Бүгін елордадағы «Қазақстан» спорт сарайы маңындағы алаңда өтіп жатқан Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен өңір басшысы Қырымбек Көшербаев танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Астанада үшінші рет жәрмеңке ұйымдастырып жатырмыз. 15 жүк көлігімен 270 тонна өнім алып келдік. Қазіргі кезде 30-дан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тауарларын делдалсыз тікелей өткізіп жатыр. Жәрмеңкеге бақша дақылдарымен қатар, ет өнімдерін де алып келдік»,-деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Бақыт Жаханов.
Оның сөзіне қарағанда, Астана әкімдігімен тығыз қарым-қатынас арқылы қаладағы базарлардағы азық-түлік бағасы толықтай зерделеніп шықты.
«Астанадағы «Шапағат» коммуналдық базарындағы бағаны толықтай зерттеп шықтық. Осы орайда жәрмеңкеде 15-20 пайызға төмен бағаны қойдық. Мысалы, қалада қызанақтың келісі 200 теңгеден сатылып жатса, жәрмеңкеде оның құны 150 теңге деңгейінде белгіленді. Әрине, жәрмеңкенің соңына қарай өнімді толықтай өткізу үшін дәстүрлі түрде шаруашылықтар бағаны тағы да түсіреді»,- деп түсіндірді Б. Жаханов.
Белгілі болғандай, облыс әкімдігі шаруашылықтарға ауыртпалық түсірмес үшін көлік шығындарын өз мойынына алған. Осы шараларға бюджеттен қажетті қаражат қарастырылды.
Атап айтқанда, жәрмеңкеде Астана тұрғындары мен қала қонақтарына Қызылорда облысының 30 шаруашылығы 40 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Оның ішінде, Сыр елінің мақтанышы, негізгі дақыл - күріш, Қызылорданың бүкіл Қазақстанға әйгілі қауын-қарбызы, Арал теңізінің дәмді балығы және басқа да өнімдер бар. Нақтырақ айтқанда, күріш - 60 тонна, жылқы еті - 3 тонна, тауық еті - 1 тонна, сүт өнімдері - 4 тонна, қымыз - 0,5 тонна, шұбат - 0,5 тонна, ара балы - 0,2 тонна, балық - 15 тонна, конфет - 2 тонна, көкөніс, қияр, қызанақ - 20 тонна, құлпынай, алма, алмұрт, өрік - 1 тонна, картоп - 35 тонна, сәбіз - 8 тонна, қырыққабат - 10 тонна, сөк, талқан - 0,5 тонна, ас тұзы - 5 тонна, қауын - 40 тонна, қарбыз - 50 тонна, сондай-ақ басқа да өнімдер жеткізілді.
Сонымен қатар, дәл осы күні сырбойылық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Елорданың орталық саябағында «Сыр самалы» атты концерт өтті. Бұдан бөлек, 13 тамыз күні «Қазанат» ипподромындағы этноауылда эстрада әншілері, дәстүрлі орындаушылар, сондай-ақ «Томирис» би ансамблі өнер көрсетеді деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 10-14 тамыз күндері Қызылорда облысының мәдени күндері өтуде. Шара аясында тарихи-өлкетану және қолөнер шеберлері көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар қамтылған. Мәдени-бұқаралық іс-шараларға облыстан 270-ке жуық өнер өкілдері қатысуда.