Рухани жаңғыру және қазақ хандығы

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаң¬ғыру» атты мақаласында: «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым» деп атап өтеді.
Жалпы, қазақ халқының тарихындағы ең үлкен жаңғырудың бірі ол – Қазақ ханды¬ғының құрылуы десек, артық  айтқандық болмас. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай көркем фильм түсірілді. Бұл ауқымды тарихи жобаның авторы Мемлекет басшысы екенін айта кеткен жөн. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша жазылған. Оның режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдірашев. Бұл киноны көрген бар қазақ тарихтан тағылым алды.
Осынау сайын далада көшпелі үрдіспен өмір сүретін, тілдері бір, әдет-ғұрыптары ортақ түрлі ру мен тайпалар Керей мен Жәнібек сұлтандар көтерген тудың астына біріге білді. Осының арқасында Қазақ хандығы қалыптасып, еркіндікті жандарынан артық санайтын, сәйгүлігін жансерігіне балаған бүтін бір ұлт ортақ мүдде мен ортақ  арманның айналасына топтасты.Ғалымдардың ортақ пікірі¬не сүйенсек, Қазақ хандығы 1465 жылы құрылған. Бұған Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегіндегі деректерді дәлел етуге болады. Сонымен қатар, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» және қазақтың заңғар жазушыларының қатарынан саналатын Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан көп мәлімет алуға болады.
Тарихи шығармалар мен зерттеулердің желісі бойынша айтатын болсақ, алдымен Керей мен Жәнібек Ақ Орда мемлекетінің ханы Әбілхайырдан бөлініп, Шу мен Талас өзендерінің аралығында орналасқан Қозыбасы деген жерге қоныс теуіпті. Ұлы даладағы ұлы дүбір, міне, осылай басталыпты. Асан атамыз желмаясына мініп ел аралап, жер кезіп, болашақта қазаққа қоныс боларлық мекенді, «Жерұйықты» іздеуі де осы кезден бастау алған десек қателеспеспіз.
Ал, енді хандық дәуірде үш жүздің баласына кімдер билік жүргізіпті? Осыған тоқталайық. Өз алдына хандық құрылғаннан кейін Керей хан болады. Одан соң хан тағына Жәнібек отырады. Қазақ хандығының қалыптасуы барысында алғашқы қазақ хандары Сыр бойындағы қалалар үшін күрес жүргізген. Көптеген жорық, шайқас, шайбан әулетімен соғыстар жиі болған. Бұл күресте бірде қазақ хандары жеңіске жетсе, енді бірде жеңістің ауаны Әбілхайырдың ұрпақтарына да бұйырып отырған. Керейден кейін Мұрындық хан болған. Кейбір деректерде Бұрындық деп те аталады. Оның кезінде Созақ, Сауран, Сығанақ жұрты қазақтарға қарайды. Одан кейін хандық билік атақты қолбасшы болған Қасымға өтеді. Қасымның кезінде қазақ хандығы бұрынғысынан бетер күшейеді. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» атты романында Қасым ханның тұсында қазақ әскерлерінің саны үш жүз мың болыпты деген дерек келтірілген. Осының өзінен оның қаншалықты қуатты мемлекеттің ханы болғанын аңғару қиын емес.  Осынша көп әскері бар хандық өз шекарасын біршама кеңейтіп те алады. Тарихи деректерге сүйенсек, Қасым ханның кезіндегі ел шекарасы оңтүстістікте Сырдарияның оң жағалауынан оңтүстік-шығыста Жетісуға дейін созылса, солтүстік пен солтүстік шығыста Ұлытау, Қарқаралы таулары мен кең-байтақ далалық кеңістікті, ал, батыста Жайық өзеніне дейінгі аймақты қамтып жатты. Қасым хандық билікті нығайтып, мемлекеттегі біртұтастықтың сақталуына көп мән берген. Сол себепті де, халық «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен  қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне негізделген заңдар жинағын енгізген. Дәл осы Қасым ханның тұсында қазақ халқын батыс елдері тани бастаған. Ол өз кезегінде Мәскеумен дипломатиялық байланыс жасаған. Сол кездерде Мәскеуде болған австриялық дипломат Герберштейннің жазбаларында қазақтар туралы деректер бар. Дегенмен, Қасым хан өлгеннен кейін қазақ хандығы әлсіреп кетеді. Хандық таққа Мамаш, Тайыр, Бұйдаш, Ахмет, Тоғым сынды хандар