Сұлу Сырдың бойында орналасқан әсем қала – Қызылорда күн санап құлпырып келеді. Қала көшелері кеңейген, жарықтан-дырылған, сымбатын арттырар гүлдермен көмкерілген. Ұлттық нақышпен әдіптелген оюлар, тіпті, ғажап. Әсіресе, әр жерге қойылған бағзы замандардың бейнесін беретін ескерткіштер өткен күндерден сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Құдды бір жұмақ мекен дерсің.
Иә, бұл – біздің Қызылорда. Жаңарған, жасарған, ерекше кейіппен жасанған. Мұндағы құрылыс жұмыстары атқары¬лып жатқан көп тірліктің бірі ғана. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы 264 пәтер берілсе, 2015 жылы 2652 отбасы баспаналы болған. Сондай-ақ, 2015 жылы көпқабатты 53 үй тапсырылса, өткен жылы 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Соңғы 3 жылда 11 шағын аудан бой көтерген. 2016 жылы Қызылордада бір мезетте 4115 пәтерден тұратын көпқабатты үйлер салынды.
Алашқа ана атанған Сыр өңірінде бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Қазіргі таңда облыста жалпы ауданы 141,3 мың шаршы метрді құрайтын 41 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бұл жұмыстарға барлық қаржыландыру көздерінен 2 260,4 млн теңге бөлінді.
Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған медици¬налық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары бой көтерді. Үш ауысыммен оқытылатын мектептер азайды. Аудандарға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазалы мен Аралда 150 орындық екі орталық аудандық аурухана құрылысы жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың тамыз айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің арқасында Қызылорда қаласында ауысымына 400 келушіге арналған емхана жұмыс істей бастайды.
Негізінен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде құны 20 млрд теңгеден асатын 21 жоба жүзеге асуда. Бұл саланың жұмысын әрі қарай жандандыру үшін облыстағы денсаулық сақтау объектілерін жаңғыртудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспары әзірленді. Осы жоспардың аясында құны 38,2 млрд теңгені құрайтын 79 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл ретте құны 21,5 млрд теңге тұратын 76 нысан жеке инвестициялар мен жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен салынбақшы.
Білім саласында да құрылыс жұмыстары толастаған емес. Ағымдағы жылдың мамыр айында 9 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында 3 білім ошағы есігін айқара ашып, оқушыларды қуанышқа кенелтеді деп күтілуде. Осымен аймақтағы апатты жағдайдағы мектептердің мәселесіне нүкте қойылады.
Бүгінде Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге де қалалардан кем түспейді. Өйткені, бұл қала Елордаға қарап бой түзеуде. Осы жерде шығыстық үлгіде жаңғыртылатын Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақ жұртшылықтың да ерекше қызығушылығын тудыруда. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтып өтуге болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен, сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құ¬ралады. Атап айт¬қанда, тұрғындарға ар¬нал¬ған 11 аудан, 1 ин¬дустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған жоба облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Ағымдағы жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Жалпы, құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының аяғына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады. Ал, жоба құны 742 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптес¬тік аясында салынуда.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, 2018 жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын жүргізу де жоспарда бар екен.
Алдағы уақытта осы аумақтан жастар орталығы, Неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталықтың және Сыр елінің өткенінен сыр шертер Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайының ғимараттары бой көтермек.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.