14 тамыз күні Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің амфитеатрында қазақ эстрадасының жұлдыздары мен Сыр өңірі өнерпаздарының қатысуымен «Сырдария – Жырдария» атты өнер шеберлерінің гала - концерті өтті. Сонымен қатар, гала-концерт аясында Халықаралық ғарыш станциясындағы 52-экспедиция экипажымен телекөпір өткізіліп, ғарышкерлер Федор Юрчихин мен Сергей Рязанский Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдады.
Концертте «Томирис» би ансамблі, жыршы, термешілер – Алмас Алматов, Күнсұлу Түрікпен, қазақ эстрадасының жұлдыздары – Мәдина Сәдуақасова, Рамазан Тайманов, Серік Ибрагимов, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансаблі және т.б өнер көрсетті.
Мерекелік шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Сонымен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, белгілі спортшылар Илья Ильин мен Александр Зайчиков мереке қонақтары болды.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 10-14 тамыз күндері Қызылорда облысының мәдени күндері өткізілген болатын.
***
Қызылорда облысының мәдениет күндері аясында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Г.Остердің «Мазасыз тиін» спектаклі сахналанды. Қойылымды көрермен назарына облыстық фи¬лар-мония жанындағы «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясының өнерпаздары ұсынды. Жас өнерпаздардың қойылымын тамашалауға келген кішкентай астаналықтар көңілді кеш, мағыналы спектакль әкелген студия ұжымына ризашылықпен қол соқты.
Сондай-ақ, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы М.Горький атындағы Мемлекеттік драма театрында әзірбайжан жазушысы М.Ахунзаденің «Кетпейсің. Болды кетпейсің...» спектаклін қойды.
Оқиға Карабахтағы бай шаруаның сарайында өтеді. Гатамхан мен Шахрабану ханымның үлкен қызы – Шарафнисаның жасауы жасалып, тойдың күні белгіленіп қойған. Алайда бұл жайттан күйеу жігіт Шахбаз бек хабарсыз. Оның бар ойы – елінде қонақ боп жүрген мьсе Жорданмен бірге Францияға бару, тіл үйрену. Бар мәселе осында болып тұр. Шет елдің мәдениеті мен тұрмысы кімді болмасын қызықтырады емес пе?! Шахбаз бекті де қызықтырып, Парижге жетелеген осы қызығушылығы. Жас бектің қалауын жұрттың бәрі естігенде оқиға қыза түседі. Беттерін ашып, жалаңбас жүретін француздың сылқым қыздарынан күйеу жігітін қызғанған Шарафниса ханымның қызықты қылықтары спектакльде нанымды суреттелді.
Спектакльге Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов қатысты. Ол театр өнерпаздарының шығармашылық шеберліктеріне алғысын білдіріп, Елордадағы облыстың мәдениет күндерімен құттықтады.
***
«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясында Қызылорда облысының мәдениет күндері өтетіні ту¬ралы хабарға елеңдеген ағайын ең алдымен жырдан маржан шашқан Сыр сүлейлері ізбасарларының өнерін тамашалауға асықты. «Сыр сүлейін сұрасаң» атты жыраулар концерті руханиятымыздың алтын тамыр тірегіндей, ұлт болмысымыздың жүрегіндей бүгінге жеткен дәстүрлі өнерді тағы бір мәрте шырқау биікке көтерді. Ескіден жеткен есті сарын жырсүйер қауымның санасында жаңғырып, өскелең ұрпақтың құлағына сіңді.
Жыр көшін Р.Ахметов Оңғар жыраудың «Бастауымен» және «Қасиетті Сыр елім» әнімен бастады. Көшкенде қалған жұрттан жыр жинап, көрме жасаған Сыр сүлейлерінің ізбасарлары – Ж.Төлебай, М.Сәрсенбаева, М.Бекпейісов, Ә.Қуаңбаев, Ш.Бимбетова, Б.Төлеубаев, З.Баймырза, М.Сүгірбай Нұртуғанның «Құлақ салып сөз тыңда», Нартайдың «Кел шырқайық», Базар жыраудың «Жақсы менен жаманның», «Атамыз әннәс Сақаба», Кете Жүсіптің «Ұстаздарыма», Тұрмағамбеттің «Адамдық іс», Шораяқтың Омарының «Сөйлеген сөзім шырайлы», тағы да басқа термелерін төгілтті.
Алты Алашқа аты мәшһүр Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Жиенбай, Сәрсенбай жыраулардан бастау алатын сүлейлер шоғырының сүрлеуін кейінгі буын олардың ұрпақтары – Мұзарап, Рүстембек, Көшеней жалғастырса, бүгінгі үшінші буын жас жыраулар да асыл мұраны дәріптеп келеді.
Жыр кешінде «Тәуелсіздік жыры», «Ақмешіт», «Қызылорда», «Аралым, айдын шалқарым», «Сыр сүлейлері», «Әдемі қыз» сияқты әдемі ән-жырлардан шашу шашылды. Сыр саңлақтарының сүбе жырын сана көгінде сайратқан, қан тамырында ойнатқан өнерпаздарға жырсүйер ағайынның ризашылығы анық көрінді. Олар осылайша көрерменіне жақұт жырдан алқа таққан жампоз жыршыларға алғыстарын жаудырды.
***
Қазір бүкіл әлем елімізде өтіп жатқан ЭКСПО-ға назар аударып отыр. Тіпті, дамыған мемлекеттердің өздері Қазақстанның халықаралық көрмені жоғары дәрежеде өткізіп жатқанын айтуда.
