« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда қаласында «Шұғыла», «Нұр-Шұғыла», «Алтын Орда-Шұғыла» деп аталатын үш балабақша бар. Бұл балабақшаларда 1000-нан аса бала тәрбиеленіп жатыр, 250 адам жұмыспен қамтылған.
Атына заты сай шұғылалы, сәулетті ғимараттарды көрген адамның көзі тояды. Ал, бақшаның көк желек бақшасында асыр салған бүлдіршіндерді көргендегі сезімің бір басқа. Осы ел игіліктерін іске асырып отырған – «Нұр-Ай» серіктестігінің директоры, жеке кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев.
...Бірде «Шұғыла» балабақшасының ауласында қыдырыстап жүрген Сәкеңмен сырластық.
«Жаратушының пендесіне берген сыйы мол. Бірақ біз соны сезіне бермейміз. Адамның, әсіресе ата-ананың дүниедегі ең бақытты сәті – баланың қуанғанын көру. Бала қуанғанда оның жанына періштелер ұшып келеді екен. Не деген хикмет! Мен кейде осылай балабақша ауласын аралап жүремін. Біреулер жұмыс барысын бақылап жүр деуі мүмкін. Мұндағы жұмысқа менің қатысым жоқ. Барлығы жолға қойылған, әркім өзінің тиісті міндетін атқарып жатқанын білем. Менің жұмысым – бүлдіршіндердің қуанғанын көру, күлкісін есту. Анау гүлдерді көр де, балаларды көр. Сәбилердің күлкісі – терапия, құстың үніне де, судың сылдырына да ұқсамайтын, табиғатта баламасы жоқ бала күлкісінен жүрегің тынышталып, шаршағаның басылады.
Серіктестіктің тапқан пайдасын сауық орындарын құруға, сауда ісіне, мұнай саласына жұмсауға әбден болар еді. Ол да керек. Бірақ маған баланың мұқтаждығына қаржы салудан сауапты іс жоқ болып көрінеді. Сондықтан өзімнің қолда барымды, көп мүмкіндігімді осы жолға арнадым.» – деп еді сонда Сәкең.
Әдетте, мен істің адамымын деп жататындар бар, ал, Сәкең сөзге де терең, пәлсапалық ойлары санаңды сәулелендіреді.
Іске келсек, оның атқарған ісі ізгілікке жалғанып жүре береді.
Қызылордадағы жетім балалар үйінің бес тәрбиеленушісін ақылы негіздегі жоғары оқуға түсіріп, барлық оқу ақысын төлеп, олардың жұмысқа орналасуына қол ұшын созды. Асыраушысынан айырылған алты балалы ананың тұрып жатқан үйін күрделі жөндеуден өткізіп берді. «Досан» ауылындағы мектеп құрылысына 100 млн теңге қайтарымсыз қаражат салды. Бірнеше рет мектеп мұғалімдерінің Астанаға, Көкшетауға саяхаттап, демалып қайтуын қамтамасыз етті.
Мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарған ұжымдардың басында осы серіктестік тұр. Облыс бойынша типтік жобадағы мектептер құрылысын салуды алғаш болып қолға алған да Сейітқали басқарған серіктестік болды. Ондай мектептер Қызылорда қаласында, Тереңөзек кентінде, Майлыбаев, Талсуат, Сұлутөбе ауылдарында бой көтерді. Байқап отырсақ, Алшынбаев атқарған жұмыстың көбі балалар игіліне айналыпты. Шын мәнінде Сәкеңнен «Сіздің балабақшаны бәрінен жоғары қоятын ісіңізден қайтарым бола ма?» деп сұрайтындар да бар. Рас, балабақшадағы бала үшін ата-ананың төлейтін ақысы сол баланың өзіне жұмсалады. Мұндай сұраққа Сәкең: «Мың төрт жүз баланың шаттығы мен қуанышы менің таусылмас байлығым емес пе?» деп жауап береді.
«Кеудемнен жанымды алсаң да, жүрегімнен иманымды алма» деп дәретсіз жер баспаған аталарының адал жолынан айнымаған Сәкең де бес уақыт намазын қаза қылмайды. Қоғамдағы жат әдеттер мен жамандық шақыратындарға жаны күйінеді. Мен бірде ол кісіге:
«Кеудеңнен төгілгендей күй күбірі,
Түлейді тұлғаңнан ел игілігі.
Жүрегіңе жүлгенің орны батып,
Қинайды замандастың қилы мұңы»
– деп жыр арнап едім. Осы сөз Сәкеңнің болмысына баға болмаса да, бағам болады. Не үшін бар күш-жігерін балаға жұмсайтынын да осы жерден түсініп қаласың. Бұл болашағым жарқын болсын, жас өскін заманының жылы алақанынын сезініп, жақсы әдетті бойға тоқысын дегені де. «Тамағымнан өтсе де, жүрегіме жетпесін, жүрегіме жетсе де, ұрпағыма кетпесін» демеуші ме еді, ақындар. Сәкеңнің кеудесі де өткен күндердің кесір қиыншылықтарын бүгінгі ұрпақ көрмесін деп тілейді.
Сәкең сол үшін де ешқашан жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген емес. Құрсағы аш болса да көңілі тоқ болғанын, ұйқысы шала болса да, ұстыны бүтін болғанын ойлады. Еңбек тау болса, арқан салып өрмеледі, көл болса, кеме салып жүзді, әйтеуір сонау 1981 жылы слесарь болып бастаған қадамынан бергі отыз алты жылда талай қиындықпен күресіп, өзін еңбектен екі елі ажыратпай осы күнгі абыройына жетті. Омырауына тәуелсіз еліміздің «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрмет» орденін тақты. Қызылорда қаласының құрметті азаматы атанды.
«Біз «жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» деген еді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Міне, осы сүбелі сөз бүгінгі біз әңгімелеп отырған Сейітқали Алшынбаев сияқты ақберен азаматтардың бейнесі.
Бүгінде «Нұр-Ай» құрылысшылары «Алтын Орда - Шұғыла» мектепке дейінгі мекемесінің Алматы қаласындағы филиалын пайдалануға беруге жақындап келеді.
Жақында Сәкеңмен телефон арқылы тілдескенімізде осы жұмыстармен танысқан Алматы қаласы әкімшілігінің алғыс білдіріп, «Біз сізді Елбасы айтқан еліміздегі жүз жаңа есімнің қатарынан көріп отырмыз» деп көтермелегенін айтты. Еңбек еленіп, рахметке лайық болғанға не жетеді. Бұл жұмыс С.Алшынбаев басқаратын серіктестіктің еліміздің қай қаласында болса да абыройлы еңбек ете алатындығының айғағы.
«Балаға жұмсалған қаражат – болашаққа салған кепіл» дейді Сәкеңнің өзі. Бұл – қарақан басыма қайтпаса да, қараорман халыққа пайдалы бір іс игілік жасадым деп батыл айта алатын адамның сөзі.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |