Облыста 3 айдан астам жалақыдан қарызы бар мекемелер тіркелмеген. Дегенмен, ағымдағы жылдың І жартыжылдығында облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы 61 мекеменің 1783 жұмысшыларына 223,2 млн теңге жалақы қарызын өндіріп берді. Бұл жайында бүгін аталмыш басқарманың басшысы Ертілеу Жалғасбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Жыл басынан бері еңбек инспекциясымен әр түрлі меншіктегі 179 мекеме мен кәсіпорындар тексерілген. Тексерулер нәтижесімен 238 заң бұзушылық фактілер анықталған. Сонымен қатар, Қызылорда облысының мемлекеттік кірістер департаментімен банкроттық және оңалту рәсімі жүргізіліп жатқан 4 кәсіпорында 85 жұмысшыға, барлығы 12,2 млн теңге жалақы қарызы қалыптасып отырғанын айтты.
Сондай-ақ, өндірістік жарақаттану деректері де тіркелген. Осы жарты жыл ішінде 27 жазатайым оқиғалар тіркеліп, оның 16 еңбек қызметімен байланысты деп танылған, одан 18-і зардап шегіп, оның 11 ауыр жарақат алған.
Өндірістік объектілердің еңбек жағдайлары бойынша жыл басынан 10 кәсіпорынның 624 жұмыс орнына аттестаттау жүргізілді.