«ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде Астана қаласында Қызылорда облысының жәрмеңкесі өтіп келеді. Бұған дейін жәрмеңке биыл екі мәрте ұйымдастырылды. Алғашқысы 3-4 маусым күндері, екіншісі 15-16 шілдеде өтті.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап, Қызылорда қаласы мен облыстың 7 ауданынан 15 автокөлікпен Сыр өңірінен 30-дан астам өнім түрі жеткізілді. Оның ішінде күріш, жылқы еті, тауық еті, сүт өнімдері, ара балы, балық, жеміс-жидек, көкөністер бар.
Жәрмеңкеде 45 млн теңгенің 200 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдері Астана қаласының ауыл шаруашылығы басқармасымен келісіліп сатылды. Мәселен, жылқы етінің бағасы – 1600 теңгеден (Астана қаласында нарықта жылқы етінің 1 кг 1800-2000 теңге), күріш – 180 теңгеден, балық өнімдері 300 теңгеден 1500 теңге аралығында, сүт өнімдері, оның ішінде қымыз, шұбат – 500 теңгеден, қаймақ – 600 теңгеден, ас тұзы – 40 теңге, қырыққабат 70 теңгеден сатылды.
– ЭКСПО-2017 көрмесі аясында елордада төрт рет жәрмеңке өткізу жоспарланған болатын. 10-14 тамызы күндері Елордада аталып жатқан облыстың мәдениеті және өнері күндері өткізілуіне орай, 12-13 тамыз күндері Астана қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінің өткізілуі әзірленуде. Осыған дейін бізбен биыл екі рет, яғни, Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарымен бірігіп, өңіраралық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырдық. Онда 400 тоннаға жуық өнімдер сатылды. Енді Алматы облысымен бірігіп, Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінің автотұрағында жәрмеңке ұйымдастырмақшымыз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов.
Жәрмеңкеде Астана тұрғындары мен қонақтарына Қызылорда қаласы мен облыстың 7 ауданынан, 30 шақты шаруашылықпен, 15-тей автокөлікпен 40 түрлі өнім түрі сатуға ұсынылмақ.
Оның ішінде, Сыр елінің мақтанышы, негізгі дақылымыз күріш, өңірдің әйгілі қауын-қарбызы, Арал теңізінің дәмді балығы және басқа да өнімдері бар. Атап айтар болсақ, күріш – 60 тонна, жылқы еті – 3 тонна, тауық еті – 1 тонна, сүт өнімдері – 4 тонна, қымыз – 0,5 тонна, шұбат – 0,5 тонна, ара балы – 0,2 тонна, балық – 15 тонна, конфет – 2 тонна, көкөніс, қияр, қызанақ – 20 тонна, құлпынай, алма, алмұрт, өрік – 1 тонна, картоп – 35 тонна, сәбіз – 8 тонна, қырыққабат – 10 тонна, сөк, талқан – 0,5 тонна, ас тұзы – 5 тонна, қауын – 40 тонна, қарбыз – 50 тонна т.б. өнімдер ұсынылады.
Бұл жәрмеңкеде 60 млн теңгенің шамасындағы 260 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдері сатылатын болады.
Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.