Қазір Астанада төрткүл дүниені таң-тамашасымен тәнті етіп отырған «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. Айтулы шара аясында үстіміздегі жылдың 10-15 тамыз күндері Елордада облысымыздың мәдениет күндері өтеді. Оған аймақтан 270-ке жуық өнерпаздар қатысады деп жоспарланып отыр.
Алашқа ана атанған Сыр жұртшылығы бас қала халқын немен тәнті етпек, осыған тоқталайық. Алдымен 9 тамыз күні сағат 11:30-да Астана қаласындағы орталық коммуникация қызметінде
брифинг өткізіледі. Осы жерде Сыр өнерпаздары дайындаған мәдени шаралар туралы кеңінен айтылады. Ал, мәдениет күндері 10 тамыз күні сағат 19.00-де М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында басталады. Бұл жерде облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры әзірлеген Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклі қойылады. Сондай-ақ, 10-20 тамыз аралығында Этноауылда облыстың тарихы мен мәдениетіне арналған «Сыр шежіресі» атты көрмесі өткізіледі. Сырдан барған қолөнер шеберлері «Шығыс базары» жәрмеңкесіне қатысып, өздерінің тауарларын шығарып, шеберліктерін көрсететінін айта кету керек. Олардың арасында кілем тоқу, ағаш, темір ұсталары, зергерлік бұйымдар жасайтын және сүйек өңдейтін шеберлер мен түрлі музыкалық аспап жасайтын небір бесаспап мамандар болады.
Сыр өнерпаздары дайындаған мәдени шаралар 11 тамыз күні Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жалғасады. Онда облыстық филармонияның «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы әзірлеген Г.Остердің «Мазасыз тиін» қойылымы сахналанады. Сонымен қатар, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының М.Ф.Ахундзаденің «Кетпейсің. Болды, кетпейсің...» атты қойылымы көпшілікке ұсынылады.
Астана халқын Сыр өнімдерімен қамту да назарға алынған. Бұл тұрғыда 12 тамыз күні «Қазақстан» СК-де облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтетінін еске салған жөн болар. Жәрмеңкеге келген жұрттың көңілін көтеру үшін де арнайы концерттік бағдарлама дайындалды. Жәрмеңке екі күнге созылады.
Келесі күні, яғни, 13 тамыз күні Астана қаласының бірнеше мәдениет орындарында және «Қазанат» ипподро¬мының аумағындағы этноауылда төл өнерімізді насихаттау мақсатында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен дәстүрлі орындаушылардың, қобызшылар мен домбырашылардың, «Ақмешіт» фольклорлық, сондай-ақ, «Томирис» би ансамбльдерінің жеке концерттері өтеді. Оған қоса ат үстіндегі өнер, қазақы тұқымды тазылардың көрсетілімі, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, сынды ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер мен жарыстар ұйымдастырылады.
14 тамыз күні сағат 20.30-да «Астана ЭКСПО-2017» аумағының амфитеатрында «Сырдария – Жырдария» атты Сыр елі өнер шеберлерінің гала концерті өтеді. Гала концерт барысында тікелей байланыс арқылы ғарышкерлердің құттықтауы көрсетілетін болады.
Міне, осылайша, айналасы бірнеше күннің ішінде Сыр өнерпаздары Елорда жұртшылығын өз өнерлерімен тәнті ететін болады. Облысымыздың мәдениет күндері Астана халқына рухани күш сыйлайды деген сенімдеміз.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.