Түркі әлеміне ортақ мұра жетіп артылады. Аңсаған арманымыз да, бірге еңсерген биік те көп. Алтай мен Атыраудың арасындағы ұланғайыр атыраптағы ағеден қазақ жұртшылығымен тілі де, діні де, ділі де ортақ. Сол себепті, түбіміз бір деп айтамыз.
Бір кездері Алаш Арысы Мұстафа Шоқай да осы әлемді өз алдына отау ету жолында күресті емес пе?! «Түркітілдес журналистер қорының» ұйымдастыруымен Алматы, Астана, Ақтау, Қызылорда, Семей қалаларының журналистерінен құралған топтың Стамбұл-Солтүстік Кипрге сапарлауында да ұлы мұрат жолындағы бабалар аманатының, тегі бір ағайынның арасындағы ара қатынастың бір сабақ жібіне айналып, достықты ту етуі басты назарда болды. Көңіл көкжиегін кеңейтіп, Қара теңіздің жағасындағы ақ ниетті елдің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.
Сәтті сапар немесе әңгіменің әлқиссасы
Қара теңіз бен Мәрмәр теңіздің жағалауы көз тартар ғаламат. Бейнебір ежелгі түрік батырларының асқақ рухы сезіліп тұратын тәрізді. Бойымызда бір алапат күш ¬пайда болғандай. Ежелгі Рим, Византия, Осман империясының астанасы болған алып шаһар осы теңіздің жағалауында орын тепкен. Тарихи қойнауы санғасырлық мұраны қапсыра құшақтап жатыр. Әлбетте, мұнысы туризмді дамытып, елге келетін шетелдіктердің санын жыл санап арттырып жатқаны анық.
Стамбұл шаһарында 17 миллиондай ха¬лық тұрады. Талайдың таңдайын қақтырған қаланың бір ғана өзінде тұтас Қазақстан сыйып жатыр деген сөз. Мұнда бір байқағанымыз, еуропалықтар мен азиаттар көп кездеседі екен. Алыс-жақын жерден келген шетелдіктер қолына фотоаппаратын ұстап, суретке түсіріп, елдің тыныс-тіршілігімен танысып жүр. Қажетін түртіп алып, үйренетініне баса мән береді. Стамбұл статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша туристер көп келетін үздік бестіктің қатарында екен. Көне шаһарда санғасырлық тарихты бойына бүгіп жатқан биік мұнаралар мен күмбездер көп. Біз олардың ішіндегі архитектурасы жөнінен алдыңғы орындағысы Сұлтан Ахмет мешіті мен көне сәулет өнерінің озық үлгісінде салынған Айя Софияға бас сұқтық. Себебі, Мәрмәр теңіздің самалы маңдайынан сипап, бетінен өбетін әрбір түріктің мақтанышына айналған мешіт – әлемнің ғажап архитектурасының бірі. Тек қана түркі әлемінің емес, дүние жүзі халықтарының таңдай қағар ордасы. «Алланың құлымын» деп өткен әр түріктің ең әуелі бас сұғатын орны да осы. Сапар басшысының айтуынша, қалада 2 944 мешіт бар көрінеді. Иманды алдыңғы қоятын ислам мемлекеті үшін бұл қалыпты құбылыс. Мұсылман жамағатына әуелі жағдай жасалған. Осман патшаларының ордасы, Топкапы мен Долмабахче сарайы – жүрсең аяғың талатын, көрсең көзің талатын алып мұражайлар. Елдің мерейін асырып, даңқын тасытып отыр. Қараған сайын көзің тоймайтын құнды жәдігерлерге көз тоймастан қарай бергің келеді.
Көне шаһардың мазмұнды мақтанышының бірі, айбынын асырып тұрған – Қапалы Шаршы жабық базары. Сонау 1453 жылы іргетасы қаланған базарды күніне 500 мың адам аралайды екен. Еуропа мен Азияның арасындағы алтын көпір, патша сарайлары мен түрлі деңгейдегі шіркеулер, қамал мен су қоймалары да туристерге қалтқысыз қызмет етуде.
Стамбұлда көрген сайын көңілің бір сер¬піліп, тың ойлар тудырып, жаныңды жадырататын мұндай әсем орындар көп. Бірақ, оны аралауға бір апта да, бір күн де емес, бір айдың өзі жеткіліксіз. Енді бір Қазақстанды құшағына сыйдырып отырған алып шаһарды өзіңіз елестетіп көріңізші!
Кипрдің кереметтері
Атқан таңды кеш қылмай, араға күн салмастан қоржынымызды сайлап, қажеттің бәрін сөмкемізге байлап, «Кипр, қайдасың?» деп тартып отырдық. Бағытымыз – Солтүстік Кипр Республикасы. Стамбұлдан қанатты көлікке жайғасып, Эрджан әуежайынан әп-сәтте түсе қалдық. Нұрын төккен шуақты күн, толқынды теңіз, құмды жағалау. Таңғажайып әсем қала көңіліңді баурап әкетеді. Теңізден соққан салқын желге қарамастан, бойыңды бір жылылық билейді екен. Бұрын-соңды бұл топыраққа табаны тиіп көрмеген жанның таңданысы тәп-тәуір болары белгілі.
