Жақында латын әліпбиіне қатысты ғалымдармен бір жобаға тоқтаймыз

Латын әліпбиіне компьютердің пернетақтасына лайықталған нұсқа арқылы көшуге болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең бірінші бастаған жұмыстардың арасына қазақтың жаңа әліпбиі енді. Жалпы,жазба тарихымыз өте тереңде жатыр. Бұл кириллицадан кетіп қалу саясатынан шығып отырған жоқ, яғни ол түбегейлі мәселе. Кириллицаның ішінде бізге керек емес әріптер бар. Осы әріптерді пайдалансақ, біздің тіліміздің негізін бұзып жібереді. Екіншіден, латын қарпіне көшкенде орыс тілінен кету дегенді білдірмейді. Алыпқашпа сөзбен кейбір саясаткерлер осыны айтады, әсіресе, орыс тілінде. Әліпби тек қана қазақтың тіліне байланысты мәселе. Орыстың тілінде кириллицада орыс басылымдары шыға береді»,-деп тоқталды Елбасы.

Осы орайда Президент орыс тілін білу елімізге керек екенін, ғылым мен техниканың көзі болып отырған салалар орыс тіліне көп аударылғанын, сондықтан бұндай мол дерек қорынан ажырап қалуға болмайтынын атап өтті.

Н. Назарбаевтың сөзіне қарағанда, латынға көшу негізді әрі орынды түрде жүргізілетін болады.

«Мысалы, біздің зиялы қауымның шығармалары қалып қоюы мүмкін деген пікір бар. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ, қазіргі уақытта әліпби жаңадан енгізілсе, компьютер арқылы қаріптерді тез арада аударып жіберуге болады. Осы тұрғыда менің ешбір күмәнім жоқ, ештеңе де артта қалып қоймайды»,-деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент үлкен жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.

«Жақында бір-екі мәтінін қарайтын боламын. Осымен айналысып жүрген ғалымдардың барлығын жинап, олармен бірге қарап, бір ірі жобаға тоқтайтын боламыз»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, латын әліпбиіне компьютердің пернетақтасына лайықталған нұсқа арқылы көшуге болады.

«Менің ойымша, алдымен әліпбиді даярлап, жариялап, байыппен енгізу керек. Жалпы айтқанда, қазір балалардың барлығы ағылшын тілін оқиды. Оның негізінде латын қарпі. Сондықтан ешқандай проблема болмайды. Бұл үлкен саяси мәселе және барлық елдерде солай болған. Ол қазақ тілінің мүддесі, яғни тілді сақтап қалуымыз үшін жасап отырған үлкен тарихи қадам»,-деді Президент. 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 тамыз 2017 г. 1 171 0