МЫҢ ЕСТІГЕННЕН БІР КӨРГЕН АРТЫҚ

Жол басы

ЕХРО халықаралық көрмесі туралы соңғы 2-3 жылда естігеніміз бен оқығанымыз бір кітапқа жүк боларлықтай. Алты құрлықтағы әр елдің энергия өндірудегі жетістіктер шеруін  Астанада өткізу оңай тірлік еместігін әрбір қазақстандық ұғынды. Көрме туралы ақпаратқа жаңалықтың күре тамырын басып отыратын журналистер қауымынан бастап, шалғай ауылдағы қойын құрттап, айранын ұрттап жүрген ағайын түгел қанықты. Дегенмен, мың естігеннен бір көргеннің бәсі қашанда артық.
«Сыр медиа» ЖШС-ның 20 қызметкеріне Астана сапары ұйымдастырылғанда оған баратындардың басым көпшілігі техни¬калық құрамнан болу керектігі назарға алынған екен. Өйткені шығармашылық құрамға, яғни журналистерге Елордаға барудың реті әрдайым келіп тұрады. Екі облыстық, жеті аудандық, қалалық және жастар газеттері, баспахана мен ақпараттық талдау орталығының техникалық мамандарынсыз басылымның күнделікті тірлігін елестетудің өзі қиын. Сондықтан ортақ жұмыстағы әріптестеріміздің еңбегіне осылайша қолдау көрсетілуі құптарлық.

Алдымен әрине, ЕХРО...

Сапар Қызылорда облысының Астанадағы мәдениет күндері¬мен сәйкес келгендіктен, бас қаладағы 4 күн алдын ала жоспарланды. Бірінші күн, әрине, ЕХРО-ға арналды. Көрме басталғалы бері оның өту барысы туралы тараған ақпараттар сан алуан. Оның бірталайының әншейін дақпырт екеніне көз көрген соң барып қанықтық. «ЕХРО-да адам аз екен» дегенді естігенде, ат шаптырым аумақтың қаңырап бос жатқаны елестеген. Кассаға кезекке тұрып билет ала бастағаннан-ақ бұл бос әңгіме екенін түсіндік. Көрмеге барған адамға алып шардың фонында суретке түсу орындалуы тиіс рәсімдей болып кеткендіктен, барлығымыз сап түзедік.
Әрине, көрмені аралауды бірінші кезекте өзіміздің «Нұр- Әлемнен» бастадық. Корей елінің павильонына кешкі 6.30-да кіретін болып кезек қойдық. «Нұр Әлемнен» алған әсеріміз «Сыр бойында» бұрын жарияланғандықтан, басқа елдердің көрмелері туралы аз-кем айта баяндайын.
Басқаларды қайдам, Катар елінің павильоны көзіме бірден түсті. Бәлкім, жанарды арбайтын жылтырақтармен безендіріп қойғандықтан болар. Бір жағынан әлемдегі көмірсутекке бай елдің баламалы энергияға көзқарасы қызықтырды. Дүниежүзіндегі ең бақуатты мемлекет «қара алтынның» дәуірі түбінде аяқталатынын болжағандықтан, күн энергиясын өндіруге мықтап бет бұрған. Дініне берік ел болғандықтан, не нәрсені де үнемдеп пайдалануды, оның ішінде энергия үнемдеуді қатты қадағалайды.
Негізі павильон 3 бөліктен тұрады. Біріншісі – елдің өткеніне,  екіншісі – қазіргі дәуіріне, үшіншісі – болашағына арналған. Катар¬дың інжу өндіруден басталған тарихы аннимациямен берілген. Мұнда күн энергиясымен жабдықталған ғимараттардың суреттері де бар. Үшінші бөлік түгел айнамен қоршалған, оған бас сұққан адам, әрине, өзін көреді. Бұл «адам энергиясы – басты капитал» дегенді ұғындыру үшін жасалыпты. Сондықтан елде спорт, білім мен ғылымға басты назар аударылған.  Катар павильонының соңғы нүктесі – әйелдердің қолына қынамен сурет салу шебері. Бұл жердегі кезектің жуық арада азаймайтынына көзіміз жеткен соң әрі қарай аяңдадық.
Румыния халықаралық көрмеге әлемдегі ең жылдам лазердің макетін әкеліпті. Лазердің қуаттылығы күн энергиясының 10 ¬пайызына тең, яғни 300 шаңсорғыштың күші бар. Осы салада мол тәжірибесі бар елдің ұсынған жаңалықтарын көрушілердің қарасы қалың. Бұл елде энергияны судан, желден, күннен өндірудің, оны үнемдеудің өзіндік жолы қалыптасқан.
Көрмені аралау кезінде бұрын атын да естімеген экзотикалық елдердің павильондарын көруге мән бердік. Осы оймен Кариб қауымдастығы плазасына бардық. Антигуа және Барбуда, Барбадос, Белиз, Гаити, Гайана, Гренада, Куба,  Сент-Винсент және Гренадиндер, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Доминик достастығы, Суринам,  Ямайка сияқты атаулардың бірді-екісі ғана таныс.    
Бұл қауымдастыққа кіретін 15 елдің 12-сі Астанаға келген. Кариб теңізін жағалай орналасқан елдердің көбісі адам аяғы баспаған көз тартар әсем табиғатымен ерекшеленеді. Бытыраған шағын аралдар көп. Жағалау төмен орналасқандықтан табиғи апаттар жиі болады. Қазба байлығы жоқ, энергия көздеріне зәру болғандықтан «Болашақ энергиясы» тақырыбына аса қызығушылықпен қатысып отыр. Бұл павильонда кариб ромына, кофесі мен шоколадына, түрлі соустарына, какаоға, жеміс шырындарына дегустация жасалып тұрады.
Кезегіміз келгенде Корей елі павильонына бас сұқтық.  Корей¬лердің баламалы энергияны өндіруде, жалпы инновацияда үздік болуы бұл елдің көрмесіне қызығушыларды кезекке тұрғызып қойды. Оның үстіне бұл елдің көрмесі  ең үлкен аумақты алып жатыр. Таң самалы елінің өкілдері келген қонақтарды қазақша сәлемдесіп қарсы алды. Келушілер назарын үлкен экранға аудартып, ондағы ақпараттық ролик арқылы энергетикалық саланың жаңашылдықтарын баяндады. Қазақ баласы Астанның ¬Чеджу аралындағы қураған ағаш¬тарды құтқару тарихы, Ара қыздан жаңа энергияның қуаты туралы білгені аннимациялық фильмге жүк болыпты. Инновациялық әлеуетін ІТ технологиялар арқылы танытқан халық жарық, су, жылу берудің ақылды жүйелерін ойлап тапқан. Электр қуатын ысырап қылмауды көздейтін технологияларымен әлемде көш бастап тұрғаны тағы бар.
Павильонның келесі бөлігіне өткенде келушілерге бір-бір планшет таратылып, оның сыйлық еместігі қайта-қайта ескертілді. Содан бір-екі күн ілгеріде осы жерден «20 планшет ұрланды» деген хабар желдей ескен-ді. Артынша Корей павильонының комиссары бұны жоққа шығарды. Мұндағы жарық пен энергия орманына келген адамдарға планшеттегі видеодан Кореяның негізгі энергетикалық технологиялары туралы көрсетілді.

