ЖЕМІСТІ ЕҢБЕККЕ ЖАРАСЫМДЫ ҚҰРМЕТ

Облыс әкімдігінде көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай жиын өтті. Оған осы салада жұмыс жасайтын мамандар мен ардагерлер, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Елбасы Жарлығымен осыдан он сегіз жыл бұрын көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі белгіленді. Содан бері бұл күн аталған сала мамандарының басын қосатын мерейлі салтанатқа айналды.
Алдымен облыс әкімінің міндетін атқа¬рушы Қуанышбек Ысқақов жұртшылықты мереке¬мен құттықтады.
– Ел мен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған көлік саласының еліміз үшін маңызы зор. Бұл сала қашанда экономиканы алға жылжытушы күш болып келеді. Бүгінгі мерекені Сыр еліндегі көлік саласының мамандары толымды жетістіктермен қарсы алып отыр, – деді Қ.Досмайылұлы. Сондай-ақ, тыныс-тіршілігіміз үшін маңызды саланы алға жылжытуға білікті де білімді, іскер де қабілетті мамандар атсалысып жүргенін тілге тиек етті. Сонан соң облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Мұқышұлы мен облыстың көлік прокуроры Тимур Шүленбаев жылы лебіздерін білдірді.
Шара барысында көлік саласының жетістігін арқау еткен бейнежазба көрсетілді. Соңғы жылдары -республика бойынша, оның ішінде Сыр өңірінде көлік саласы қар¬қынды дамуда. Облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен жалғайтын 211 тұрақты автобус қатынасы ұйымдастырылған. Сонымен бірге, облыс орталығынан Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған және Сарыағаш қалаларына күнделікті жолаушы тасымалдануда. 2015 жылы барлық бағыттар бойынша 291 млн адам тасымалданса, ал, 2016 жылы 332,3 млн көлік қызметін қолданған. Бұл тасымалдаудың 112,5 пайызға көбейгенін көрсетіп отыр. Қызылорда қаласының жолаушылар тасымалын жақсартып, үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобус¬тармен толықтыру бағытында да толымды жұмыстар жасалуда. Еуропалық қайта құру және даму банкімен облыс әкімдігі арасында жасалған келісімге сәйкес Қызылорда қаласының автобус паркіне үлкен сыйымдылықтағы 112 автобус алынды. Бұл автобустар қазір қалаішілік бағыттарға қатынап, тұрғындарға өз қызметін көрсетуде.  
Темір жол саласында да ауыз толтырып айтар жетіс¬тіктер жеткілікті.  Солардың бірі – Сыр елі мен Сарыарқа төсін жалғайтын «Қызылорда – Жезқазған» пойызы екенін айта кеткен жөн. Бұл пойыз Арал өңірінің темір жол бойында орналасқан елдімекендерін аудан және облыс орталықтарымен байланыстырады. Осы жылдың шілде айынан бастап «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» бағытындағы жолаушылар пойызы қайта жүргізіле бас¬тады. Оның жүру жолына облысымыздың оңтүстік бағы¬¬тындағы аудан орталықтары және стансалары мен бекет¬тері енген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы темір жол көлігімен 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданған.
Сыр елінің әуе қатынаста¬рында да серпінді жобалар бар. Айталық, 2013 жылы Қорқыт ата әуежайы арқылы аптасына 20 рейс орындалған болса, бүгінде 33 рейске жетіп отыр. Оның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына тұрақты рейстер қамтылған.
Салыстырмалы түрде қара¬ған¬да, 2013 жылы әуежай арқылы 76 мың жолаушы тасымалданса, өткен жылы 97 мың жолаушы әуе көліктерінің қызметін пайдаланған. Ал, биылғы жыл¬дың  6 айында 49 мың жолаушы ұшаққа мініпті. Облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуға 2014-2016 жылдар аралығында бюджеттен 37 млрд теңге бағытталып, 825 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелері жөндеуден өткізілген. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында 48 көпір, 14 екі деңгейлі жол-көлік айрығы, 2 темір жол өткелі салынды. Бұл жобаны жүзеге асыру нәтижесінде шет елдермен жүк тасымалы артып, жүк айналымы еселене түсті.
Шынында, көлік саласының қызметкерлері өз кәсіби мерекелеріне зор табыспен жетіп отыр екен. Бұл ретте қатынас қызметінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қызметкерлердің марапатталғанын да айтып өткеніміз абзал. «Қазалы Жолаушы» ЖШС директоры Бекқали Бекбаулов Инвестициялар және даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін иеленсе, жеке кәсіпкер Ләйлә Мамитановаға «Үздік автокөлікші» төсбелгісі берілді. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға облыс әкімінің және облыстық көлік прокурорының алғыс хаттары табысталды. Бәрінің көңілі көтеріңкі. Шат-шадыман күйде жүр. Біз де салтанат биігінен көрінген мамандарды құттықтап, марапат иелерімен тілдестік.
– Осы салада жұмыс жасағаныма 20 жылдан асты. Негізінен, жолаушылар тасымалымен айналысамыз. Қазір қалааралық бағытта бірнеше көлігіміз қатынауда. Еткен еңбегімізді ескеріп жатқан облыс басшылығына рахмет, – деді «Үздік автокөлікші» төсбелгісін иеленген Ләйлә Рахышқызы.
Облыс әкімінің алғыс хатын алғандар арасында теміржолшы да, ұшқыш та, жол салушы да, жүргізуші де бар. Араларында мінезі жайдары, жүзі ақ-сары келген «Қазақстан темір жолы» ҰК «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» аймақтық филиалы Қызылорда телімінің бастығы Алмас Даутбаев та бар.
–  Арнайы салтанатты жиын жасап, барлық көлік қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттық¬таған облыс басшылығына алғысым шексіз. Жолаушылар тасымалын дамыта түсу үшін әлі де еңбектенеміз. Темір жолда қызмет атқарғаныма 25 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде ел игілігі үшін жұмыс жасап келеміз. Алдағы уақытта бұдан да жақсы табыстарға қол жеткіземіз деген ойдамын, – деді Алмас Өмірзақұлы ағынан жарылып.
Бұл саланың мамандары шойын жолмен зулатып ару Алматыға өнерлі жастарды аттандырған, құс жолымен арман қуған жандарды әсем Астанаға жеткізген, автокөлікпен сұлу Көкшетаудың келбетін жақындатқан, шырайлы Шымқаланың жемісін сан тарапқа тасыған, Қарағандының көмірін, Қостанайдың ұнын, Қызылорданың күрішін шартарапқа алып барған, алысты жақын еткен жандар.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 тамыз 2017 г. 681 0