ОҢТҮСТІКТЕ ОРАҚ БАСТАЛДЫ

 Өткен сенбіде Шиелі ауданында 2017 жылдың күріш орағы басталды. Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Алтын Дән – Шиелі» шаруа қожалығының алқабында басталған бұл дала дүбірі үлкен салтанатпен аталып өтті. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев үлкен науқанды сапалы әрі қысқа мерзімде өткізу жөнінде хабарлама жасаса, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы құттықтау сөз сөйледі.

Ыбырай Жақаев ауылындағы «Алтын Дән – Шиелі» шаруа қожалығы бұл күндері аудандағы іргелі шаруашылықтың біріне айналып үлгерді. Жас маман Асқар Бердібаев басшылық жасайтын шаруашылық ауылдағы бірнеше ұсақ шаруашылықтың басын біріктіріп, бірлесе жұмыс жасаудың тиімділігін дәлелдеді. Нәтижесі де жаман емес, өткен жылы аудан чемпионы атанды. Ал биыл олар жалпы 1230 гектар жерге егін ексе, оның 900 гектары – Сыр маржаны. Шаруашылық басшының мәлімдеуінше, орташа әр гектардан 60 центнерден өнім алуға мүмкіншілік бар көрінеді. Агротехникалық шаралар уақтылы өткізіліп, дақыл дәрежесінде күтімге алынған. Суы толық, үстеп қоректендірілген. Міне, көп алқаптың суы тартылып, егін оруды қызу жүргізуге мүмкіншілік туды.

Биыл Шиелі ауданы бойынша жалпы 30 мың гектар егін ексе, оның ішінде күріш дақылы 13352 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2 мың гектарға артық. Сондай-ақ, көкөніс, бақша дақылдары мен екпелі шөп көлемі де молайды.

Алтын орақтың басталғанын паш ететін көк лента қиылысымен комбайншы Құрбан Даткеновтің жаткасы сартылдап жүріп кеп берді. Салалы күріш салысын алқапқа жығып, артында із қалдырып бара жатты.

– Сыр өңірін күрішсіз елестету мүмкін емес. Өйткені, шаруашылықтардың егіс алқаптарының басым бөлігі ауыспалы егіс тәсіліне бейімделіп жасалған. Бұл өнімнің мол болуымен қатар, жер күтіміне ерекше әсер етеді. Сондықтан байырғы дақылдың жаңа сорттарын молайтып, жаңа технологиямен еңбек еткен тиімді болмақ, – деді ол.

– Оның үстіне Елбасы тапсырмасына орай облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тікелей қадағалауымен жаңа саға басынан үрлемелі су қоймасы орналастырылды. Мемлекет қаржысына салынған маңызды нысан өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мәселен, дарияда су көлемі азайса да, жаңа құрылғы арқылы Шиелі ауданының алқаптары бұрынғыдай судан тапшылық көрмейді, – деп лебізін білдірді аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.

Иә, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста бірінші орынға көтерілген Шиелі ауданының диқандары өз биігінен төмендемеу мақсатын ұстанып, алтын орақты қысқа мерзімде аяқтауға жұмыла кірісті.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 тамыз 2017 г. 773 0