Мемлекет қолдауы аясында өңірімізде шағын және орта бизнестің әлеуеті артып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтыған кәсіпорындардың қатары көбейіп келеді. Мәселен, аудан бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға, яғни 56-ға артты. Онда 8201 адам жұмыс істейді.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін пайдаланып, кәсібін мал шаруашылығынан бастаған тұрғындар жыл өткен сайын төрт түліктің басын көбейтуге күш салуда. Мал саны артқан сайын оларға жем-шөп жеткізудің өзі қиындай түсетіні анық.
Міне, осыны ескерген кент тұрғыны Мейірхан Ажібеков мал азығын өңдеу ісін қолға алды. Жобаны ойдағыдай жүзеге асырған ол “Сыр жемі” цехын іске қосып, алғашқы өнімін шығара бастады. Нысанның ашылуы алдымен, ауданда мал шаруа¬шылығының дамуына серпін берсе, келесі кезекте бәсекелестікке қабілетті жергілікті өнім нарық бағамын реттемек. Шағын зауыт сағатына 3 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Әзірге цехта 3 адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта, жемге сұраныс артса, жұмысшы қатары көбейіп, цехтың өндіріс қуаты еселенбек.
– Жем шығарумен айналысуды біраз жылдан бері жоспарлап, осы салада тұрақтап қалу үшін жергілікті нарықты зерттедім. Ауданда жем өнімін шығару жеке кәсіпкерлік тарапынан қолға алынбағанын білген соң, «Даму» қорының кепілдендіруі арқасында тиімді шарттармен банктен несие алып, цех құрылысын бастадым. Жем сақтау қоймасының сыйымдылығы 300 тонна. Онда жем диірмені мен өнімді өлшеу, сапасын бақылауға арналған цех құрылғылары орналасқан. Мұнда шығарылған жем әзірге нарыққа бейімделе қоймады. Десе де, ашылғанына көп болмаған “Сыр жемі” өнімін алыс-жақын ауылдардан сұрап келушілер күннен-күнге көбейіп келеді, – дейді кәсіпкер.
“Ажибеков” жеке кәсіпкерлігі жемге қажетті шикізатты жергілікті егін шаруашылықтардан жеткізуде. Қосымша, күріш ұнтағын алуға “Абзал и К” серіктестігімен келісім жасауда. Сонымен бірге, Қарағанды, Қостанай облыстарынан арпа, бидай әкеліп, құрама жем шығаруды көздеп отыр. Ең бастысы, мал азығы өзімізде өндірілгендіктен, оның сапасы жоғары, бағасы қолайлы болатыны сөзсіз. Кәсіпкердің айтуынша, жем құнарлы болса, оған сұраныс та көбеймек. Сондықтан ол бірінші кезекте сапаға, екіншіден шикізаттың құнарлығына мән береді екен.
Жалпы, аудан халқының басым көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қамтуға талпынып, мемлекет ұсын¬ған көптеген жеңілдікті тиімді пайдалануға тырысуда. Ресми деректерге сүйенсек, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы құны 299 млн теңгені құрайтын 8 жоба екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылып, өңірлік үйлестіру кеңесінің оң қорытындысына сәйкес пайыздық мөлшері субсидияланған.
Ал, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Жалағаш ауданының 2016-2020 жылдарға арналған Кәсіп¬керлікті дамыту картасы» әзірленіп, соның нәтижесінде кент, ауылдық округтердің ұсыныстары негізінде 2017-2018 жылдары жалпы құны 2 млрд 226 млн теңгені құрайтын 102 жобаны іске асыру, 623 жаңа жұмыс орнын ашу межеленіп отыр. Бүгінге дейін, мұның 14 жобасы іске асырылып, 90 жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікті дамытуға жаппай ден қойған ағайындардың бұл жоспарлары жүзеге асса, жұмыссыздық саны азайып, аудан экономикасы еселенері анық. Ең бастысы, нарықта халыққа қолжетімді жергілікті өнім¬дердің ауқымы кеңеймек.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
Жалағаш ауданы.