Биылғы шаруашылық жылында Жаңақорған ауданының диқандары 31617 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді межелесе, өз мүмкіндіктерін тағы бір саралып, оны нақты 34799 гектарға жеткізді. Бұл алғашқы межеден 110% ға артық деген сөз.
Аудан бойынша дәнді дақылдар 12773 гектарға себілсе, оның 9967 гектары – күріш, 2012 гектары – күздік бидай, ал жаздық бидай көлемі 100 гектар болатын-ды. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданында тары дақылына маманданып, оны тиімді өңдей алатын жеке шаруалар қатары мол, мәселен, Қыркеңсе, Қаратөбе, Қандөз, Көктөбе тұрғындарының басымы осы дақылды егуді қолай көреді. Сонымен биылғы жылы ауданда 300 гектардан астам тары дақылы егілсе, 400 гектарға таяу дәндік жүгері де орналастырылды. Ал техникалық дақылдар 2500 гектарға жеткізілді. Ауыспалы егіс алқаптары жүйесін сақтауға және жер құнарылылығын арттыруға өте қажетті жоңышқа шөбінің көлемі нақты кезеңде 17 мың гектарға тақалса, оның 12165 гектары шығымдылығы да жақсы, өнімі де мол ескі жоңышқа.
Елдегі әрбір атқарылар шаруаның Үкімет бағдарламаларына сай жүзеге асырылуы оның нақты кезеңдегі тиімділігімен қатар болашақтағы істің де ауқымына игі ықпалын тигізері сөзсіз. Жаңақорған адуанының жаңашыл әкімі Ғалым Әміреев нарық талаптарын жіті сезіне отырып, әр істің баянды өрілуіне бас болып жүреді. Осы орайда оның Мемлекет басшысының биылғы жыл басындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жергілікті жерде жүзеге асыруды басшылыққа алып, суармалы жерлердің көлемін арттыру мен тиімділігін молайту тұрғысында көптеген жұмыстар ұйымдастырды. Соның бірі осы ағын суды тиімді пайдалану еді. Нәтижесінде Сыр өңірінің басты дақылы – күріштің көлемін жылдағыға қарағанда 2000 гектарға арттырып, жалпы оны 10 мың гектарға жақындатты. Әкім бастамасын дұрыс түсініп, қарқынды еңбек еткен ірі шаруашылықтар мен жеке шаруа қожалықтары жаңа технологияны тиімді жүзеге асырды. Бұрындары инженерлік жүйеден өткізілген танаптарды осылай қайта қатарға қосу жұмыстары да бірге іске асырылды. Қазіргі жағдайға қарағанда, төккен тердің нәтижесі көңілден шығатын түрі бар.
Аудан басшысының тағы бір жаңалығы – күріш дақылының жоғары репродукциялы сорттарын енгізу бағыты. Бұл орайда біршама жұмыстар атқарылып, сорт алмастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. «Маржан» сортты күріш тұқымының жоғары репродукциясы, «Лидер», «Фаворит», «Лазур», «Искандер» сорттарына ауыстырылды. Биылғы жылдан бастап «Агрохолдинг Байқоңыр» корпорациясы «Түгіскен тұқым шаруашылығымен бірлесіп Ресейдің «Фаворит» сортын егу жұмыстарын жүргізе бастады. Мұның да тиімді жағын жуық арада байқайтын боламыз.
– Ағымдағы жылы егілген 9967 гектар күріштің суын тарту жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі таңда оның 1100 гектарының суы тартылды. Сондай-ақ, үлкен алқаптарда ору жұмыстарын тездету мақсатында комбайн қозғалысының жолдары тегістеліп, дайындалуда. Егін орағын 20 тамызда бастап, қысқа мерзім аралығында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Үлкен жауапты науқанға қажетті техника, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілді. Атап айтар болсақ, аудан бойынша 2017 жылғы күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағамен 2275 тонна дизель отыны бөлінді. Оның 1000 тоннасы ауданға жеткізілді. Дизель отынын қажет еткен шаруашылық құрылымдары жанар-жағармайды еш кедергісіз алып, дала қостарына жеткізуде, – дейді аудан әкімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша орынбасары Ғалымжан Сопбеков өз сөзінде.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметінен егін орағына қатысуға тиіс 201 трактордың – 193 данасы, 100 дана комбайнның – 97 данасы, 29 жатканың – 27 данасы, 50 жүк көлігінің – 50 данасы және 101 дана трактор тіркемесінің 97 данасы дайын екендігін білдік.
Әкім орынбасары тарапынан егін орағының соңынан іле-шала жүргізілуге тиіс келесі жылдың егісі үшін 7000 гектар сүдігер айдау және 1500 гектарға күздік бидай дақылын егу жұмыстарына да дайындық қоса жүргізіліп жатқандығына қанықтық. Міне, бір саламен тоқырап қалмай, кешенді жұмыс ұйымдастыру қазіргі уақыт талабы, оның үдесінен шығу үшін, әрине, осылай жүйелі жұмыс пен тыңғылықты дайындық керек.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.