«EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы Қызылорда облысының мәдениет күндері «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің туындылары мен облыстық музей қорындағы құнды жәдігерлер көрмесінен бастау алды. Ежелгі Сыр өңірі – көне дәуір көзі, мәңгі өшпес те өлмес мұралардың қазыналы мекені болғандықтан, музейдегі әрбір жәдігердің өз құндылығы бар. Қолөнер шеберлері металдан, теріден, сүйектен, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, тігін, киіз бұйымдарын дайындап әкелген.
Қолөнер шеберлері «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауылда тамыздың 10-20-сы аралығында келушілерге Сыр өңіріндегі көне дәуірдің көзіндей болған мұраларды ұсынбақ. Көрменің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов:
– Кез-келген өркениет өріне талпынған ұлт өзге мемлекеттерге экономикалық-индустриалдық жетістіктеріне қоса өзінің төл мәдениеті арқылы танылатыны белгілі. Әлемдік мәдениет қамбасының алтын қорына қосылған үлкенді-кішілі үлес сол елдің жасаған тарихымен, мәдениетімен, топырағынан шыққан ұлы тұлғаларымен, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен өлшенеді. Бұл тарапта біздің Қызылорда аймағының да жалпақ жұртқа көрсете алатын өнер түрлері мен мәдени жетістіктері ұшан-теңіз. Көрмеге Сыр елінен арнайы әкелінген тарихи ерекше экспонаттар қойылды. Бұл көрме қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасын айрықша ашып көрсетпек. Сыр елі нақышында жасалған зергерлік бұйымдар мен ағаш бұйымдар, Сыр сұлулары киген киім үлгісі, ХІХ ғасырдан бізге жеткен ағаштан ойылып жасалған кесеқап, тіпті жоңғардың дулығасы назарларыңызға ұсынылмақ, – деді.
Көрмедегі Аружан Ыбаділдаеваның кестелері мен әшекей бұйымдары, құрақ көрпешелері көздің жауын аларлықтай көркемдігімен ерекшеленіп тұр. Бекзат Жақыпов жасаған зергерлік бұйымдар бұған дейін де халықаралық көрмеге қойылған. Келушілердің назарын аударатын әшекейлер қазақ қыздары тұтынған алқа, сақина-білезіктердің сәніне қарап, олардың талғамына баға береді. Жансара Бөлегенованың қолынан шыққан киізден жасалған бұйымдардың, Зылиха Қалендердің шиден тоқылған туындыларын келушілер асқан қызығушылықпен тамашалауда.
Сондай-ақ қолөнер шеберлері зергерлік бұйымдар мен киіз өнімдерін жасаудан, сүйек өңдеу мен тоқыма тоқудан шеберлік сыныптарын ұйымдастырады. Дайын өнімдердің қандай жолмен, еңбекпен жасалатынына қызығушылық танытқандардың қарасы қалың екені байқалады. Он күн бойы Сыр елінен келген 25 шебердің қолынан шыққан дүниелер Астана тұрғындары мен қонақтарының талғам таразысында тартылмақ.