отырады. Бұлар қазақ хандығының негізін сақтап, әрі қарай дамыту үшін еңбектенеді. Алайда, хан тағына Қасымның ұлы  Хақназар отырғаннан кейін қазақ даласы қайта гүлдене түседі. Хақназар бірінші кезекте ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, сыртқы күштермен соғысуға, соғысып қана қоймай, жеңудің жолдары мен амалдарын іздестіруде табандылық танытады. Дәлел ретінде Қасым салған жолды жалғағанын, моғол билеушілерімен, өзбек ханымен, ойрат ойраншыларымен болған қақтығыстарда ел мен жерді қорғап қалғанын атап өтуге де болады. Хақназар қайтыс болғаннан кейін қазақ қоғамында ислам дінінің таралуына ерекше мән берген Шығай хан болды. Шығайдан соң хандық таққа Тәуекел, одан кейін ел арасында еңсегей бойлы ер Есім деп танылған Есім келді. Тәуекелдің тұсында да, Есімнің хандық құрған кезінде де қазақ хандығының іргетасы беки түскен. Тәуекел дипломатиялық қатынастарға ерекше көңіл бөліп отырған. Сонымен қатар, Сайрам, Ташкент, Самарқанд қалаларын алған. Ал, Есім хан аз ғана әскермен жауға тойтарыс бере алатын қолбасшылығымен, ел астанасын Түркістанға көшірген көрегендігімен, елді бірлікке шақыратын заңдар жинағын енгізген реформаторлығымен тарихта қалды. Тіпті, бір ғана толғауымен аты қалған Марғасқа жыраудың:
«Ей, Қатағанның ханы Тұрсын...», – деп басталатын жыр жолдарының өзі Есімханның ерлігін баян ететін жорықтарының бірінен хабар береді. Ол хандықтың іргесін бұрынғыдан да кеңейту үшін Бұхар хандығына қарсы соғыс ашады және бұл соғыстан жеңіспен оралады. Одан кейін таққа халық есінде  салқам Жәңгір болып сақталған ұлы отырады. Жәңгірден кейін Батыр, одан соң Тәуке хандық билікке келеді.
Тәуке хан десе есімізге бірден «Жеті жарғы» түседі. Себебі, қазақ қоғамын алауыздықтан сақтап, өз ішінде бірлікті күшейту үшін жаңа заң нормалары қажет болатын. Тәуке хан сол кездегі қазақ даласындағы атақты жеті биді біріктіріп, «Жеті жарғыны» жасайды. Халық арасында Тәукенің билік құрған кезеңін «Қой үстінде бозтарғай жұмыртқалаған кез» деп атау тегін емес. Ол бәрінен бұрын халықтың мамыражай тыныштық пен бейбіт заманда өмір сүргендіктерін қалады.
Қазақ даласында әз Тәуке ханнан кейін әр жүздің өз алдарына хандары болды. Быты¬раңқылықтың кесірінен жоңғарлар жаса¬ған жорықтың салдарынан «Ақтабан шұбы¬рынды» заманына тап болды. Бар қазақ бірігіп жауына тойтарыс беруі үшін кіші жүз ханы Әбілхайырды қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы етеді. Тарихта «Аңырақай», «Қалмаққырылған» деген атаумен қалған шайқастар болған. Осындай кезеңдерде ел ішінде Әбілмәмбет, Абылай сынды хандар билік құрды. Дегенмен, үш жүздің игі жақсыларының шешімімен Абылайды ақ киізге көтеріп, бар қазаққа хан етеді. Абылай ханның ерлігі, ұстанған саясаты бүгінгі жұртқа мәлім. Оның кезінде жоңғарларға қарсы ойсырата соққы беріліп, жау жерімізді енді аттамастай болды. Абылай ханның жанында ақылшысы әрі жырауы Бұқар бол¬ған. Ел арасында айтылатын аңыздарға сүйенсек, Абылай хан көбіне Бұқар жыраумен ақылдасып, кеңесіп отырады екен. Тіпті, хан артық кетіп жатса, оған тоқтау айтқан да көрінеді. Мұны жыраудың «Ей, Абылай, Абылай» деп басталатын толғауынан аңғару қиын емес. Абылайдың ұлы – Қасым орта жүзге хан болған. Алайда, оның ұлы – Кенесары үш жүздің баласы ақ киізге көтерген соңғы хан еді. Кенесары хан патшалы Ресеймен он жылдай уақыт тәуелсіздік, еркіндік, егемендік үшін шайқасқан қайсар тұлға. Кеудесінен жаны шыққанша тізе бүкпей кеткен хас батыр.
Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан асып барады. Елдің рухани жаңғыруын көздейтін Мемлекет басшысының мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп ойын тарихпен сабақтайды. Тарихтан тағылым алып, өткенін біліп, ата-бабасына құрмет көрсетер ұлттың болашағы да жарқын болмақ.  
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 тамыз 2017 г. 1 516 0