БИЫЛ ОҚУШЫ САНЫ 6 МЫҢҒА АРТАДЫ

Санаулы күннен соң барлық білім ошағында алғашқы қоңырау соғылып,  жаңа оқу жылы басталады. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы барлық мектепте оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биылғы жылдың бір ерекшелігі, алдағы 2017-2018 оқу жылында, облыстағы 293 жалпы білім беретін орта мектептегі  оқушылар саны  6 мыңға көбейіп, жалпы 149 мың  бала білім алады деп күтілуде. Оның ішінде, мектеп табалдырығын алғаш аттап, 1- сыныпқа қабылданатын бала саны 700-ге артып, 18911-ге жетіп отыр.
Соңғы жылдары облыста мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Айталық, өткен оқу жылының өзінде 12 мектеп салынған болса, жаңа оқу жылының қарсаңында тағы 5 мектеп пайдалануға беріледі. Сондықтан оқушы санының артуы ешбір қиындық тудырмайды. Барлық мектептерде заманауи техникаларды оқу процесін екі ауысымнан асырмай жүргізуге  толық мүмкіндік бар.
Атап айтар болсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданының Төменарық және Нәлібаев ауылдарындағы бірі апаттық, бірі үш ауысымда білім беріп келген 300 орындық екі мектеп ғимараты жаңадан бой көтерсе, сондай-ақ,  Арал, Қазалы аудандарындағы апаттық жағдайдағы үш мектеп ғимараты облыс бюджеті қаражаты есебінен  салынып, жаңа оқу жылына пайдалануға берілгелі отыр. Мұнан бөлек, биылғы жылы Арал, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарындағы әрқайсысы 300 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Әр оқу жылында мектеп оқушыларын жаңа оқулықпен тегін қамтамасыз ету де жауапты жұмыстардың бірі. Бұл орайда мектептің 2, 5, 7 сыныптарында оқитын 46 345 оқушыға 988 мың дана жаңа оқулық пен оқу-әдістемелік кешендер және 1-сынып үшін жұмыс дәптерін сатып алуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Аталған оқулықтар 15 тамызға дейін жеткізіліп, барлық мектеп толық қамтамасыз етілетін болады.  
Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі түрде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізілетіні белгілі.  
Биыл аталған акцияның барысында аз қамтылған және көпбалалы отбасының мектеп жасындағы балалары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде материалдық көмек көрсету шаралары қолға алынды. Тамыз айының 1-нен басталған қайырымдылық акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Оған облыс көлеміндегі мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдары және үкіметтік емес ұйымдар атсалысып, қолдау көрсетеді.  
Айта кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңындағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» тақырыбында өтетін болады.  

Ғазиза ӘБІЛДА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 тамыз 2017 г. 503 0