Қазақстанды әдетте табиғи ресурстарға бай болғандықтан сол ырзық-несібенің игілігін пайдаланушы ел ретінде таниды. Бірақ, соңғы жылдары елімізде жүргізілген индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша көптеген игілікті шаралардың атқарылып жатқанын және оның тиісті жемісін беріп отырғанын айналып өтпеске болмайды. Осының нәтижесінде Қазақстан бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі бойынша 140 елдің ішінде 53 орынға орналасқан. Ел дамуының мүмкіндіктері ретінде Елбасы жуырда Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндіктері туралы жиі айта бастады. Бұл, сайып келгенде, жуық арада Қазақстанның дамуының негізгі серпінді бағытына айналатын болады.
«Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумында не айтылды?
Үстіміздегі жылдың мамыр айында Астанада форум аясында өткен «Тығыз ынты¬мақтастыққа арналған саяси бірлес¬кен қызмет» атты «дөңгелек үстел» жиы-нына қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақытылы жауап екенін атап өтті.
– Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары миллиондаған адамдардың экономикалық белсенділігін төмендетіп, өмір сүру деңгейіне әсер етті. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады. Осындай жағдайда халықаралық кооперацияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезінуде, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкеледі.
Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» өңірлік кооперациясының жаңа моделінің мықты тұстарына ерекше тоқталды.
– «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия әлемнің ең ірі нарықтары арасындағы басты дәнекерге айналып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың осы процестегі маңызды рөліне тоқталды.
– «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының эко¬номикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалықодақ платформаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.
– Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.
– Жобаларды бірлесе қаржыландыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструк¬торлық жұмыстар мен технологиялар трансферті орталықтарын, инновациялық компанияларды, венчурлық қорларды құру мәселелерін қарастырған дұрыс. Осы орайда, қазақстандық ғалымдардың Жібек жолының Халықаралық ғылым академиясын құру жөніндегі ұсынысына назар аударғым келеді. Сонымен бірге, қоршаған ортаның, соның ішінде көлік артериялары бола алатын ішкі континентальды трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді басқару мәселелесін де назардан тыс қалдырмаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» идеясын ойдағыдай іске асыру үшін мүдделі елдер арасында өзара сенімнің орнығуы, олардың тең құқықтылыққа және жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды екенін атап өтті.
Туризм, көлік-логистика экономика діңгегіне айналады
Ресми мәліметтер бойынша еліміздегі туризм саласының көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, 2016 жылы ішкі саяхатта болғандар 9,6 млн адамды құрады, ал шет елдерден келген туристер саны 6,5 млн адамға жетті. Шетелдіктердің 90 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан секілді ТМД елдерінен келгендер. Қалған 10 пайызы Қытай, Түркия мен Иран және өзге мемлекеттердің азаматтары. Қазіргі кезде Статистика комитетімен, «Маккензи» мен «Реформатикс» компанияларымен, сонымен қатар, ЮНВТО және Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе туристерді тіркеудің әдістемесін өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017 жылғы саяхат пен туризмнің бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі рейтингінде Қазақ¬стан 136 мемлекет ішінде 81-орынды и嬬ле¬ніпті. Жалпы алғанда, Қазақстан маңыз¬ды туристік әлеуетке ие. Бірақ сол мүмкіндіктерді пайдалану жағы әзір¬ге әлсіз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген жаңа тұжырымдамада аталған түйткілдерді шешудің жолдары қарастырылған. Мәселен, өңірлік туризм аймақтардың ерекшеліктеріне сай 6 клас¬терге бөлінбек. Кластерлер «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақ¬стан¬ның еркін мәдени аймағы», «Алтай інжу-маржаны», «Ұлы Жібек жолын жандандыру», «Каспий қақпасы», «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің біртұтастығы» деп аталады. Олардың соңғылары Сыр өңірінің туризм мүмкіндіктерін қамтитынын да атап өткіміз келеді. Сонымен қатар, жаңа жобада мәдени-танымдық және этнографиялық туризм, оқиғалық, балалар мен жасөспірімдер туризмі, медициналық, кемпингтік, аңшылық-трофейлік және спорттық туризм де қарастырылып отыр.
Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас хатшысы Қазақстандағы туризмді дамыту үшін атқарылуы тиіс бірқатар шараларды атап өтті. Талеб Рифайдың ұсынысы бойынша, елімізде шетелдік туристер үшін виза алуды жеңілдетіп, туристердің елге келіп-кетуіне қолайлы жағдай жасау қажет. Сондай-ақ, Қазақстанның ерекшеліктерін халықаралық деңгейде насихаттау және туризм саласының мамандарын дайындау ісін жетілдіру туралы ұсыныс білдірді.
Дүниежүзілік туристік ұйымның ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстанның туристік саласын одан әрі дамыту бойынша шараларды қабылдау туралы үкімет тарапынан бірқатар тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, Үкімет мәселелерді қарау қорытындысы бойынша туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдады.
Қазір біздің еліміз үшін ең маңыздысы – транзиттік тасымал мәселесі. Соңғы деректер бойынша 2016 жылы көліктік ұйымдардың транзиттік тасымалдан түсетін кірістері 267 млрд теңгені, оның ішінде теміржол көлігінде 222,6 млрд теңгені, әуе көлігінде 44,3 млрд теңгені және автомобиль көлігінде 67 млн теңгені құраған. Ал 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдан түсетін кіріс 1,3 трлн теңге, оның ішінде темір жол көлігінде 1,1 трлн теңге, әуе көлігінде 134 млрд теңге және автомобиль көлігінде 66 млрд теңгені құрауы тиіс.
Қытайдың және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Еуропалық Одақпен сауда қатынастарының қарқынды дамуы Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін нығайтуға қолайлы алғышарттар туғызуда. Сондықтан, көлік саласының өсіміне әсер ететін еліміздегі негізгі драйвер ретінде біз бірінші кезекте Қытай бағытын қолдап отырғанымыз белгілі.
2016 жылы ҚХР-Еуразодақ-ҚХР бағы¬тында контейнерлік тасымалдардың көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе артса, 2017 жылдың 5 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы да 2,2 есеге өсті.
Инвестициялар және даму министрі ұсынған деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстан Республикасының аумағы бо¬йын¬ша транзиттік қатынаспен 245 мың контейнер тасымалданған. Бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,5 мың контейнерге немесе 14 пайызға артық. Ал үстіміздегі жылдың 5 айында транзиттік контейнерлік тасымалдардың көлемі 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге өсті.
Соңғы жылдары әуе көлігіндегі транзиттік жолаушылар ағыны 20 есеге дейін өскен. Қазақстан арқылы транзитпен өтетін негізгі жолаушылар ағыны Қытайдан Еуропаға, Ресей және Түркияға, Еуропа мен Үндістан, Украина мен Өзбекстан, Қырғызстан мен Оңтүстік Корея арасында күшейе түскен.
Қазір Қытайдан басталатын жүк контейнерлерінің 1 пайызы ғана Қазақстан аумағы арқылы, қалған бөлігі басқа елдер арқылы өтіп келсе, 2020 жылға қарай 80 пайызы Қазақстан арқылы өтпек. Міне, осы жанды цифрлар Қазақстан дамуының жаңа мүмкіндіктері мол екенін аңғартады.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.