Этноауылға саяхат

Ертеңіне Астананың  сыртындағы «Қазанат» ипподромына орналасқан этноауылда Қызылорда облысының мәдени күндері  бастау алды. Ақ шаңқан үйлер тігілген  ат шаптырымдай аумақта халқымыздың бай тарихымен, мәдениетімен және дәстүрімен танысуға мүмкіндік жасалған.
Ата-бабаларымыздың саятшылық, аңшы құстар және  тазымен аңға шығу дәстүрі, ұлттық ойындары келушілерге таныстырылуда.  «Қыз қуу», «Теңге алу», «Алтыбақан» және т.б. ойындардан көшпелілердің тұрмыс-тіршілігіндегі ерекшеліктер, жігіттердің батылдығы, қыз баланы сыйлау дәстүрі анық көрінеді. Нысананы көздеушілер садақ атудан жарысқа түсіп, дәлдік пен ептіліктерін сынап жатыр.
Сол күні этноауылдың «Шеберлер» секторына Сыр елінен барған қолөнер шеберлері орналасты. Келген қонақтар шеберлер жасаған туындыларды тек сатып алып қана қоймай, жасалу барысына да қанықты. Зергерлік бұйымдар, ағаш бұйымдар, кілем, ат әбзелдері, сызба, кесте, киізден жасалған бұйымдар әсіресе, турис¬терге таңсық.  
Есіктен бас сұққан қонағына қонақасы бермей қайтармайтын дәстүрімізді этноауылдағы ұлттық тағамдар секторы айқындап тұрғандай. Жаюлы ақ дастарханнан дәм татудың және дәстүрлі сусындар – қымыз бен шұбат ұсыну мейманға жасалатын мезірет екені шетелдік қонақтарға түсіндірілуде.  
Сол күні Астананың орыс театрында Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклін біздің облыстық театрдың ұжымы сахналады. Көрерменіне рухани ләззат сыйлаған әдемі кешке барлығымыз куә болдық.

Арқада жер жетпейді Бурабайға...

