Кеше Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің қатысуымен баспасөз мәжілісі болып өтті. Журналистер алдында сөз сөйлеген Р.Рүстемұлы соңғы жылдары Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, аймақтағы жетістіктерге тоқталды.
Тәуелсіздік жылдары аймақ экономикасының барлық саласы айтарлықтай дамыды. Облыстың өңірлік жалпы өнімінің көлемі соңғы 15 жылда 260 пайызға дейін өсті. Облыс аграрлық аймақтан индустриалдық-аграрлық аймаққа айналды. «Оңтүстік Құмкөл», «Арыс», «Қоныс» және тағы да басқа 30 мұнай кен орындары игерілуде. Тау-кен өндіру көлемі 6 есеге, ал, аймақтың барлық өнеркәсіп өндірісі 3 есеге өсті. Уран өндірісінің де көлемі артты, «Шалқияның» жұмысы жанданды. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары арқасында облыс халқының 60 пайызы көгілдір отын игілігін көріп отыр. Жыл басынан бері Қызылорда облысында 306,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі күні облыс тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша республикадағы көшбасшы 4 аймақтың қатарында. Жыл басынан бері Қызылордада мемлекет қаражаты есебінен 980 пәтерлік 19 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы 1809 пәтерлік 41 көпқабатты үй жыл соңында көпшілік игілігіне беріледі. Аталған көпқабатты тұрғын үйлердің 11-і халықтың әлсіз қорғалған топтарына арналмақ.
Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге де күш салынды. Ағымдағы жылдың мамыр айында 9 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында 3 білім ошағы есігін айқара ашып, оқушыларды қуанышқа кенелтеді деп күтілуде. Осымен аймақтағы апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толыққанды шешімін табатын болады. Бүгінгі таңда 400-ге жуық түлектеріміз Ресей білім гранты есебінен сол елдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда. ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балл 82,4 пайызды көрсетті. Соңғы жылдарда ҰБТ-ның ең үздік көрсеткіштері бойынша облыс алдыңғы бестікке кіреді.
Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жобасы қолға алынды. Қазірдің өзінде алғашқы болып 18 көпқабатты үйлерден тұратын шағын аудан, балабақша, жастарға қызмет көрсету орталығы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы басталды. Сол жағалауда салынатын Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасатын болады. Мұнымен қоса сол жағалауда Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтеріп, пайдалануға берілмек.
Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау мақсатында САРАТС-2 жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру оң шешімін тауып келеді. Бұған қоса, бұл жобаның маңыздылығы осы жылдың 1 шілдесінде халықаралық деңгейде Қамбашта өткен дәстүрлі III Арал өңірі балықшыларының слетінде де айтылды. Ағымдағы жылы Үкіметтің қолдауымен бұл жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру қолға алынады деген сенім бар.
Баспасөз жиынында индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев баяндама жасады. Оның мәліметтеріне сүйенсек, облыс көлемінде Индустрияландыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруа баршылық. Бағдарлама аясында құны 610 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 24 жоба жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың 6 айында барлық іске қосылған жобалар арқылы 8,7 млрдтеңгенің өнімі өндірілген. Индустриялық жобалар бұрын 8 елге өнімдерін экспортқа шығарса, биылғы жылдан бастап 10 елге өнім шығара бастады. Олардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Дания, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай, Ұлыбритания, Польша, АҚШ, Тайвань сынды елдер бар.
Бір ғана мысал, бағдарлама аясында 2 бірдей испандық цехты іске қосқан «Аралтұз» АҚ өткен жылы шет елдерге 60 пайыз өнімін экспорттады. Ағымдағы жылдың 6 айында экспорт кө¬лемі былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 56 па¬йызға артқан. Қызылорда өңірінде тау-кен өндіру көлемі 6 есеге, аймақтың барлық өнеркәсіп өндірісі 3 есеге өсті. Ай¬мақтағы уран өндірісі де артты. «Хорасан-1», «Хорасан-2», «Оң¬түстік Қарамұрын» кен орындары игеріле бастады. «Қара¬мұрын» рудалық жазығында алтын өндірісі мен әлемдегі ірі ванадий кен орындарының бірі «Баласауысқандықта» жұмыс қызды. Сонымен бірге, әлемдегі ең үлкен қор¬ғасын-мырыш кен орнының бірі «Шалқияның» қызметі қайта жанданды.
