Қызылордалық шахматшы Әсел Серікбай Астана қаласындағы шахмат клубында 12 тақтада бір мезгілдік сеанс өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
– Бірнеше күннен бері Елордада Қызылорда облысының мәдени күн-дері өтіп жатыр. Соның аясында қызылордалық шахматшы Әсел Серікбайдың бір мезгілде 12 тақтада сеанс өткізу бағдарламасын енгізіп отырмыз. Елдің туы екі жағдайда: Мемлекет басшысы екінші елге келген кезде және халықаралық спорттық додаларда жеңіс тұғырынан көрінген кезде көтеріледі. Сондықтан да спорт – бейбітшілік белгісі деген осы. Ал оның ішінде шахмат ойынының адамзат тарихында үлкен орны бар. Бұл ойын өте ойлылықты, зерделілікті, терең қиялды қажет етеді. Бүгінгі кездесу, бүгінгі ойын жас шахматшыларға ерекше әсер қалдырады деген ойдамыз, – деді Р.Рүстемов.
Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан сеансқа Астана қаласы мен Қызылордадан 12 шахматшы қатысты. Олардың екеуі қызылордалық, қалғаны Астана қаласының шахматшылары. Сыр елінен қатысып жат¬қан спортшылар Дінасыл Ғалымжанұлы мен Нұрмұхаммед Бұхарбай №2 «Мұрагер» мектебінде оқиды.
Айта кету керек, Әсел Серікбай – шахматтан облыс тарихында алғашқы ФИДЕ шебері, жасөспірімдер және жастар арасында 8 дүркін Қазақстан чемпионы, жасөспірімдер арасында 3 дүркін Азия, оқушылар арасында 2 дүркін Әлем чемпионы.
Шынар БЕКБАН.