АСТАНАҒА ҒАРЫШТАН СӘЛЕМ ЖОЛДАНБАҚ

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада Қызылорда облысының күндері өтуде.
Шара аясында елордада Сыр өңірінің қолөнер шеберлерінің көрмесі, спектакльдер мен концерттер, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
Мәдени күндердің ашылуы 10 тамыз күні «Қазанат» ипподромындағы этноауылда өткен болатын. Онда бай тарихы мен мәдениетін көрсететін «Сыр шежіресі» көрмесі ашылып, бірегей экспонаттар қойылды.
Ал бүгін «Қазақстан» спорт сарайы маңындағы алаңда Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Сыр бойының өндірушілері Астанаға 15 жүк көлігімен күріш, ет, сүт өнімдері, балық, көкөніс, бақша дақылдары сынды 270 тонна өнім әкелді. Қала тұрғындары 30-дан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз тікелей сатып алуда.
Сондай-ақ, 12-13 тамыз күндері «Сыр самалы» ансамблінің, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен дәстүрлі орындаушылардың және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің концерттері ұйымдастырылады. «Қазанат» ипподромында қыз қуу, көкпар, теңге ілу,  аударыспақ, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату және қазақ күресінен сайыстар ұйымдастырылып, қазақы тазылардың көрмесі өтеді.
14 тамыз күні «ЭКСПО-2017» көрмесінің амфитеатрында «Сырдария-Жырдария» атты мәдени күндердің қорытынды гала-концерті өтеді. Онда Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді .
Тағы бір айта кетерлігі, гала-концерт аясында халықаралық ғарыш станциясындағы 52-экспедиция экипажымен телекөпір орнатылып, ғарышкерлер - Федор Юрчихин мен Сергей Рязанский Астана тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдайды. 


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 тамыз 2017 г. 518 0