ЭКСПО-ның бойтұмарын кім жасады?

Әр әлемдік көрменің тақырыбына сай бойтұмары болатыны белгілі. Биыл елімізде өтіп жатқан «EXPO 2017 Astana» халықаралық көрмесінің бойтұмарлары энергия көздерінің атымен аталды. Яғни, Сәуле – күн, Мөлдір – су, Қуат – жел энергиясын меңзейді. Сол маскоттарды кәдесый ретінде сатылымға шығару құқын «Әдемі-ай» компаниясы жеңіп алған болатын. Көрмеге келген шетелдік қонақтардың төрінен орын алып үлгерген кәдесыйларды біз де көріп қайттық, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазақстанда арнайы кәдесыйлар өндіретін компаниялар көп емес. Ұлтымыздың ұмытылмас көне мұраларын, асыл заттарын халық жадында қайта жаңғыртып, ел игілігіне жарату мақсатында «Әдемі-ай» компаниясы 2000 жылы құрылған болатын. ЭКСПО бойтұмарын шығару құқына ие болу үшін бізбен бірге 10 шақты компания қатысты. Конкурс нәтижесі бойынша біз ұтып алдық. Сөйтіп, дайын үлгіні алып оны түрлі пішінде дайындадық. Қуыршақтар, сөмкелер, жастықтардың барлығы өзіміздің цехымызда тігілді», - дейді «Әдемі-ай» компаниясы директорының орынбасары Айнұр Базарбекқызы.
Компания басшысының айтуынша, бойтұмарлар бейнесімен 10 неше түрлі кәдесый дайындалған екен. Олардың өзі жеке-жеке бірнеше пішінді қамтиды.
«Бойтұмардың өзінен 10 шақты кәдесыйдың түрі бар. Балалардың сөмкесі, жастық, жұмсақ ойыншықтар, т.б. Мысалы, магниттың 12 түрі, қалам-қарындаштың 10 шақты түрін жасадық. Ал саны жағынан айтсақ, жұмсақ қуыршақтан 40 мыңдай, балалар сөмкесінен 15 мыңға жуық, ұсақ дүниелердің әрбірінен 10-20 мыңнан дайындадық», - дейді Айнұр Базарбекқызы.
ЭКСПО басталған бір ай ішінде осыншама кәдесыйлардың өтімі ерекше болған көрінеді. Бойтұмар өндірушілерінің айтуынша алғашқы шығарылған өнім ЭКСПО қонақтары үшін аздық етіпті. Сөйтіп, «Әдемі-ай» компаниясы кей өнімдерді екінші рет қайта шығарады.
«Сұраныс өте жақсы болғандықтан санын қайтадан арттырдық. Әсіресе кәдесый дүкендері көптеп алуда. Бұдан өзге ЭКСПО-ның логотипімен шыққан 10 шақты ұлттық бұйымның түрі де бар. Олардың көбі киізден тігілген киіз үй, түйе, тақиялар мен сөмкелер. Бұлардың барлығы ЭКСПО-дағы, әуежай мен вокзалдағы және Этноауылдағы кәдесый дүкендерінде сатылуда», - дейді кәсіпкер.
Біз компания қызметкерлерінің айтқанына көз жеткізу үшін ЭКСПО қалашығында орналасқан кәдесый дүкендерін араладық. Біз барған дүкендердің барлығында «Әдемі-ай» өндірген бойтұмарлардың түр-түрі кездесті.
«Маскодтар, сөмкелер, жастықтар мен жұмсақ ойыншықтарға шетелдік қонақтар көп қызығып, алып жатады. Осы ЭКСПО-ның өзінде біздің бес дүкеніміз бар. Олардың барлығында «Әдемі-айдың» өнімдері жетерлік. Тек жұмсақ ойыншықтың өзінен әр дүкенде күніне орта есеппен 20 шақтысы сатылады», - дейді standard innovation кәдесый дүкенінің қызметкері Гүлзат.
Дүкендерден кәдесый сатып алып жатқан қонақтардың көбі жұмсақ ойыншықтарды таңдап алып жатқанын байқадық. Біз жолыққан маңғыстаулық қонақтың таңдауы «Сәулеге» түсті.
«ЭКСПО-ның бойтұмарларынан жасалған ойыншықтардың барлығына қызығып тұрмын. Мен қызыма сыйлық ретінде «Сәулені» алсам деген ойым бар», - дейді Жаңаөзен тұрғыны Ақмаржан Жарылғасова.
 

















НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 тамыз 2017 г. 735 0