ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР СОЛТҮСТІК АЙМАҚТАРДА ЖҰМЫС ЖАСАУҒА НИЕТТІ

Бүгінде солтүстік аймақтарға жұмыс жасау үшін қоныс аударуға 391 азамат ниет білдірген. Олардың ішінде Ақай және Төретам ауылдарының тұрғындары бар. Қызығушылық танытқан азаматтар баратын аймақтарын көріп те келіп жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұрат Ергешбаев хабарлады.
– Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарына қоныс аударып, сол жақта еңбек етемін деген отбасыларға қайтарымсыз бір реттік көмек беріліп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Егер де ол жақта жұмыс істегісі келмесе, алты айдың ішінде қайтып келуіне болады, – деді ол.
Облыста биылғы жылға «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының жүзеге асырылуына 4,1 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері бағдарламаға қатысушы ретінде 7067 адам енгізілген. Облыс бойынша жергілікті бюджеттен 60 мыңға жуық аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік көмек және балаларға арналған жәрдемақы төленді. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік тапсырысы шеңберінде «Сыр мейірімі» жобасы арқылы 225 жалғыз басты қарттар, мүгедектер, өзін-өзі күте алмайтын науқас және аз қамтылған азаматтартүскі ыстық тамақпен қамтылды.
Айта кету керек, өңірге қажетті мамандықтар бойынша әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарынан шыққан студенттерге білім беру қызметіне ақы төлеу үшін облыс әкімінің 182 гранты бөлінді.

Шынар БЕКБАН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 тамыз 2017 г. 529 0