Сыр елі Астанадағы мәдени күндерге жоғары дайындықпен келді. Бірнеше күнге созылған мәдени шараларда халқымыздың санғасырлық өнері мен дәстүрі терең де мазмұнды көрініс тапты. Жексенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ипподром аймағында орналасқан «Этноауыл» ұлттық мәдени кешеніне өзі келіп, қызылордалық өнерпаздармен және зиялы қауыммен жүздесті.
Президентке халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық тағам және спорттық ойын түрлерімен көрмеге келушілерді таныстыратын экспозициялар көрсетілді.
Сыр бойы жыршылары Елбасының алдында терме айтып, ұлттық аспаптардың үнін асқақтатқан шығармашылық ұжымдар халық әндерін нақышына келтіре орындады.
«Қазанат» ипподромының 2 жарым мың шаршы метр аумағында орналасқан этноауылда 40 киіз үй тігілген. Кешен «Аңшылықтың дәстүрлі түрлері», «Шеберлер» деп аталатын бірнеше бөлімнен тұрады. Концерттік зал секторында түрлі шаралар, театрлық қойылымдар мен спектакльдер өткізіледі. Қонақтар назарына айтыс, күй, жыраулық өнер, терме секілді ұлт өнерінің айрықша жанрлары ұсынылады.
Көрме өтетін үш ай бойы республикалық және өңірлік мәдениет мекемелерінің жеке орындаушылары мен шығармашылық ұжым¬дарының өнері өз тыңдаушыларын тамсандыра беретін болады. Ал қолөнершілер ауылына аяқ шалдырғандар киіз басу, кілем тоқу, кесте тоқу, зергерлік өнер, тері өңдеу мен қыш өнері, қару-жарақ түрлері сырларына қанығады.
Осындай ұлт құндылықтары қатарын аралау барысында Президент халық дәстүріне сай екі бірдей бүлдіршіннің тұсауын кесті. Қадамдарына игі тілегін айтып, ақ батасын берді. Бұл қуанышты сәтте Мемлекет басшысына үлкен ризалық сезімін білдірген көпшіліктің ықыласы жарасымды жүздесуді шырайландырып жіберді.
Осы күні «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешеніндегі шынайы бейнелі шаралар жалғасын тауып, елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұрт¬шылықпен жүздесуде пайымды пікірді ортаға салып өтті.
– Мемлекет басшысының алдында екі жарғы тұрған. Біреуі – Қызылорда облысын тарату болса, екіншісі – Арал тұрғындарын өзге аймаққа көшіру туралы еді. Екеуі де қабылданған жоқ. Өйткені, Елбасы Сыр елін сақтап қалу және Арал теңізін қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Ел тәуелсіздігінің арқасында қазір Сыр елі өркениетті, қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жыл бойы әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі бойынша алдыңғы бес аймақтың қатарында. Осының барлығы халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы, Елбасының сарабдал саясатының арқасында, – деді облыс басшысы.
Белгіленген бағдарлама бойынша «Этно¬ауылмен» іргелес «Қазанат» ипподромында сырбойылықтардың – ат бәйгесі, теңге ілу, жамбы ату, күрес, асық шиіру, арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдері мен жарыстары өтіп, жанкүйерлерді қиқулатып, көпшіліктің көңілін шалқытты.
***
Астанадағы «Қазанат» ипподромындағы этноауылда ұлттық спорт түрлері бойынша ат үстіндегі өнер, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақы тұқымды тазылардың көрсетілімі сынды жарыстар өткізілді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің мәдени-думанды және спорттық іс-шараларының кешенді бағдарламасы аясында ипподромда өтіп жатқан жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирін тамашалады.
