Астана қаласындағы Қызылорда облысының мәдени күндері «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағындағы амфитеатрда өткен «Сырдария-Жырдария» атты гала-концертпен қорытындыланды. Осы концертте Халықаралық ғарыш станциясымен тікелей байланыс орнатылып, телекөпір арқылы ғарышкерлер сәлем жолдады.
– Бұл – шын мәніндегі әлемдік деңгейдегі шара. Болашақ энергиясы – бүкіл адамзаттың дамуына серпін беретін жаңа технологиялар. Жасыл экономика көрмесіндегі идеялар біздің бәріміз үшін маңызды. Барлық қазақстандықтарды, Астана мен Қызылорда халқын, жұлдызды қала – Байқоңыр тұрғындарын және «ЭКСПО-2017» көрмесінің барлық қонақтарына сәлем жолдаймыз. Жақсылық пен бейбітшілік тілейміз. Халықаралық ғарыш станциясындағы 52-экспедиция экипажының ғарышкерлері: Федор Юрчихин мен Сергей Рязанский, – деді олар ғарыштан жолдаған сәлемінде.