Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын айтып өтті.
Ғылым мен технология дамыған, жаһандану белең алған бүгінгідей заманда бәсекеге қабілеттілер ғана алға жылжиды. Академик Әбдімәлік Нысанбаевтың республикалық «Айқын» газетінде жарияланған мақала¬сында: «Болашақта Қазақстанның бет-пердесін не анықтайды? Еліміздің болшақтағы келбетін анықтайтын – бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілік саясатта, экономикада, руханиятта, яғни барлық салада болуы керек. Бәсеке болмаған жерде іріп-шіріп, тозып кетеміз. Бәсеке болған жерде жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, санамызды жөндейміз. Бәрі санадан басталады. Сол үшін сана түзелуі керек. Сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиіспіз. Абай атамыз баяғыда «Адам бол» деп айтып кеткен. Бұл – қазақтың ұраны іспетті сөз. Елбасының осы мақаласында Абайдың ақылман сөзінің көрінісі бар. Бұл жұмыстың арқауы өте тереңде жатыр» деп көрсетілген. Ал, сана жаңғыру үшін рухани құндылықтарды жастардың бойына сіңіру қажет.
Тәуелсіз елдің ертеңі жастар екені белгілі. Бола¬шақтың бүгіннен басталатынын ескерсек, ертеңіміз деп сенім артқан жастарымызды рухани жаңғыру жолында біріктіруіміз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп тегін айтылмаса керек-ті. Қашанда «бірлік бар жерде тірлік бар» екенін ұлы халқымыз жақсы білген. Біз бүгінгі жетістіктерімізге, мекен етіп жатқан ұлан-ғайыр байтақ жерімізге, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін берік сақтаған елімізге, тіпті, сан ғасырлар бойы арман болып келген егемендігімізге осы бірліктің арқасында қол жеткіздік. Сол себепті, мақсат-мұраттарызға жету үшін, экономикасы дамыған, саяси әлеуеті бұдан да артқан әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енгіміз келсе жастарды берік бірлік пен мызғымас тірлікке бастаған жөн. Қалай болғанда да жастар жайы елдің ертеңімен тығыз байланысты.
Жастар – елдің үміті мен сенімі. Жалпы, жастар жайлы «Мен жастарға сенемін» деп Мағжанша тебіренгісі келмейтін қазақ кем де кем шығар, сірә. Қандай қиын кезеңде де жастар тығырықтан жол тауып, ел болашағы үшін күресе білген. Тарихқа көз жіберсек, үш жүздің басын бір арнаға тоғыстырған Абылай хан жоңғардың Шарыштай хас батырына қарсы шапқанда небәрі он алты жаста болыпты. Сонда сол жердегі жекпе-жекте қазақтың бес батырын қатарынан семсерімен сүйеп өткен Шарышқа қазақтар жағынан ешкім беттей қоймапты. Қазақ әскерінің бас қолбасшысы Бөгенбай батыр өзі шығып бара жатқанда Сабалақ атанып, әлі таныла қоймаған Абылай «Мен барайын» деп, Бөгенбайдың батасымен жауға шауып, дұшпанын жеңген. Бұл Абылай ханның кейінгі өміріне айрықша әсер еткені тарихтан белгілі. Айта берсең осы сынды мысал көп. Тіпті, Алаш арыстары ел ертеңі үшін күрес жүргізгенде олардың жап-жас болғанын аңғару қиын емес. Күллі түркі әлемінің көсемі атанған Мұстафа Шоқай Түркістан мемлекетін құрғанда жиырма бір жастағы балаң жігіт екен. Шоқан Уәлиханов та бар болғаны отыз-ақ жыл өмір сүрген. Ол қысқа ғұмыр кешсе де, мәңгілік өшпес мұра қалдыра білді. «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған Мағжан да, «Оян, қазақ!» деген Міржақып та, «Қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп тебіренген Сұлтанмахмұт та жастай саяси өмірге араласып, қаруды қаламмен алмастырып рухани соғыстың бел ортасында жүрмеп пе еді. Бұдан біз рухани жаңғыруға ден қойған елдің болашағы жарқын екенін аңғарамыз.
– Пай, пай, пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер!
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!», – деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, ең біріншіден, туған жеріміз Қазақстанға тағзым етіп, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтуымыз керек деп ойлаймын.
Қазір, құдайға шүкір, тәуелсізбіз. Бүгінгі жастар тәуелсіздік жылдары өмірге келген, тәуелсіздік жылдары білім алған, жұмысқа кіріскен жастар. Олар елдегі бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің арқасында күліп-ойнап, білім алып жүрген ерікті елдің еркін ұландары екенін сезініп өсіп келе жатыр. Елбасы бір сөзінде: «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйытқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!» – деп айтқан. Бүгінгі жас ұрпақ тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін жауапты екенін, оларға алдыңғы буын зор сенім артып отырғанын түсінгендері жөн.
