Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала¬сында заманға сәйкес жаңғыру, қоғамдық сананы өзгерту стратегиясы сөз болды. Жаһандану дәуірінде жаңарған ұрпақтың шынайы патриоттық сезімін қалыптастырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, осы тұрғыда атқарылуға тиісті айқын міндеттерді саралаған Елбасы басқа да жобалармен қатар «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыруды атап өтті.
Осыған орай облыстық, қалалық, аудандық баспасөз беттерінде жоба айдарымен жеке тұлғалар жөніндегі мақалалар көпшіліктің назарына ұсынылуда. Жаңа жоба жайында ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп шығарған Елбасының бағдарламалық мақаласын түсін¬діру бойынша аймақтық кеңес материалдарын топтастырған кітапшасында кеңінен жазылып, қажетті мағлұмат береді.
Елбасы өзінің әйгілі мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының тәуелсіздік жылдарындағы тамаша табыстарға жеткен әртүрлі жастағы адамдардың, этнос өкілдерінің тарихы екенін айтты. «Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» деп атап көрсетті. Яғни, заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныстыру ақпарат құралдарының басты нысаны болуы тиіс екенін нұсқады.
Өркениетті Қазақстанды құрып жатқан – өз мамандығының алтынқолды құрылысшылары. Әдетте, Елбасының өзі атап өткендей, нақты адамдардың тағдыры деректер мен цифрлардың тасасында қалып қоятын кездер де жиі болады. Осындай кемшіндігімізді түзетіп, мақтана айтатын жетістікке жеткен Сыр елі азаматтарын жас ұрпаққа, жалпы жұртшылыққа насихаттаудың игілікті іс екені анық. Ауыл шаруашылығы саласы болсын, бизнесте болсын, ғылымда, бәлкім, спорт пен өнер алаңдарынан кездестірерсіз, тәуелсіз еліміздің әл-ауқатын молайту мен рухани тұғырын биіктетуге атсалысып алдыңғы сапта жүргендер жетерлік. Боксшы Марина Вольнова, шахматшы Әсел Серікбай, Сақыпжамал Бермағанбетова, белгілі кәсіпкер Мейрамбек Жұмашов, сазгер-әнші Лена Әбдіхалықова сияқты есімдер 100 жаңа есімнің қатарынан табылуға лайық. Сондай-ақ, арбаға таңылса да ақындығымен баршаны мойындатқан, қайсарлығы үшін «Бауыржан Момышұлы» медалін омырауға таққан Нұрмұхамед Әбілқасымов секілді тағдыр иелері де жастарға өмірсүюді, күрескерлікті үлгі қылатын жаңа есім. Осылардың бәрі де – Сыр топырағының перзенттері.
Елбасы ұсынған жобаның мақсаты үздіктерді анықтайтын жарыс емес. Бұрыннан-ақ танылған үздіктер мен озықтардың кәсіби табыстарға қандай еңбекпен жеткенін көрсетіп, өзге замандастарымызға жол сілтеу.
Сондықтан «100 жаңа есім» ұлттық деңгейде ғана емес, өңірлік деңгейде де жүзеге асатын болады.
Д.АЯШҰЛЫ