Былтырғы жылы ерен ұйымшылдық көрсетіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғары деңгейде қарсы алған Шиелі ауданы жыл қорытындысында облыста бірінші орынға шыққан еді. Келісті жылды, жемісті жылға айналдыру мақсатында шиеліліктер биылғы жылы да ізденісті еңбек үстінде. Аудандағы 1077 гектар күздік бидай толығымен орылып, дәні қамбаға түсірілді. Әр гектардан орташа 17,5 центнерден өнім алынды. Ал 100 гектар жаздық бидайдан орташа өнім көлемі 14 центнерден айналды. Мамандар тарапынан егіншіліктегі басты дақыл – күріштің күтім деңгейі жоғары бағаланып, алдағы егін орағына қызу дайындықтар жүргізілуде. Тамыз айының 20-сынаны бастап алтын орақ жаппай түседі деп жоспарланып, 13382 гектар күріштіктің алғашқы егілген алқаптарының суы тартыла бастады. Бұл алдағы зор да жауапты науқанға дайындықтың басы деп есептелінеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметінде шаруашылықтардағы 63 орақ комбайны мен 110 дән жегіш комбайн түгелдей жөндеуден өткізілінген. Кесте бойынша егін орағына кірісіп кетеді. Осындай ұйымшылдық нәтижесінде егін жинауды ауа райының қолайлы уақытында, қысқа мерзім ішінде өткізу межеленіп отыр. Әрине, кейінгі қуатты жаңа техникаларды іске қосу шаруаны ілгері жылжытады, осы бағытта жұмыстар жүргізген аудандағы ірі шаруашылықтың басшысы Дәулет Жұмбектің лебізіне құлақ түріп көрелік:
–1400 гектар Сыр маржаны көктемгі салым, бір демде егілген еді, демек, олардың ораққа келуі де іле-шала келе бастайды де¬ген сөз. Сондықтан бір сәтте бо-саң¬суға қақымыз жоқ, қолда бар техникаларымызды алдын ала жөндеу, күтім мәселесімен шұ¬ғылданып, сапқа тіздік. Нәтижесінде 2 «МагДОН», 2 «Ландини», 4 «Класс», 2 «Жонглер» комбайндары ә дегеннен ораққа кірісіп кетеді. Қажетті техника бөлшектерін де алдырып қойдық. Алғашқы орақты аманшылық болса, озат звено жетекшісі Кенжебек Бимановтың жерінен бастаймыз ба деп, алқап маңындағы жолдарды тегістеп, ай¬наласын тазартып, қатынас мәселесін реттеп қойдық. Сол секілді қырман басындағы да дайындығымыз өз дәрежесінде, – дейді озат шаруашылықтың төрағасы.
– Бұрынғы қолда бар техникалар қатарына жаңадан қуатты техникалар да қосылуда. Мәселен, жақында ғана бір шаруашылық жаңадан лизинг арқылы 1 МТЗ-80 доңғалақты тракторын және астық жинайтын 1 комбайн алса, сонымен қатар, «Көкжиде», «Ақмая», «Нұрасыл» шаруақожалықтары «МТЗ-82» қуатты тракторларымен базасын толықтырды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Смайлова. Тағы да білгеніміз, егін орағына жалпы аудан бойынша 2600 тонна дизель отыны қажет болатын болса, оның әзірге 520 тоннасы бар. Ал бензиннен 408 тонна керек болса, оның 88 тоннасы дайындалыпты. Мәлімет соны көрсетеді.
Биылғы жылда еліміз үшін ерекше жыл – Қазақстан «ЭКСПО-17» халықаралық көрмесін Астана қаласында ұйымдастырып, әлем алдында таңғажайып істердің бастаушысы бола білді. Баламалы қуат көздерінің жаңа технологиясын дәріптей отырып, өз жетістіктерін де келушілер көз алдына жайып салды. Осындай ауқымды жетістіктерге Шиелі ауданы барынша мол үлес қосу мақсатында тиімді жұмыстар ұйымдастыруда және де аудан халқы Шахмардан Есеновтің 90 жылдық мерейтойын тойлауға дайындық жасауда. Сондықтан ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібін өркендетіп отырған аудан халқы күзгі жиын-терімді жоғары деңгейде өткізіп, өзі көтерілген биіктіктен төмен түспеуге жұмылуда.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.