ҚОРҚЫТ ҚОБЫЗЫНАН ТӨГІЛГЕН САРЫН

Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының өнерпаздары ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Иран Ғайыптың  «Қорқыт» қойылымын сахналады. Спектакльді режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір қойған.  М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры сахнасында болған драманы тамашалауға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері келді.
Драма ажалдан құтылудың жолын іздеген, мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыттың тағдырын баяндайды. Жалған Құдай мен шын Құдайдың аражігін ажырата алмай Тәңірден безінген сәтінде оны қоршаған тобыр да, табиғат та тастап кетеді. Ашуға булыққан кезде ағашты балталап, қобыз жасап алған Қорқыт күйінің сарынына елтіген Арқа аруының бейнесі, Әзірейілмен  арпалыс сәттері көрерменге ерекше әсер етті. Билеуші Бекке жан берем деп, өз жанына сауға сұрап, басын тауға да, тасқа да ұрады. Драма соңында қолына қобызын алып, гөй-гөйлеткен Қорқыт мәңгілік өмірдің кілті – өнерде екенін ұқтырғандай.
Спектакльден соң драматург Иран Ғайып сахнаға шығып, қасиетті Сырдария өзеніне арнаған өлеңін оқыды.  Биыл мерейлі 70 жасқа толған ақын «менен басым бір ақын туар, бәлки, сенен ұлы өзен жоқ жер бетінде» деп толғанды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр перзентін мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Ақ күріштен салынған портретін сыйға тартты.  Астаналықтарға «Қорқыт» спектаклін ұсынған облыстық театр ұжымына алғысын жеткізді.      

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 тамыз 2017 г. 625 0