Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елімізді жарқын болашаққа бастайтын бірқатар бастаманы көтерді. Солардың қатарында латын әліпбиіне көшу мәселесі де бар. Латын әліпбиі туралы сөз қозғалғанда кейбіреулер қазақ тіліндегі төл дыбыстар жоғалып кете ме деп алаңдайды. Бірақ, оған ешқандай негіз жоқ. Мемлекет басшысы бірінші кезекте тілдің тазалығына мән беріп отыр. Тіпті, әр жылдардағы Жолдауларында да Президенттің ана тілімізге деген ерекше құрметін аңғаруға болады. Негізі, бұл кеше басталған жоқ. Ол тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай күн тәртібіндегі мәселеге айналып келеді. 2006 жылы Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес» деген еді. Ал, «Қазақстан-2050» стратегиясында латын қарпіне 2025 жылы толық көшетініміз жайлы кесімді сөз айтылды.
Барша қазақ халқын толғандыратын бірден-бір мәселелердің бірі – мемлекеттік тіл машақаты. Сол себепті, Елбасы Жолдауларынан мысал келтіру арқылы ана тілімізге қаншалықты қамқорлық жасалып жатқанын сөз еткенді жөн көрдік.
Ұлттың басты белгілерінің бірі – қазақтың қазақ екенін дәлелдейтін бұлжытпас айғақ, әр қазақтың тамырында ағып жатқан қанмен рухына, ана сүтімен бойына дарыған қасиетті тіл. Тіл жойылса, ұлттың жойылатыны айтпаса да белгілі. Сол үшін де жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір қазақ баласы ұлттық тілінің болашағы үшін жан ұшырады. Олай болмағанда қайтсін, атадан балаға мұра болып келе жатқан әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер, өнегеге толы тәрбие беретін рухани азықтар түгелдей бойымызға ана тіліміз арқылы сіңеді. Мұның барлығын жоғалтсақ, адами құндылықтардан айырыламыз айғақ. Бұл тұрғыда қазақтың заңғар ақыны М.Шаханов:
«Қазақ тілі – бабамыздың бабасы,
Қазақ тілі – ұлтымыздың анасы.
Ана тілсіз жойылады елдің рухы, санасы,
Бір-ақ қадам ұлтсыздық пен мәңгүрттіктің арасы», – деп тебірене жырлап, оқыған адамның жанын елжірете түседі. Қазақ тілінің болашағына алаңдаған зиялы қауым бірінші кезекте оның мемлекеттік тіл статусын алу үшін күрес жүргізді. Құдайға шүкір, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Біз бұған қуанамыз. Бұл Конституциямыздың 7-бабында көрсетілген.
Елбасының өзі: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп ана тіліне деген құрметінің ерекше екенін білдірген. Тіпті, халыққа жариялаған Жолдауларының ішіндегі басты мәселелерінің бірі ретінде қосып, туған тілге деген махаббаты мен сүйіспеншілігін айғақтағандай. 2011 жылғы 7 қаңтардағы «Болашақтың іргетасын бірге қалаймыз» атты Жолдауында: «Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты. Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды. Бұл Тәуелсіздіктің орасан-зор жетістігі. Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», – деп қазақстандықтардың мемлекеттік тілге деген құрметін ерекше атап, алдағы уақытта республикамыздағы барлық мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз мемлекеттік тілді біліп шығатынын мақтанышпен жеткізеді. Тіпті, мұны тәуелсіздіктің орасан-зор жетістігі ретінде бағалайды.
2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» деген тақырыппен жарияланған Жолдауда бұл ой өз жалғасын табады. Президент: «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады. Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосуы керек. Мәселені осылай шешу қажет» деп мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру жолындағы кезекті тапсырмасын беріп, қазақ тілін дамыту үшін депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлердің де өз үлестерін қосу керектігін тілге тиек етеді. Осы жылдың аяғында яғни, 2012 жылғы 14 желтоқсан күні «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақ тілінің болашағын жақсарту үшін қандай әрекетке баруымыз керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан халқына жарияланған Жолдауындағы: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», – деген жолдардан ана тілімізді дамыту үшін ең алдымен өзімізден бастау керектігін, ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзін қамшылауы тиістігін негіз етіп, тілге деген құрмет шындап келгенде елге деген құрмет екенін баса айтады.
Мемлекеттің рухани жаңғыруын көздейтін мақала қазақстандықтарды тағы бір серпілтіп тастады. Оны оқыған әрбір азамат ел болашағының жарқын болатынын ұғынды. Дәуірдің бүге-шігесін зерделеген бағдарламалық мақаланың мәні де, мағынасы да терең. Саясаттанушылар жылы лебіз білдірді. Мемлекет қайраткерлері, қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері тарапынан қолдауға ие болды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ Қазақстандағы әліпби ауыстыру мәселесінің қыры көп екендігін алға тартады. Ол: «Мұның саяси, ұлттық, экономикалық және түркілік жағы бар. Осы уақытқа дейін саяси жағы кідіріс тудырды. Біз әліптің артын бақтық. Ол да дұрыс шығар. Тілді қолға аламыз деп бүлініп жатқан елдер де бар. Қазір саяси билік бұл жағдайды қолға алды. Әлемдік жағдай дер кезінде күн тәртібіне қоюға түрткі жасады. Қазір бірнеше нұсқалары айтылып жатыр. Ең негізгі нұсқа – қазақтың барлық төл дыбыстары енген ұлттық әліпбиі болуы керек» – дейді ғалым.
Биылғы Жолдауда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғаны айтылды. Мақалаға рухани жаңғыру негіз етілген.
Алдағы мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұндай мақсатқа жету үшін біз рухани тұрғыдан да жаңғыруымыз керек. Ұлттық код мәселесі жайдан-жай айтылып отырған жоқ. «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болуы үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы өзгертетініміз туралы қөзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» – дейді Мемлекет басшысы. Бұл мақала Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асыруға бағытталған. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Сондықтан, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүріміз, ана тіліміз, ән, жыр, күй, музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Елбасы «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» – деп атап көрсетті.
Қазақ әліпбиінің тарихына үңілсек ұлы далада осы уақытқа дейін бірнеше жазу түрі қолданылыпты. VІ-VІІ ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы қолданылған. Мұны тіпті, адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі деп атауға да болады. V-ХV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Ислам дінімен бірге араб әліпбиі қатар келді. Біртіндеп руникалық жазулар қолданыстан шыға бастады. Қазақстан аумағындағы халық ХХ ғасырға дейін араб әліпбиін пайдаланды. 1929 жылы КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Призидиумы латындандырылған жаңа әліпби «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Содан 1940 жылға дейін латын әліпбиі негізінде жасалған жазу қолданылды. Ал, 1940 жылы «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Содан бері Қазақстан азаматтары кириллица нұсқасындағы жазуды пайдаланып келеді.
Әліпби ауыстыру мәселесі заман талабынан туындап отыр. Елбасы мақаласында: «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деп алдағы міндеттер көрсетілген.
Елбасының осы бір мақаласынан кейін:
– Затымызға қанмен дарып атадан,
Бойымызға сүтпен сіңген анадан.
Қазақ тілі шын мәнінде керек тіл,
Қазақ болып шығу үшін қайтадан, – деген өлең жолдары еріксіз ойға орала берді.
Рухани жаңғыруға ден қойған елімізде латын әліпбиі қолданысқа енсе, ана тіліміздің тамырына қан жүгіретіні анық. Ол кезде біздің тіліміз ғылым мен техниканың тіліне де айналады.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.