Соның ішінде Кипрдің Гирне қаласы ерекше сұлу. Бешбармақ тауының етегінде орналасқан. Ұлттық асымыз емес, бұл таудың аты. Шатқалдарының әсемдігі Табиғат-Ананың шебер суреткер екенін танытып тұр. Тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулық. Таудың ең биік жеріне Кипрдің туы қадалып, қасына Мұстафа Кемаль Ататүріктің «Мен – түрікпін!» дегенде бақыттымын» сөзі жазылған. Елдің әрбір азаматы осы сөздер арқылы рухтанады, түріктердің болмысы бөлек ұлтжандылығы мен намысшылдығы осы сөз арқылы бойындағы қанын тулатады. Міне, олардың ерекшелігі осында жатыр.
Алыс сапар... Мыңдаған шақырымды бағындырып, Кипрден бір-ақ шықтық. Әсте, шаршағанымызды сезбестен қазынасы тарих¬қа, құндылыққа толып тұрған қасиетті мекен¬нің сыр бүгіп жатқан қойнауына сүңгідік те кеттік. Гирнеге жете салысымен ескі айлаққа бет алғанда, қор директоры Нәзия Жоямергенқызы: «Әріптестер, барлығына үлге¬руіміз керек. Сондықтан шаршау ¬деген бізге жат» деп біздің бойымызға бір күш бітіргендей еді. Мұнда балықтан түрлі ас әзірлейтін асханалар орналасыпты. Буы бұрқырап, қазаны қайнаулы. Жерорта теңізіне серуенге шығаратын яхталар мен кемелер қол бұлғап шақырып тұр. Жағалауға таяу маңда ХVІ ғасырда салынған Кирения қорғаны бар. Сұлбасының өзі оның тарихы әріден басталған құнды жәдігер екенін айғақтайды. Ішінде ХІІ ғасырда салынған кішкентай шіркеу мен кирениялық күйреген кеменің қалдықтары сақталған музей жұмыс істеп тұр. Әлбетте қызығушылығымызды тудырды. Алайда уақыт тапшылығына орай келесі нысанды аралауға ат басын бұрып әкеттік.
Құдайы қонақ келсе, астындағы жалғыз атын сойып беріп, өзі жаяу қалар жандардың қатарында тек қазақ емес, түріктер де жетерлік екен. Біздің барғанымызды естіп, тайлы-тұяғы қалмай жиналған Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Ақпарат министрі Кемаль Дүрүст, Білім және мәдениет министрі Өздемир Берова мырза мен Туризм министрі Фикри Атаоғлы қабылдап, қазақ журналистерімен еркін пікір алмасулар ұйымдастырды. Арада ортақ жобалар жасау келісілді. Біздің сапарымыз туралы кипрлік әріптестерге сұхбат берілді, жан-жақты ақпарат беріліп отырды.
Жоспарға сай ағылшын, түрік тілдерінде дәрістер жүре бастады. Сабақтан тыс уақытта Гирне американ университетінің белсенді студенттерінің алып жүруімен оқу орнының кампусын араладық. Онда оқу базасы, жедел көмек көрсететін өзінің денсаулық сақтау орталығы, жатақханасы мен ашық спорт алаң-дары бар. Универси¬тет аума¬ғын¬да он мамандыққа даярлайтын оқу корпустары мен түрлі департаменттері, 50 студенттік клуб, ашық және жабық стадиондар, кафе, мейрамхана, банк, пошта, т.б. мекемелері орналасқан. Жалпы, Кирениядағы Америка университетінде 110 елден сту¬денттер келіп ізденеді екен. Дип-ломы да халықаралық деңгейде мойындалған.
Бұдан бөлек, тарихи жерлерге экскурстурлар көптеп ұйым¬дастырылды, топпен бірге біздің заманымызға дейінгі XIV-XV ғасырлардың қабырғалары мен қамалдары сақталған Фамагуста қаласын аралауға мүмкіндік туды. Ғажайып Фамагустаның көне бөлігінің орталығында XIV ғасырдағы Петр мен Павлдың шіркеуі орналасқан, қазір мешітке айналдырылған екен. Әулие Николай соборы да ерекше әсер қалдырды. Ол ежелгі қаланың орта ғасырлардан сақталған басты ордасы болып саналады. Кипр патшалары оны XIV ғасырдан бергі готикалық стильде салған. Көптеген шай¬қастар мен бірнеше жер сілкіністерінен аман қал¬ған соборға әскербасы болған, 1571 жылы Фамагус¬та қоршауын басқарған Лала Мұстафа-пашаның мешіті болып 1974 жылы қайта атау берілген көрінеді.
Жарқын көңіл мен керемет әсерлерге толы Кипр саяхаты аяқталып, елге қайтатын уақыт та күн санап жетті. Осындай мүмкіндіктің туғанына іштей әлі де қуаныштымыз. Өйткені бұл біз үшін үлкен тәжірибе жинақтап, ақжарқын адамдармен танысып, жақсы дос-жарандарды жолықтыратын, әр елден келген студенттермен табысқан жағымды басқосу болды. Жобаның сәтті өтуіне мұрындық болған Гирне GAU басшысы Орхан Хасаноғлы мырзаға және қор директоры Нәзия Жоямергенге алғысымыз шексіз! Кипрдің 50 градус аптап ыстығында кездесулерден қалмаған, сапар барысында белсенділік та¬нытқан, бағдарламаға жауап¬кершілікпен қараған бар¬лық әріптес-досқа да ризамыз. Бірауыздан “Алла әр сапардың амандығын берсін” дей келе, ұшаққа жайғастық. Ендігі ой – аман-есен елге оралу болды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Қызылорда-Алматы-Стамбұл-Солтүстік Кипр.