«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген сөздің өзі де қартайды. Бірақ осы сәтті тіркес қай кезде де тіл ұшына орала береді.
Біз газет бетінде қоғамдық көліктердің халыққа қызмет көрсету дәрежесі туралы осымен нешінші рет сөз айтып отырғанымызды санауға ұялдық. Алайда, осы мәселемен күн сайын кезігетін болған соң айтпасқа амалымыз да жоқ. Мүмкін ықпалды орындардың құлағына шалынып қалар.
Бірінші мәселе, қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы тұтынушы талаптарына сай емес. Осы күнгі қапырықта қолданыста жүрген шағын автобустардың ешқайсысында желдеткіш жоқ. Салонның ішіне жағымсыз иіс ұрып тұрады. Орындықтары тозған, кейбіреулері түрегеп тұратын жолаушыны көбірек мінгізу үшін орындықтарын сыпырып тастаған.
Екінші мәселе, «ГАЗельдер» үйренген атан жарысын қоймай келеді. Соңғы жылдары 70 теңге үшін жарысам деп аударылып, соқтығысып талай адамға зардап шектірген оқиғалардың өткенін ұмытқан жоқпыз. Кейбір кезде осы көліктер керісінше тасбақа жүріске түсе қалады. Жүргізуші мен кассирлер жолаушының уақытымен санас¬пай, қала ортасындағы аялдамаларда алдындағы көлікті ұзатып жіберу үшін бірнеше минут тапжылмай тұрады. «Бұл соңғы аялдама емес қой, жүрейік енді» дегендерге жауап дайын: «Біздің өз уақытымыз бар.» Яғни, қоғамдық көлік иелері көпшілікке емес, көпшілік көлік иесіне қызмет етеді. Сонымен бірге кассир жұмысына кішкентай баланы немесе өзі бір орындыққа отырып алатын үлкен кісіні қояды. Дағдылы сөздері: «Көлік жекеменшік, өзім білем». Олардың көлігі шынында жекеменшік, ал, тендер арқылы алып отырған қалаішілік қозғалыс бағыты, ауызекі қолданыс тілімен айтсақ, маршрут жекеменшігі емес. Демек, олар сапалы қызмет көрсетем деп жеңіп алған маршрутта халыққа лайықты қызмет етуі керек екенін білуі тиіс. Ал, оны кассир бала мен кемпірге түсіндіріп жатқан бір құзырлы орын бар ма? Негізі осындай көпшілік көліктерінің жүргізушілері жалдамалы кісілер болғандықтан, олардың кассир не айтса, соны істеп отыратынын жолаушылар жақсы біледі.
Жұрттың бәрін күстана қылуға қақымыз жоқ. Қалалық автобус паркіне қарайтын көп сыйымдылықтағы қалаішілік автобустардың қызмет көрсетуі көңіл көншітеді. Олар жарыспайды, уақытымен жүреді, кассирлері арнайы қызметтік киім киеді, аялдамаларды хабарлап отырады, т.т.
Ал, мына жеке көліктердің тасымалдау қызметі қашан жақсарады?
Д.АЯШҰЛЫ.