ИРАНҒА ЕТ ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Егін мен мал шаруашылығын ежелден кәсіп еткен Сыр өңірінде бүгінде бұл салада игілікті істер қолға алынуда. Кооперативтер құру, мал бордақылау алаңдарының салынуы мен шаруашылық кешендеріне көңіл бөлінуі сөзге дәлел. Ауыл шаруашылығын ілгерілету үшін жаңа жобалар жүзеге асырылып, жарқын істерге жол ашылуда.
Қазіргі таңда Қызылорда ет өнімдерін өзге елге шығару құқығына ие болды. Биыл 25 мамырда Париж қаласында өткен Халықаралық эпизоотиялық бюросы Бас Ассамблеясының 85-сессиясында облысқа аусыл ауруы бойынша вакцина қолданатын таза аймақ мәртебесі берілді. Бұл – халықаралық сауда кеңістігін кеңейтуге мүмкіндік. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласында өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру күн тәртібіне қойылды. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі аймақтар алдына ет экспортын арттыру міндетін қойды. Осы бойынша облыстарға индикативтік жоспар бекітілген. Соған сәйкес, биыл Сыр өңірінен 25 тонна қой еті мен 100 тонна сиыр етін экспорттау жоспарланған. Дегенмен, облыста халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинатының болмауы межені орындауға кедергі болды. Салқындатылған, тоңазытылған етті экспорттау мүмкін болмай отыр. Алайда мәселені шешудің басқа да тиімді жолдары қарастырылды. Атап айтсақ, ең алдымен халықаралық талаптарға сәйкес келетін комбинаттың құрылысы көп ұзамай қолға алынбақ. Оны «Сыр маржаны» ЖШС Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Қазір келісімдер жасалды.
Сонымен қатар жоғарыда аталған өндіріс орны іске қосылғанға дейін индикативтік жоспарды мезгілінде орындау үшін Иран мемлекетіне қой мен ірі қара малын тірілей жөнелту межеленуде. Осыған байланысты тиісті шаралар қолға алынуда. Малға беретін жем-шөп және су мәселесін шешу үшін Қосшыңырау ауылдық округінің «Абай» елді мекенінен экспорттық карантиндік алаң ұйымдастырылды. Малдарды тасымалдайтын ұшақ мәселесі бойынша «Қорқыт ата» әуежайымен келісімдер жасалған. Сондай-ақ, экспортқа шығарылатын алғашқы 850 бас қозы Жаңақорған ауданындағы «Нұрболат» ШҚ-дан сатып алынып, ветеринариялық талап¬тарға сәйкес құжаттар әзірленуде. Рұқсат қағазы дайын болысымен экспорттау басталады.
Иранның «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясы келісімдерге сәйкес биыл 10-15 мың бас қозы  және күзде ірі қара малын сатып алуға дайын. Айта кету керек, олар Иранға елімізден малды тірілей импорттауға рұқсат алған жалғыз компания.
Иран елінің іргелі кәсіпорнымен орнатылған байланыс біз үшін де біраз тиімді болмақ. Аталған компания алдағы уақытта Қызылорда қаласынан өз өкілдігін ашуды жоспарлап отыр. Әріптестік арқасында өкілдік ашылатын болса, Сыр өңірінің халықаралық саудадағы әлеуеті біршама көтерілері сөзсіз. Себебі, түліктерді Иранға шығару облыс арқылы жүргізілетін болады.                                  
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 тамыз 2017 г. 684 0