын өзге де кең ортаны тартуды көздеп отырмыз. Алдағы 23 тамыз күні өтетін басқосудың негізгі мақсаттарының бірі осы» - дейді Аударма бюросының басшысы.