Биылғы Индустрияландыру бағдарламасы аясында өнімі экспортқа бағытталған 2 жобаны іске қосу жос¬парланып отыр. Олар – молибден үш тотығын өндіретін кәсіпорын және шыны зауыты. Қазір молибден зауытында техно¬логиялық құралдардың бірінші желісінде сынама жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы саласы да алға ілгерілеп келеді. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында нарық сұранысына ие бәсекеге қабілетті өнім өндіру және экспорт көлемін ұлғайту, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланып, кооперацияны дамыту жөнінде тапсырмалар берді. Бұл тапсырмаларды ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асыру көзделген. Осы негіздегі мәселелерді тиек еткен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пірмұхамед Сыздықов саладағы жетістіктерді де саралап өтті. Мемлекеттік бағдарламаны орындау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу рыноктарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Агрокарта аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалды. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім бар. Сыртқы нарыққа шығарылатын экспорттың негізгі өнім түрлерін күріш пен балық құрайды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28 пайызға, ал балық экспорты 8 есеге өсті. Жаңа нарыққа көшу барысында күріш шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі экспорттық саласы болып саналады. Сыр салысының экспортта алар орны 44 пайызды құрайтын болады. Үстіміздегі жылы ет экспортын қамтамасыз ету үшін халықаралық ветеринарлық талаптарға сай келетін ет комбинатын салу көзделуде. Оған қоса ет бағытындағы ірі қара мен қой экспорттау жоспарланған болатын. Соған сәйкес осы айда Иранға тірілей 800 бас қой жөнелтілуге дайын. Өткен жылы бақша өнімдерін экспорттау жанданды. Нәтижесінде шетелге 1 мың тонна өнім жөнелтілді. Биыл бұл көрсеткішті 2 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Қазіргі таңда облыста 64 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар 1325 жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп отыр. Бұдан бөлек өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы қыруар тірлік сөз болып, Арал теңізін қалпына келтіру мақсатында атқарылған жұмыстар айтылды. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтетін облыстың мәдени күндері брифинг арқауына айналды.
– Мәдени-бұқаралық іс-шараларға облыстан 270-ке жуық өнер өкілі қатысады. Қызылорда облысының мәдени күндерінің ашылуы 10 тамыз күні Қазанат ипподромындағы этноауылда өтеді. Онда «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің және өңірдің тарихы мен мәдениетінің көрмесі өтеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, концерттер мен спектакльдер ұйымдастырылып, ЭКСПО-2017 көрмесі алаңында «Сырдария – Жырдария» атты гала-концертпен қорытындыланады. Осы жерде «МИР» халықаралық ғарыш станциясының 52-экспедициясының ғарышкерлерімен телекөпір ұйымдастырылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.
Көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сыр елінің бай мәдени мұрасы мен асыл қазынасынан сыр шертетін экспонаттары ұсынылатынын айтып өткен жөн. Мұнымен қоса, 25 сәндік-қолданбалы өнер шеберлері «Шығыс базары» жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынады. Мұнда зергерлік бұйымдар мен киіз өнімдерін жасау, сүйек өңдеу мен тоқыма тоқудан шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Бұл көрме 20 тамызға дейін жалғасады. Сыр өнерпаздары дайындаған мәдени шаралар мұнымен бітпейді. 10 тамыз күні М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклі қойылады. Спектальге қойылым авторының өзі де қатысады. Келесі күні, яғни, 11 тамызда Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына екі бірдей театрландырылған қойылым ұсынылады.
Қызылорда облысының мәдениеті күндері 14 тамыз күні «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағындағы амфитеатрда өтетін «Сырдария-Жырдария» атты гала-концертпен қорытындыланады. Концертте би ансамбльдері, жыршы, термешілер, қазақ эстрадасының талантты әншілері Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов және басқалары өнер көрсетеді. Сонымен қатар, гала-концерт аясында Халықаралық ғарыш станциясындағы 52-экспедиция экипажымен телекөпір өткізіліп, ғарышкерлер Федор Юрчихин мен Сергей Рязанский Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдайды.
Баспасөз мәслихатында журналистерге осы негіздегі ақпараттар берілді. БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, көңілге қонымды жауаптарын алды.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.