МЕКТЕП ҚҰРАЛЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Жаңа оқу жылының ­басталуына ­санаулы ғана күндер қалды. Соның нағыз нышаны – базар мен дүкен сөрелері мектепке керекті заттармен толып тұр. Бір немесе екі баланы ерткен ата-аналар мектепке керекті киімдер мен оқу-құрал жабдықтарын алуға кірісіп кеткелі қашан? Әрине, мектеп құралдары мен киім-кешек ата-ана қалтасына қосымша салмақ болады. Себебі, бір ғана емес, екі немесе үш баланы киіндіріп отырған отбасы қаншама? Осы орайда бір баланы мектепке даярлауға қанша қаражат жұмсалатынына зерттеу жасадық.

Баланы мектепке дайындау қай уақытта да оңай болмаған. Әрбір ата-ананың мақсаты – баласына сапасы бағасына сай жақсы зат сатып алу. Егер, әзірше бір балаңыз ғана болса, қаражатты үнемдеуге аса тырыспауыңыз мүмкін. Ал егер мектеп жасындағы 2-3 балаңыз болса, барлығын бір-бірінен қалыс қалдырмай, үнемді киіндіру жолдарын үйреніп аласыз. Ең бастысы, қажет тауарыңызды сатып алатын орынды дұрыс таңдай білу. Ол жердегі тауардың бағасы сіздің қалтаңызға ауыртпашылық салмайтын, ал сапасы ұнамды болуы тиіс.

Қосымша салмақ болмас үшін кей ата-аналар мамыр айла­рын­да мектепке қажетті оқу-құрал­дарын алып қояды. Дегенмен, кей ата-ана ол уақытта таңдауға мүмкіндік болмайтынын айтып жатады. Жаңа тауар тамыз айында болатындықтан сол уақытта сатып алған дұрыс деп есептейді. Тамыз айының бел ортасында базарларда мектепке қажетті тауар түр-түрімен сөрелерден орын алады. Оны сатып алушылар саны да арта түседі. Тұтынушыларды тарту үшін төмендетілген бағамен тауар ұсынатын дүкендерді кездестіруге болады. Базар бағасынан сәл ғана айырмашылық болғанымен, отбасы қаржысын кішкене де болса үнемдеуге мүмкіндік бар.

Қажетті тізімнің басында мін­детті түрде мектеп формасы тұрғандықтан кез келген ата-ана алдымен киімнен бастайды. Сонымен есептеп көрелік...

Бүгінде мектептерде бірдей форма болғандықтан, көп жағ­дайда ата-аналар оны тіктіріп жатады. Оны да тігіншілер әртүрлі бағада тігеді. Мәселен, қыздарға тек жакет, белдемше және гал­стуктың бағасы 9000 теңгеден жоғары. Бұл – тігіншілердің қой­ған бағасы. Ақ жейде сапасына қарай 3000 теңгеден жоғары. Туфлидің бағасы ұлдарға да, қыз­дарға да 5000 теңгеден басталады. Ал ұлдарға базарда қостюм-шалбардың бағасы бала жасына қарай 10 мың теңгеден жоғары. Ақ жейде 2500 теңгеден 5000 теңгеге дейін. Биылғы жылдың жаңалығы – әрбір мектептің эмблемасы. Оны тек мектептің ұсынған ательесінен мың теңгеге сатып ала аласыз. Қыздарға сонымен қатар, бантик, ақ гольфы, колготки, майка секілді майда заттардың өзі үш-төрт мың теңгеге барады.

Әрине, базар бағасы дүкен­дердің бағасынан жоғары емес. Бірақ сапасы жағынан сәл төмендеу болады. Өте арзан ұсыныстардан да сақ болыңыз. Мәселен, мектепке киетін киім, аяқ киім мен сөмкеге келетін болсақ, тым арзан заттар ұзаққа бармайтыны белгілі. Барлық ата-анаға бірдей, дүкеннен алуға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан, бүгінде базардың «наны» жүріп тұр. Киімге ақшаны үнемдегенмен, баланың аяқ киіміне аса мұқият болған дұрыс. Арзан аяқ киім ыстықтан терлеп, терлегеннен баланың аяғынан жағымсыз иіс шығып жатады. Мектеп жасындағы баладан жағымсыз иіс шығып тұрғаны, ортасына жақсы емес.