«ЭКСПО-2017» шарасының аясында Астана қаласында өткен Сыр елінің мәдениет күндері түрлі концерттік бағдарламалармен айшықталды. Сондай шаралардың бірі ретінде Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен дәстүрлі орындаушылардың концертін айтып өтуге болады.
Концерт М.Сыдықовтың «Батыр баба» әнімен шымылдығын түрді. Оркестрге К.Ботабаев дирижерлік етті. Ал кеш жүргізушілері тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен табыстарын тілге тиек етті. «Томирис» би тобы тамаша биімен шараны әрлей түсті. Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерт М.Сыдықовтың «Астанаға сәлем», Н.Тілендиевтің «Алатау» әндерімен жалғасты. Оркестрге дирижерлік еткен Г.Избенова М.Мақұлбековтің әнін сүйемелдеді.
Сыр елінің жыр елі, өнер кеніші екенін көрсететін мәдени концерттік бағдарламада Е.Үсенов «Шақшақ Жәнібек» атты поэмасын көпшілікке ұсынса, Әлшекейдің «Терісқақпай» деп аталатын күйі тартылды. Сыр термелері Қорқыт бабаның жыр бұрқағын алып келгендей әсер қалдырды. Сондай-ақ, Р.Ахметов, С.Әліш, С.Байсейітова, Ғ.Бекмұрзаев, С.Тасбергенова, А.Қойшығара сынды өнерпаздар салған ән жиылған жұртшылықты бір серпілтіп тастады.
Астанаға ұлы дала үнін тарту еткен Сыр өнерпаздарының концерті Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен қорытындыланды.
***
Тәуелсіз қазақ елін төрткүл әлемге танытып, болашақтың қуатын Сарыарқа төрінде паш еткен «Экспо-2017» көрмесі – елдігіміздің ерен жеңісі. «Қазанат» ипподромының аумағындағы этноауылды насихаттау мақсатында Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен дəстүрлі орындаушылардың, қобызшылар мен домбырашылардың, «Ақмешіт» фольклорлық жəне «Томирис» би ансамблінің жеке концерттері өтті.
«Томирис» би ансамблінің «Ата толғауымен» ашылған шарадан астаналық көрермендер Сыр елінің ыстық сәлемін сезінді. «Жауһар мұра» деп аталған концертте «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен «Жанкент» тобы, «Томирис» би ансамблі және домбырашы, қобызшы ансамбльдер мен орындаушылардың концертін тамашалады. Сырдың мақам сазын сағынған ағайын сырбойылық жыршы-термешілердің және халық аспаптар оркестрінің әуендерімен құлақ құрышын қандырды.
***
Әлем назарын Астанаға аударған ауқымды жаһандық оқиға – «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қызылорда облысының мәдениет күндері өтіп жатқаны белгілі. Алты Алаштың анасы атанған Сыр елінің өнерін елорда тұрғындары 10-14 тамыз аралағында тамашалады. Соның бірі – орталық саябақта өткен «Сыр самалы» вокальды аспапты ансамблінің концерті. Облыстық филармонияның өнерпаздары аталған шараны «Сырдан ескен саз самал» деп атапты. Оны тамашалауға астаналықтар мен қала қонақтары жиналды.
Айта кетейік, Қызылорда облыстық филармониясы түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Марлен Бамбетов жетекшілік жасайтын ансамбль өнерпаздарының концерті «Отан Ана» әнімен ашылды. Аталған шығарманы ансамбль солисі Р.Үсенов орындады. Келесі сәтте «Тұран» триосы «Тұран далам» әнін Сарыарқа көгінде шалықтатты.
Мұнан соң «Сыр самалы» оркестрі әншілері Г.Бисекенова, И.Ахметова, Ғ.Ұлықпан, А.Наукеева және Р.Үсеновтер «Жүрегімде Астана», «Алға Қазақстан!», «Қазақ елі», «Туған топырақ», «Гүл Алматым», «Астана», «Аралдан ұшқан аққулар», «Самға», «Ұнайды маған», «Бал сезім», «Бег времени» және «Восточная мелодия» секілді сазды әуендерді тыңдарман көпшіліктің назарына ұсынды.
***
“ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі аясында Сыр өнерпаздары Сарыарқа төріне қадам басты. Астана тұрғындары мен қонақтарына бес күн бойы ән-күйден шашу шашылды. Әсіресе, кәсіби өнер ұжымынан құралған “Томирис” би ансамблі мен эстрада орындаушыларының ұсынған мерекелік концерті көптің көңілінен шықты. “Әннің де естісі бар, есері бар” дегендей, адам жанын баурап алатын эстрадалық әндерге деген ыстық ықыластың жөні бөлек болды.
Салтанатты шара “Дала қызы” биімен ашылды. И.Ахметова, Д.Есентеміров, Г.Әлиханова сынды жезтаңдай әншілер жұртшылықты өнерімен тәнті етті. Сонымен қатар Татьяна Данилина, Раиса Смаханова, Зинаида Ким секілді бірлігі жарасқан “Славяне” қоғамдық-мәдени бірлестігі мен татар, корей этнобірлестіктерінің өкілдері “Туй жыры” неміс-татар әндерін нақышына келтіре орындады. Керемет кеште халық әндері де шет қалмады. Орындаушылар “Япурай”, Л.Хамидидің “Бұл-бұлын” шырқады. Кеш соңында халық әндеріне әбден сусындаған тыңдармандар қимастықпен тарқасып, жүрек-жарды тілектерін білдіріп жатты.
«Сыр бойы» тілшілер тобы.