Астанаға келіп тұрып, іргедегі Бурабайды көрмей кетсек, сапарымыз толыққанды болмас еді. Астана мен Шортанды арасындағы жолдың ұзақтығы Арқаның кербез сұлуына тамсануымызға бөгет болмады. Оның үстіне, арамызда Бурабайға бұрын жолы түспегендер бар.
Сол күні Бурабайда ауа райы 17 градус салқын болып тұрды. Біз сапарға аттанған күні Қызылордада күннің ыстығы 40 градус¬тан асқан еді. Өзімізде аптап ыстық болса да, Астанаға жылы киімсіз жолға шықпайтынымыздың пайдасы тиді. Сәкеннің ¬«Көкше¬тауында» суреттелгеніндей «жан-жақтан ертелі кеш бұлт¬тар келіп», Бурабайдың сұлу бетін жауын дамылсыз жуып тұр екен.
Алдымен «Жұмбақтасқа» тоқтадық. Бурабай көлінің жаға¬сындағы қайықшылар көл ортасындағы «Жұмбақтасқа» апаруға сақадай сай отыр. Қауіпсіздік күртешелерін таратып, ескектерін сайлай бастады. Қайықшы жігітті сөзге тарттық. Мұнда моторлы қайықтар тек құтқару шаралары кезінде ғана жүзеді екен. Қалған уақытта катамарандар мен ескекті қайыққа ғана рұқсат берілген. Тұмса табиғаттың тыныштығын бұзбау үшін бұл аса керек шара.
Көгілдір шығанақтан қарағанда қыз бейнелі, қарама-қарсы жағынан қарағанда кемпір бейнелі «Жұмбақтас» отандық туристер ең көп келетін нысан екенін тас бетіндегі шимай жазулар айғақтап тұр. Келушілер тастарға атымды жазсам, тарихта қалам деп ойлайтын болуы керек. Бірақ бұл  әрекет «Жұмбақтастың» келбетін бұзып жатыр.
Сол маңайдағы тау бөктеріне аздап тынығып, табиғат аясында тамақтануды жөн көрдік. Көкке бойлаған қарағай, қайыңның иісіне, көз арбаған сұлулыққа қанша қарасаң да тоймайсың. Мұндағы асханалар бағасы туралы алдын ала зерттеп білдік. «Тамақтанатын орындардың бағасы қалтаға әжептәуір салмақ болады» деген білетіндер. Расында, Астанаға қайтар уақытта кафеге бас сұққанда, бір шыныаяқ шайдың бағасы – 150 теңге, бір тәрелке бауырсақ 500 теңге болды.
Келесі бағыт – Абылай хан алаңы.  Көне аңыздарға қарағанда дәл осы жерде хан ордасы орналасқан. Үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызы бар мәселелерді шешкен дейді. Алаңның жоғарғы жағының орманға кірер тұсында «Хан тағы» деген тас бар. Оны бүгін адам аяғы баспас үшін темір қоршаумен қоршап қойған. Елінің амандығы, жерінің тұтастығы үшін арпалысып өткен бабамызға тақ болған осы тасты жұрт кие тұтып, қастерлейді.

Қайта айналып келгенше, Астана!

Ертесіне Астанаға Сыр бойының дәм-тұзы жетті. «Қазақстан» спорт кешені маңайындағы жәрмеңке базарға айналды. Көліктерін балық пен күрішке, қауын-қарбызға толтырып алып жатқан астаналықтар дән риза.
Бас қаладағы соңғы күнді мұндағы көрікті орындарды аралаумен жалғастырдық. «Әзірет сұлтан» мешітіне, «Хан шатырына», «Бәйтерекке» бару, ЕХРО-ны тағы бір мәрте аралау жоспарын орындадық.
Астанаға екі жылдан бері жол түспеп еді. Халықаралық көрмеге дайындық барысында қала барлық жағынан дамыпты. Бір қарағанда мұндағы қызмет көрсету саласы ЕХРО-ға келушілерге қызмет көрсетуге машықтанған сияқты. Такси жүргізушілері, қонақ үйлер, жалпы сервис жағы шетелдік және отандық туристердің қолайына қарай жұмыс істеп тұр.  Құрылыс крандарында есеп жоқ. Бұл Астананың әлі де кеңейетінін білдіргендей.
Пойызға жайғасып алған соң әріптестер халықаралық көрмеден, елордадан алған әсерлерін бөлісіп жатты. Күнделікті жұмыстан бір сәт босап, осындай сапарға шығу қызметкерлерге үлкен стимул болғаны бірден аңғарылады. Бір мекемеде жұмыс істегенмен, кейде бір-бірімізден хал сұрауға уақыт болмайтынын несіне жасырайық. Осы сапар бәрімізді бір үйдің адамындай жақын етті.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 тамыз 2017 г. 1 645 0