Жергілікті ғалымдар күріш пен мұнайдың қалдығын пайдаға жаратудың тың жолын ұсынып отыр.
Жыл сайын Сыр өңірінде шамамен 40 мың тонна күріш қауызы өндірістік қалдық ретінде қажетке жарамай қалатын. Ал, сырбойылық ғалымдар осы күріш қауызынан арболит жасауға болатынын айтады. Бұл әдіс жеңіл бетон өндірісіндегі дәстүрлі технологиямен салыстырғанда біршама арзан әрі экологияны сауықтыруда пайдасы орасан.
Идея авторы техника ғылымдарының докторы Сәкен Үдербаев тың жаңалық жайында пікірін айтты. «Жергілікті арзан шикізаттарды қолданамыз. Яғни жылу орталығының күлін, сонымен қатар әртүрлі химиялық қоспалар, сұйық шыны, кальций хлориді. Солардың мөлшерін біз екі есе азайтып, арболиттің өзіндік бағасын төмендеттік».
Ал техника ғылымдарының кандидаты Нәби Даужанов темірбетон бұйымдарын өндіруші кәсіпорындар шығынын азайтудың жолын ұсынып отыр. «Яғни бетон құймасын кептіру кезінде күн энергиясы пайдаланылады. Ол үшін арнайы гелиоқақпақ ойлап табылды», – дейді.
Жергілікті ғалымдар мұнай бұрғылау кезінде шығатын қалдықтарды да пайдалы іске бағыттауға болатынын айтады. Әдетте тонналап көмір шы¬ғын¬далатын керамзит өндірісіне енді «қара алтын» қалдықтарын қолданған жөн.
«Алынған технологияны біз Орал қаласындағы керамзит зауытында тәжірибелік сынақтан өткіз¬дік. Ол зауытта акредиттелген зертхана бар. Сол зертхана біздің алынған керамзитіміздің құрамына сертификат сәйкестігін берді. Яғни мемлекеттік стандартқа барлық физикалық-механикалық қасиет¬тері бойынша сай келеді», – дейді техника ғылым¬дарының кандидаты Роза Нарманова.
Жаңа идеяларды тудырушы ғалымдар «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің зертханасында бірқатар тың технологияларды әлі де сынап жатыр. Басты мақсат – энергия және ресурс үнемдеу тәсілдерін жетіл¬діріп, отандық өндірістің өркендеуіне жол ашу.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.