Жастар мәселесіне Сыр елі айрықша мән беріп отыр. Өткен жылы мектеп бітірушілердің 95 пайызы жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсті. Соңғы үш жылда мектеп бітірушілер ең үздік отандық, ресейлік жоғары және арнаулы орта оқу орындарына мақсатты түрде оқуға жіберілуде. Бүгінгі таңда, 400-ге жуық түлек Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда. Олар сол мемлекеттің білім гранты есебінен оқып жатқанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағынан аз қамтылған негізінен ауылдық отбасыларынан шыққан 500-ге тарта жас облыс әкімінің гранты бойынша білім алуда.
Биылғы жылы да жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсетін түлектеріміз көп болады деп сенім артылуда. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша орташа балл 82,4 пайызды көрсетті. Мектеп бітірушілердің 20 пайызы 100-ден жоғары бал жинаған. Соңғы жылдарда ҰБТ-ның ең үздік көрсеткіштері бойынша облысымыз алдыңғы бестіктен көрініп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың қыркүйек айынан бастап тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы іске қосылады. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауынан Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді. Онда жастарға жан-жақты даму мәселелерімен айналысуға мүмкіндік туады.
Өзім жас болғаннан кейін де, жастармен көп араласып, солардың арасында жүргендіктен көп жайтқа қанықпын. Кейбір жастар жеңіл музыкаға құмартып тұрады. Қазақтың қанына сіңген күйлері мен термелерін тыңдамайды. Жанға батса да Абайды оқымайтынын, Құрманғазыны тыңдамайтынын айтуға тура келеді. Елдің рухани жаңғыруын көздейтін мақалада Мемлекет басшысы егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, оның адасуға бастайтынын алға тартады. Шынында, өз халқының мәдениетінен, өнерінен, әде¬биетінен жұрдайадамнан қандай жаңғыру күтеміз?! Міне, сондықтан да, жаңғыруды жастардан бастағанымыз абзал. Біздің нені меңзеп отырғанымызды көзі қырағы оқырман аңғарып та қойған шығар. Шынтуайтына келгенде, бұлар қазақтың атын әлемге әйгілейтін, ұлттық менталитетті білдіретін, ұлтпен бірге жасасып келе жатқан дәстүрге айналған өнер түрлері. Күйді жан-тәнімен сезініп, жырды барынша ұғынып тыңдайтын жастардың қатары көбейсе, бір жағынан ұлттық құндылықтардың жойылмасы анық. Екіншіден, бұл жерде тіл мәселесі мен діл машақаты да бар. Қазақты басқа ұлттардан ерекшелеп тұратын ана тіліміз мәңгі жасаса ғана жер бетінде қазақ деген ұлттың мәңгі жасары ақиқат. Бұл – өзгермейтін аксиома Кезінде Әміре Қашаубаев Еуропадағы Франция елінде Ақан серінің “Балқадишасын” орындағанда сондағы өнер иелері мен көрермен қауым түгел түрегеп тұрып қол шапалақтап, ерекше құрмет көрсеткен екен. Бұдан артық дәлелді таппай да отырмын.
Білектің күшімен, найзаның ұшымен, соңғы демі қалғанша туған жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған ұлы даланың ұлы кемеңгерлерінің арқасында біз бақытты ғұмыр кешудеміз. «Тәуелсіз Қазақстан!», «Қазақстан Республикасы»! Неткен керемет, киелі ұғым¬дар! Бұл ұғымдардан, Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады. Бүгінде біз – қанатын кеңге жайған егеменді елміз. Көк туымыз желбіреп, сол жағымыздағы мақтаныш сезімімен дүрсілдеп тұрған жүрек әнұранымызға әуен қосып, асқақтай шырқалуда. Жоғарыдағы әлгіндей сұрақты қою арқылы жас ұрпақтың қаншалықты өз туған елі мен жерін сүйетінін аңғаруға болады. Сондықтан да, осындай әдістерді негіз етіп алып, рухани тұрғыдан тәлім бергенді жөн секілді. Бұл өз нәтижесін де беріп келеді. «Шетелге не үшін кетеміз? Оларда бар байлық бізде де бар. Мына туған өлкемізді гүлдендіру жолында еңбек еткіміз келеді» деген жастардың да сөзін естіп қуанып қаламыз. Мұндайда еліміздің ертеңінен, болашағынан жүрегім қорықпайды, керісінше, қуанады, ендеше, келешегіміз нұрлы болмақ. Оған негіз – қазіргі «арыстандай», «жолбарыстай», «қырандай» күшті жас ұрпақтың, біздің бүгінгі әдемі әрекеттеріміз, ұтымды ұмтылыстарымыз. Мен қазақ болып туылғаныма, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Өйткені, біз Тәуелсізбіз, тәуелсіз елдің патриоттарын тәрбиелеп жатырмыз.