Ат спорты бойынша өткен жарыстарға Әбдінасредин Файзулла, Серік Әмірсейіт, Серік Ғабит, Мұратхан Қуандық, Ерсұлтан Исабек, Жарқынбек Алмағанбетов, Бекқали Өзденбаев қатысып, Сыр өңірінің намысы үшін сынға түсті.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Алтын жебе» турнирі шапшаң ату, қалқан ату және жамбы ату сынды үш кезеңнен тұрды. Жамбы ату – қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс. Ереже бойынша спортшылар сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатулары керек.
Осындай ережеге негізделген жарысқа оннан астам елден келген сұрмергендер қатысты. «Алтын жебе» турнирінің жүлде қоры да өте қомақты болды. Сол себепті, бес орынға дейін бәйге тігілді.
Құралайды көзге атқан мергендердің сайысында 1-ші орынды Румыниядан келген Михай Кузми алып, 2 млн теңгені қанжығасына байлады. Қазақстанның намысын қорғаған Сарыбай Айтбек 2-ші орыннан көрінді. Ол 1 млн теңгелік жүлдеге қол жеткізді. Жеңімпаздардың үштігін Айкөз Ералған қорытындылап, 700 мың теңгені иеленді. Сондай-ақ, 4-ші орын мен 400 мың теңге Мажарстаннан келген Немоти Кристоф Арпадқа бұйырса, 5-ші орынды Малайзия спортшысы Мұхамед Акмал бин Мохамед Дакалан алып, 200 мың теңгенің олжасын еншіледі.
***
Өткен сенбіде Астана жұртшылығы қызылордалықтар жеткізген дәм-тұздан ауыз тию үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне келді. Қамбасы дәнге толған аймақтан әсем Астанаға сыбаға жеткізген сырбойылықтар орналасқан қатарлар қарақұрым халыққа толы. «Қазақстан» спорт кешені аумағына ағылған астаналықтар, әсіресе қауын-қарбыздан, күріш пен балықтан молырақ сатып алуға асықты.
Жер-анадан несібесін теріп жеген еңбекқор жандар үшін пісімшілік кездегі жәрмеңке берекенің тайқазаны сияқты. Осы жолы Астана тұрғындарына Қызылорда облысының 30 шаруашылығы 40 түрлі өнім апарды. Оның ішінде, Сыр елінің бренді – күріш, Қызылорданың бүкіл елге әйгілі қауын-қарбызы, Арал теңізінің дәмді балығы және басқа да өнімдер бар. Нақтырақ айтқанда, 60 тонна күріш, 3 тонна жылқы еті, 1 тонна тауық еті, 4 тонна сүт өнімдері, 0,5 тонна қымыз, 0,5 тонна шұбат, 0,2 тонна ара балы, 15 тонна балық, 2 тонна конфет, 20 тонна көкөніс, қияр, қызанақ, 1 тонна құлпынай, алма, алмұрт, өрік, 35 тонна картоп, 8 тонна сәбіз, 10 тонна қырыққабат, 0,5 тонна сөк, талқан, 5 тонна ас тұзы, 40 тонна қауын, 50 тонна қарбыз әкелген.
Жәрмеңкені облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аралап көрді.
– Биыл жәрмеңке үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Барлығы 270 тоннаға жуық өнім алып келдік. Әкелген өнімдердің ішінде, әрине, Сырдың ақ күріші, бау-бақша өнімдері, балық бар. Айта кетейін, былтырдан бері Сыр қауыны экспорттық өнім қатарына қосылды. Сонымен бірге, 10 тонна ет өнімдерін де әкелдік. Жәрмеңкедегі өнімдер нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен сатылуда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.
Жәрмеңкеден іздегенін тапқан астаналықтар мол таңдау мен төмен баға үшін алғыстарын жеткізді. Елдің дәмін сағынған бұрынғы қызылордалықтардың да қуанышында шек жоқ. Құрт пен ірімшікті, балықты, қауын-қарбызды молынан алып жатыр.
Осы жерде сырбойылық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Дәнді даланың «Сыр елім», «Қырманға кел, қалқатай» сияқты әндер келушілердің көңіл-күйін тасытты.