Нұрсұлтан Назарбаев: Жол - туризмді дамытудың негізгі шарты

Жол - туризмді дамытудың негізгі шарты. Мұндай пікірді «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Етек-жеңімізді жинап, экономикамызды жөндеп, қаражат жинағаннан кейін бұл мәселеге (туризмді дамытуға) де келдік. Оған дейін орысша айтқанда «не до этого» болды. Алдымен елдің жағдайын түзеп, елге жұмыс беріп, экономикамызды көтеру керек болды. Енді бұл салаға да жақындадық, қолға алатын кез келді. Дүниежүзінде туризм барлық әлемдік экономиканың 10 пайызын құрайды. Бұл өте үлкен көлем. Бізде әлі өте аз. Мысалы біз 2025 жылға дейін экономикамыздың 8 пайызын туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Рухани жаңғыру, экономикамызды түзеу, инфрақұрылым, «Нұрлы жол» - барлығы осыған байланысты. Қазақстанда көретін жерлер, баратын жерлер көп. Даланың өзі, таудың өзі басқа елдер үшін өте қызықты. Көрсете білуіміз керек. Мына жүргізіп жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасының мағынасын қазақ әлі түсінген жоқ. Біз тарихымызда, еш уақытта ұлан-ғайыр жерімізде мұндай жолдар салғанымыз жоқ. Мысалы оңтүстіктің азаматтары мұндай даңғыл жолмен өмір бақи жүріп көрді ме? Қазір Шымкенттен Алматыға келу, Шымкенттен Ақтөбеге жету көзді ашып-жұмғанша. Астана мен Бурабайдың арасындағыдай жолдар салынды. Ол жол -Қытайдың шекарасынан Алматыны, Жамбылды, Оңтүстік Қазақстанды, Қызылорданы, Ақтөбені басып өтіп, Ресейге шықты, 2700 шақырым», - деді Елбасы.
Осы ретте Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Астанадан күннің сәулесіндей барлық өңірге жолдар салынып жатқанын атап өтті.
«Оны ақпарат құралдарынан әр уақытта көрсетіп отыру керек деп ылғи айтамын. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жететін мәселе. Елдің ішкі экономикасы даму үшін қарым-қатынас болу керек, ол жылдам болуы тиіс. Тальго пойызы жүре бастаған кезге дейін Астанадан Алматыға 26 сағат жүретін едік, қазір 11 сағатта жетеміз. Астанадан Павлодар, Павлодардан Семейге, Семейден Өскеменге дейін жол салынып жатыр. Астанадан Қарағандыға дейін жол түсті. Қарағандыдан Алматыға дейін жеткіземіз. Астанадан Қостанай арқылы Ақтөбеге, Ақтөбеден Атырауға саламыз. Салынып жатқан ішкі жолдарды айтып отырғаным жоқ. Оралдан төмен қарай жол түседі. Сонда елдің елордасы бүкіл Қазақстан жерімен байланыста болады. Ол жолаушылардың жол жүруіне пайдалы екені рас. Жаңағы айтып отырған туризмді дамытудың негізгі шарты - осы. Егер келген адамдар Қазақстанды шарлап жүре алатын болса, мынадай жолмен жүрудің өзі қандай рахат. Қандай машинаң болса да, 150 шақырыммен жүйткіп отырасың. Сол жолдың бойында неше түрлі қонақүйлер, шағын бизнес дамиды», - деді ҚР Президенті.
Елбасы небәрі 2 жылдың ішінде Қытайдан - Каспий теңізіне дейін теміржол салынғанын да еске салып өтті.
«Жұрт байқамай да қалды. Біз екі жылдың ішінде Қытайдан бастап Жезқазған арқылы Каспийге дейін 1500 шақырым теміржол салдық. Кеңес одағында БАМ деп бүкіл одаққа шуылдатып, комсомолдық құрылыс деп барлығын жинады. Біз үндеместен-ақ 1500 шақырым жол салып тастадық. Сол жолдың бойында иен далада, бетпақ далада станциялар, тұрғын үйлер, ауылдар, тамақтанатын жерлер, көлік тоқтайтын жерлер пайда болды. Бетпақ далада өмір пайда болды. Жол - экономиканы жоғары көтеретін ең күрделі мәселе. Біздің қазір салып жатқан жолдарымыз балаларымызға, немерелерімізге, шөберелерімізге жетеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті туризмді дамыту үшін жол, инфрақұрылым, сапалы қызмет қажет екендігін атап өтіп, олар дұрыс жолға қойылғанда мол қаржы табуға болатынын айтты.
«Туризм әуежайдан, теміржол вокзалынан басталады. Өздеріңіз көрген әуежайды салдық. Үш миллиондық әуежайды 8 млн. адам қабылдайтындай жасадық. Ол терминал дүниежүзіндегі ең үздік технологиямен жабдықталған. Ал темір жол вокзалының (Астананың Нұрлы жол темір жол вокзалы) ауқымы Мәскеудегі Қызыл алаңмен бірдей. Соны көргенде «Қазақстанның мынадай жағдайы, мүмкіншілігі бар, баруға болады, келген қонақтарды жақсы қарсы алады, жататын жері, көретін дүниесі бар екен» дейді. Қазір Мәдениет министрлігінің ішінен арнайы туризм жөнінде комитет, компания құрып, осы істі қолға алайық деп отырмыз», - деді Мемлекет басшысы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 тамыз 2017 г. 574 0