Жастарға ата-бабамыз жүріп өткен жолды дұрыс насихаттай білуіміз де керек-ақ. Халқымыз қазақ болып, ұлт болып қалыптасуы жолында да, одан кейінгі кезеңдерде де, талай қиямет-қайым күндерді де, талай қилы замандарды да, кескілескен шапқыншылықтарды да бастан өткерді. Мұның барлығын жастарға айтып, санасына құйғанымыз абзал. Жәй әншейін айтып қана қоймай, тарихи түрде шындықпен жанастырып, әдебиетпен байланыстыра әсерлі етіп жеткізіп отырғанымыз жөн. Бұл ретте халқымызбен бірге жасап келе жатқан әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді де ескеру қажет. Қазақты өзге ұлттардан ерекшелейтін ғұрыптар мен дәстүрлер жеткілікті. Осылардың барлығын алға тартып, бойымызға атамыздың қанымен дарып, анамыздың сүтімен сіңген ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғындыра білсек, нұр үстіне нұр болмақ. Ол үшін жастарға дұрыс тәрбие беріп, болашаққа деген сенімдерін нығайтуымыз керек. Бұл өз кезегінде санды технологяны игеріп, үш тілде беріліп жатқан білімді меңгеруге салынған жол болмақ.
Қазақстан қоғамының жемісті дамуындағы маңызды шарттың бірі еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық өміріне жастардың белсенді қатысуы болып табылады. Ел тәуелсіздігі қалыптасуының алғашқы жиырма жылдығы барысында орын алған әлеуметтік-саяси қайта жаңғыруда айтарлықтай дәрежеде «алғашқы нәтиже» болып табылатын жастар буыны ерекше мәнге ие. Президент Н.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауларында жастардың ел тағдырындағы шешуші күш екенін әрдайым айтып келеді. «Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы» деп атап өткен Елбасы. Тәуелсіз елдің ертеңі – бүгінгі жастардың қолында.
Мемлекетіміздің болашақ даму бағдары жастардың азаматтық ұстанымына тәуелді. Болашақта Қазақстанның бет-бейнесін айқындайтын да солар болады. Жастарға туған елің мен жеріңді сүй деп айту жеткіліксіз. Оларға Отанды сүйе алатындай тәлім беруіміз шарт.
Жастар жайлы сөз қозғалғанда айтатын әңгіме де, көтеретін мәселе де ауқымды болып келеді. Бұл ретте олардың білім алуларымен қатар, жұмысқа тұру жайы тағы бар. Жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешу мақсатында шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерге, соның ішінде жастарға қолдау көрсеткен дұрыс. Қай кезде де көрегендігімен дараланған Елбасы шағын және орта бизнестің өкілдеріне қолдау көрсетіп келеді. Бұл қадам экономиканы дамытуға, ел ішіндегі жұмыссыздық мәселесін шешуге, сонымен бірге, екі қолға бір күрек таппай жүргендерге үлгі болып отыр.
Бүгінде өз ісін ашып, кәсібін дамытқысы келетіндердің қатары көбейіп келеді. Демек, ел ертеңін нұрлы етуге бағытталған шаралар өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз. Бүгінгі таңда жастар спорт пен мәдениет саласында әлемді бағындырып, ғылым мен технологиядан да таласы бар талапкер жас ғалымдар қатары көбеюде. Әдебиетте де жастардың қолтаңбасы қалып үлгерді. Отандық журналистика саласы жастардың жаңа креативті ойлары арқылы алға қарай қарыштап дамып келеді. Білім саласында да білікті ұстаздардың орнын жас мұғалімдер басуда. Қалай десек те, тәуелсіз елдің ертеңі жастардың қолында.
Елбасы мақаласында осы мәселелердің барлығы көтеріледі. Әсіресе, «прагматизм» сөзіне көңіл бөлуді ұсынады. Мақалада «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» деп түсіндіреді. «Асыл тастан, ақыл жастан» шығады деп жатамыз. Елдің ертеңі нұрлы болсын десек, оған бүгіннен бастап кірісуіміз керек. Жастар ел тарихын біліп, тұлғасын танып, мәдениетін меңгеріп жатса, меңгеріп қана қоймай өзінен кейінгі буынға аманат етсе нұр үстіне нұр. Менің ойымша рухани жаңғыру деген міне, осы.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.