Облыс аумағында биыл тоғызыншы жыл ұйым¬дастырылып отырған «Мектепке жол» республи¬калық акциясының аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларын жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке керекті киім-кешекпен, оқу құралдарымен қам¬та-масыз ету шаралары қолға алынды.
Облыс әкімдігінің баспасөз орталы¬ғында болып өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысы¬ның міндетін атқарушы Құралай Ерташова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар¬ламалар басқармасы, әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Шаризат Алмашева, облыстық ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Раушан Әбдіразақова акцияның өту барысы туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Өздеріңізге белгілі, бұл акцияның мақсаты – әлеу¬мет¬тік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың түрлі әлеуметтік себептерге байланысты мектепке бара алмайтынын алдын ала анықтап, оларға дер кезінде жәрдемдесу. Бұл орайда жоғарыда аталған санаттағы балалардың тізімі жасалып, бюджеттік сала қызметкерлері және кәсіпкерлер тарапынан қажетті қаржы көлеміне сәйкес қолдау көрсетілетін болады. Аталған акция аймақтағы барлық елді мекендерде ұйымдастырылып, мектеп формасы мен құрал-жабдықтарының жәрмеңкесі өткізіледі. Сонымен бірге, акция барысында өткізілген іс-шаралардың тиімділігі мен түпкі нәтижесін анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар жүргізіліп, онда өзекті деп танылған мәселелер уақы¬тылы сарапталып отырады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 28 мыңға жуық көпбалалы және әлеуметтік қолдау қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көр¬сетілсе, акция аясында 913 рейдтік іс-шара өткізілді.
Облыстық білім басқармасының бірінші жартыжыл¬дық¬тағы ақпараты бойынша биыл 18911 бала ¬мектеп табал¬дыры¬ғын аттағалы отыр. Жалпы облыс бойынша қолай¬сыз отбасында – 630, көп балалы отбасында – 53575, тұрмысы төмен отбасында 18044 мектеп жасындағы бала тәрбиеленеді.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы барысында облыстық білім басқармасы мен білім бөлімдері және ішкі істер органдары жанынан арнайы сенім телефондары жұмыс жасайды.
Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.