Мектепке қажетті басты «аксес­суардың» бірі – сөмке. Ол да ерекше талғамды қажет етеді. Төменгі сыныптың оқушыларына көбіне арқаға асып алатын сөмке алады. Оның да арқаны ауыртпайтын (ортопедиялық), баланың арқасына ыңғайлы етіп жасалғаны болып бөлінеді. Сөмкенің де материалына қарап алған абзал. Мектепке барған баланың күнделікті таситын мектеп құралдарын көтере алатындай етіп таңдамаса, ақша үнемдеп, арзанын аламын деп бір оқу маусымында екі немесе үш сөмке сатып алып жүрмеңіз... Әйтпесе, базардағы ең арзан сөмке 2000-нан бастап, 16 мың теңгеге дейінгі бағада.

Балаға дене шынықтыру сабағына спорт киімін және аяқ киімін алу керек. Көп мектепте барлығына бірдей ақ футболка мен қара жеңіл шалбар кигізеді. Ол да ата-анаға кішкене де болса көмек. Базардан бұл костюмды үш-төрт мыңға алуға болады. Ал спорттық киімдер 6 мың теңгеден жоғары. Спорттық аяқ киімнің бағасы да 3000 теңгеден басталады.

Дүкен сөрелеріндегі мектепке қажетті құрал-жабдықтар көздің жауын алады. Бағалары да сан алуан. Әрбір ата-ана қалтасының қалыңдығына қарай таңдай алады. Қаламсаптың бағасы 40 теңгеден басталады. Жазуын құртпайтын таза, сиясы ақпайтынын алғыңыз келсе, тоқсан теңгеден жоғары бағадағы гельді қаламсаптарды ала аласыз. Басында өшіргіші бар жай қаламның бағасы – 85 теңге, түрлі-түсті қарындаш (12 дана) 600 теңгеден бастап, фломастер  650 теңгеден, өшіргіш 25 теңгеден жоғары, сызғыш бағасы 70 теңгеден бастап, түрлі-түсті қағаз – 600 теңгеден бастап, акварель бояулар – 275 теңге, ермексаз 500 теңгеден басталады. Сурет сабағына арналған дәптердің ең арзаны – 150 теңге, одан да кем дегенде екеуін алып қоясыз. Сабаққа қажетті маңызды құралдардың бірі – күнделік. Олар да сапасына қарай бөлінеді. Бағалары да 250 теңгеден жоғары. Дәптер бағасы 15 теңгеден, әр балаңызға елу данадан аласыз. Дәптер және кітап қаптарыңыз тағы бар. Барлығы оқу-құралдарының өзіне әр балаңызға 5 мың теңгеден жұмсайсыз. Біз айтпай кеткен құралдар қанша?! Сапасы жоқ құралдарды бала сындырып, не алған өшіргіші дәптерін былғап жатса, екінші мәрте ба­зар­ға барып басқасын алуға тура келеді. «Арзанның сорпасы татымас» дегендей, қай заттың болмасын, ­сапасына қарап алуға кеңес береміз.

Осы тұста айта кеткен дұрыс, психологтар балаға мультфильм кейіпкерлері бейнеленген сөмке мен оқу-құралдарын алып бермеуге кеңес береді. Бала бар ой-ынтасымен тек сабаққа берілуі керек.

Осылайша бір баланы сабаққа дайындау үшін кем дегенде 25-40 мың теңгеңізді жұмсайсыз. Бала үшін қанша теңге жұмсаса да жарасады. Көрпесіне қарай көсілген әке-шеше жүректері лүпілдеп, бәрінен артық санаған баласына бар жақсысын алып беруге тырысады. Бірақ отбасында кем дегенде екі немесе одан да көп баласы барларға әрине, қиын.

Ал тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларға мектепке дайын­да­луға демеушілер қол ұшын соза­ды. Бүгінде көңілі мәрт аза­мат­тардың саны артып келеді. Еске сала кетсек, жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек күндері аралығында Қазақстанда «Мектепке жол» акциясы жүргізіледі. Акция аясында елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәр­биеленіп жатқан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Шынар БЕКБАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 тамыз 2017 г. 1 519 0