КӨК БАЙРАҚТЫ БИІКТЕРДЕ ЖЕЛБІРЕТКЕН МАРИНА

Қазақстаннан шыққан боксшы қыздар туралы әңгіме қозғалғанда ойға бірден Марина Вольнова оралады. Аспан түстес қыран бедерлі көк туымызды талай байрақты бәсекеде биікте желбіреткен Маринадай боксшы қыз 1989 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген.
Оның өмір жолына үңілер болсақ, алғашқыда дзю¬доға қатысқан екен. Баста бәрі тәп-тәуір көрінгенмен, кейін ауыр жарақат алып, бұл спорт түрін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігі болмай қалады. Алайда, өмірін спортпен байланыстырған Сырдың қызы қайтпас қайсар болып шықты. Қандай қиындық көрсе де, спортпен айналысу жанына батса да, бұл саладан кетпеді. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстану өмірлік мақсаты болатын. Осылайша, Марина өзінің бокста бағын сынап көруге шешім қабылдайды. Басқа емес, дәл осы спорт түрін таңдағанына өкінбейтінін өз сұхбаттарында талай рет айтқан. Сөйтіп, былғары қолғапты қолына киеді. Көп ұзамай жаттық¬тырушының назарына ілігеді. Жаттығу залында ептілігі мен мықтылығын дәлелдеп, жарыстарға да қатыса бастайды. Тіпті, әр жарысқа барған сайын жүлдемен оралатын болды. Бұл оның қызығушылығын бұрынғыдан бетер оята түсті.
Расын айтсақ, оның бокспен кәсіби түрде айналысқысы келгенін айтқанда анасы қарсы болған. Маринаны мұндай сәтте әкесі мен ағалары қолдапты. Осылайша, отбасындағы ер азаматтардың қолдауына ие болған Марина нақты шешім қабылдап, бокспен кәсіби түрде шұғылдануды бас¬тап кетеді.
Әйелдер арасындағы бокстан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы болған ол спортсүйер қауымға жақсы таныс.Бүгінде Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шебері атанған М.Вольнова 2010 жылы Азия чемпионы болды. Мұндай жеңістің оңайлықпен келмейтіні белгілі. Әсіресе, бокс¬та өзіңді мойындату оңай емес. Өйткені, шаршы алаңға шыққан әрбір спортшы қарсыласын жеңемін деп шығады. Халықаралық додаларда тіпті қиын. Мұндай жарыстарға әр елдің бірінші нөмірлі боксшылары қатысатыны тағы бар. Былғары қолғаптың мамандары соққы алмасып жүріп, қарсыластарының осал тұсын іздейді. Бабы мен бағы қатар келгендер жеңіске жетеді.
Сыр елінің мақтанышына айналған Марина әлем чемпионатының күміс жүлдесіне де қол жеткізген. Бұл енді қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында келген жеңіс екенін айта кету керек.  Сондай-ақ, ол 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиадада қола жүлдені қанжығасына байлады. Айта кетейік, осы жылы жазғы олимпиада ойындарының бағдарламасына әйелдер боксы алғаш рет енгізілген еді. Осылайша, Марина  жазғы олимпиада ойындарында әйелдер боксынан елімізге жүлде әкелген алғашқы спортшыға айналды.
Қазақстанның азаматы болғаннан кейін қазақ тілінде сөйлеуді парыз санайтын Марина бүгінде ел мақтанышына айналды.  
Боксшы қыз қазірде қазақ отбасына келін болып отыр. Бұл жөнінде Маринаның өзі біздің тілшімізге берген сұхбатында:
– Инчхондағы Азиада ойындарынан кейін Қажымұқан есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Өзі – Арқалық қаласынан, әскери адам. Университетте оқып жүргенде танысып, жақын араластық. Ақырында өмірлік серігі болуға ұсыныс жасады. Әйел адам үшін отбасы ең бірінші кезекте тұруы тиіс деп ойлаймын. Қазір Астанада тіршілік етіп жатырмыз. Үй шаруасындамын, балаларымды тәрбиелеп, жолдасымның бабын жасауға уақыт бөлемін. Қазақ азаматымен өмірімді байланыстыру арқылы бақытымды таптым, – деп айтып өткен еді.
Ол жалғыз Сыр бойының ғана емес, сондай-ақ, ел мақтанышына айналды. Марина Вольнованың жеңісті жолы әлі талай жас өренге үлгі болары сөзсіз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 тамыз 2017 г. 671 0