Еліміз үшін маңызы ерекше халықаралық көрмені тамашалауға Сыр өңірінен 52 мың билет сатылып, 35 мыңнан астам облыс тұрғындары көрме тамашалауға барған. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бюджеттік сала қызметкерлері, оқушылар, студент жастар бар.
Ұлы дала төрінде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі бойынша қазіргі таңда облыстық деңгейде тиісті шаралар жасалып келеді. Оның ішінде көрмені ілгерілету, өңір тұрғындарын көрмеге қатысуын және көлікпен қамтамасыз ету, Астана қаласына орналастыру, еріктілер корпусын қалыптастыру, туристердің келуін қамтамасыз ету, көрме билеттерін сату бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Көрмені насихаттау бойынша биылғы жылғы қаңтар-шілде айларында Қызылорда қаласы мен аудандарда 300-ден астам түрлі мәдени көпшілік, танымдық шаралар ұйымдастырылды. Көрменің негізгі туристік нысандарының қатарына Қызылорда облысынан «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен «Қорқыт ата» мемориалды кешені енгізілген.
Қызылорда облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында барша түркі елінің абызы атанған «Қорқыт ата» кешені маңына «этноауыл» 20 маусымда салтанатты түрде ашылып, 15 қазанға дейін жұмыс жасайтын болады.
Этноауылда 7 киіз үйі тігілген. Әрбір үйдің өз атауы бар (киіз бұйымдар үйі, саз бұйымдар үйі, кілем бұйымдар үйі, хан киіз үйі, былғары бұйымдар үйі, зергерлік бұйымдар үйі, иірілген жіптен жасалған бұйымдар үйі). Осы үйлерде облысымыздағы қолөнер шеберлері шеберлік сыныптарын көрсетіп, өз өнімдерін туристерге ұсынуда.
Айта кету керек, ашылған күннен бастап бүгінге дейін этноауылға 5000-нан астам туристер мен қонақтар келіп үлгерген. Келушілер қатарында облыс тұрғындары, Атырау, Ақтау, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Астана қалаларының тұрғындары мен Франция, Литва, Швейцария, Венгрия, Гамбия (Африка), Мексика, Кения (Африка), Гондурас (Латын Америкасы), Бельгия, Мадагаскар (Африка), Финляндия, Гренада (КАРИКОМ), Соломонов аралы, Израиль, Нидерланды, Ватикан, Монако, Украина, Армения, Азербайджан, АҚШ, Словения, Антигуа және Барбуда (КАРИКОМ), Испания, Ұлыбритания, Германия, Голландия, Жапония, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Польша, Түркия, Иран, Румыния, Чехиядан туристер бар.
Шынар БЕКБАН.