АСТАНАДА ИРАН-ҒАЙЫПТЫҢ «ҚОРҚЫТ» СПЕКТАКЛІ ҚОЙЫЛДЫ

10 тамыз күні Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы Қызылорда облысының мәдени күндерінің салтанатты ашылуы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры өнерпаздарының «Қорқыт» қойылымымен жалғасты.
Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрындағы шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері және өнер иелері қатысты.
Сыр елінің тарихы мен таным-тағылымын сипаттайтын барша Түркі әлемінің абызы Қорқыттың өмірін сөз өнерінің асыл құдіретімен жеткізген қойылымның авторы, жерлесіміз, ақын, драматург - Иран-Ғайып биыл 70 жасқа толып отыр. Осыған орай Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
- Байқоңырдың жанында Жанкентте Қорқыт бабамыз дүниеге келген. Хантәңірдің жанында, Үшқоңырдың қасында Елбасы дүниеге келген. Қандай керемет сәйкестік. Бүкіл түркі әлемінің абызы сасқанға сая, асқанға тосқан, елдің иесі, жердің киесі болған Қорқыт бабамыз әлі де тірі. Өйткені қобыздың сарыны ойнап тұр. Қорқыт ата кешенін Елбасы тапсырмасымен қайтадан жандандырдық. Мәңгі ел деген ұғымның бір тармағы – сол Қорқыт бабаның кешеніне барған кезде, қобыздың сарынын естіген кезде көзіңіз жетеді. Рухани жаңғыру жолында өзінің ерекше үлесін қосып жүрген ақын, драматург Иран Ғайып ағамыз 70 жасқа толып отыр. Мерейтойыңыз құтты болсын! Спектакльді Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры өнерпаздары өз деңгейінде орындап шықты. Театр ұжымына үлкен алғысымызды білдіреміз,- деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
Спектакльдің режиссері-Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейн, суретшісі–Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Серік Пірмахан.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 10-14 тамыз күндері Қызылорда облысының мәдени күндері өтуде.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 тамыз 2017 г. 611 0