Тамылжыған тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылардың кәсіби мерекесі. Бұл күнді шойын жолдың шеберлері ерекше ықыласпен қарсы алады. Олар жылдың қай мезгілі болсын, уақытпен санаспай күн демей, түн демей, ыстық пен суыққа да қарамай еңбек етеді.
Мереке қарсаңында Жұлдызбай Мұсаев басқаратын Қызылорда локомотив депосына ат басын бұрған едік. Ғасырдан астам тарихы бар мекеме қызметкерлері қызу еңбек үстінде екен. Аулада ұлы даланың үнжариясы – Қазақ радиосы қосулы тұр. Бұл – локомотив жұмысшылары елдегі жаңалықтардан да хабардар болып жүреді деген сөз.
Темір жол туралы әңгіме қозғағанда оның тарихына да тоқталған жөн. 1901 жылы «Орынбор-Ташкент» темір жолының құрылысы басталды. Екі аралыққа 72 станса, 159 разъезд, 17 ірі көпір салу жоспарланды. Бекітілген сызба бойынша Илецк, Ақтөбе, Шалқар, Арал, Қазалы, Қызылорда, Түркістан қалалары назарға алынды. Жол құрылысы екі бағытта жүргізілді. Біріншісі 1009 шақырымды құрайтын Орынбордан Қазалыға дейінгі аймақ болса, екіншісі 843 шақырымды алып жатқан Ташкент пен Қазалы арасындағы далада өрбіді. Екі бағыттың құрылысы Көбек бекетінде түйісіп, құрылыс жұмыстары 1905 жылы аяқталды.
Бүгінде ел экономикасының қозғаушы күші болып саналатын темір жол саласы батыс пен шығысты байланыстыратын алтын көпір іспетті. Шойын жолмен жолаушылар да, жүк те тасымалданады. Қазіргі кезде ол тасымал қатынасының ең қауіпсіз түрі саналады. Мұнда мамандардың біліктілігіне де ерекше мән берілген. Қызылорда локомотив депосында бұл жолға қойылған жүйе деп айтуға болады. Оған репортаж жасау барысында біздің көзіміз жетті. Аталған мекемеге барғанда оқыту жөніндегі нұсқаушы Мақсұт Сейтов тепловоз машинистері мен олардың көмекшілеріне арнап дәріс оқу үстінде екен. Ол мұндағы мамандар үнемі білімдерін жетілдіріп отыратынын атап өтті.
Темір жолдағы тасымал қызметі – жауапты жұмыс. Бірде жолаушылар отырған пойызды қажетті жеріне апарса, енді бірде 60-70 вагоны бар жүк пойызын жегіп алып тартады. Тіпті, олардың арасында шойын жолда тұлпардай жүйіткитін «Тальгоны» да айдайтын машинистер отыр. Әңгіме барысында олардың өз жұмыстарын жақсы білетінін аңғардық.
– Бұл салаға 1981 жылы келдім. Содан бері тынбай еңбек етудемін. Қазір қарасам, жұмыс жасағаныма 36 жыл болыпты. Бүгінде Қазалы мен Шиелінің арасында жүк пойыздарын тартатын -тепловоздарды жүргіземін. Жұмысым өзіме ұнай¬ды, – деді Ербол Аяпов атты машинист.
Тарихқа үңілсек, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына Қызылорда паровозшылары да зор үлес қосты. 1942 жылы Отан қорғау комитеті арнайы қаулы шығарып, соған сәйкес 1943 жылы Қызылорда паровоз депосына №44 колоннаны ұйымдастыру тапсырылды. Бұл жұмыс 15 тәулік ішінде орындалды. Соның арқасында өткінші әскери құрамалар мен локомотив бригадасынан жасақталған 30 паровоз майданға жөнелтілді. Соғыс аяқталғаннан кейін жетінші колоннадан КСРО-ның жоғарғы бас қолбасшысы мен үкімет делегациясын Подстам конференциясына жеткізіп салу құрметіне ие болған Қызылорда локомотив депосының аға машинисі Петр Алексеевич Спирин еді. Бұл пойыз Мәскеуден шығып Брест, Варшава, Познань, Брянск қалаларын басып өтті.
Қаладағы локомотив депосының алаңында өткен күндерден сыр шертетін ескі паровоз тұр. Оның алдына ілінген тақтайшада: «Мерейтойлық ескерткіш паровоз 2005 жылы Қызылорда локомотив депосының 100 жылдығы қарсаңында қойылған» деген жазба бар. Шынында, отарба – ХІХ ғасырда жасалған ғажайып техника.
– Бұл «ЛВ» сериялы паровоз 1955 жылы Ворошиловград зауытында құрастырылған. Оның ұзындығы – 14,78 метр де, салмағы – 110 тонна. Оны өзіміз сырлап, сүртіп, майлап, жуып тұрамыз. Оған тарихи жәдігер ретінде қараймыз, – деді отыз жылдан аса машинист болып жұмыс жасаған Нұрлан Нұрыш.
Бұл мекеменің жеткен жетістігінің өзі бір төбе. Барлығына бірдей тоқталмасақ та, бірлі-жарымын сөз еткенді жөн көрдік. 1943 жылы ауыр жарақат алған жауынгерлердің санитарлық пойызын майдан шебінен алып шығуда көрсеткен ерлігі үшін қызылордалық машинист В.Я.Дубинге Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. 1958 жылы Қазақ теміржолы құрылды. Осыған дейін Ташкент темір жолы құрамында болған Қызылорда депосы соның құрамына енді. Осыншама бай тарихы бар локомотив депосы ұжымы қашанда еңбек жеңісінің тұғырлы биігінен көрініп келеді. 1981 жылы тепловоз депосы электрлі тартылыс цехының слесары Оразбай Әбішев Социалистік Еңбек Ері атанды. МПС пен Темір жол кәсіподағы орталық комитетінің үш бірдей ауыспалы «Қызыл туы» осында сақтаулы. 1976 жылы ашылған мұражай депоның ең көрікті орындарының бірі саналады. 2012 жылы ТЭ-33А «Эволюшен» тепловоздарын игеру басталды.
– Ғылым мен техника дамыған заманда жаңалыққа ұмтылып тұрған да жақсы. Өзімнің бұл салада еңбек еткеніме 20 жылдан асты. Бүгінде жылдамдығына шек келтірмейтін «Тальго» пойызын жүргіземін. Сайын далада жүйіткіген құйындай жүріп өтеді, – деді Қуаныш Жәлімбетов есімді машинист бізбен әңгімесінде.
Қай қызметті болса да атқару үшін білікті маман қажет. Локомотив депосында көпке үлгі боларлық қызметкерлер еңбек етеді. Бұл жөнінде кадр бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мира Іскендірқызы айтып өтті.
– Бүгінгі таңда бізде 840 адам жұмыс жасайды. Соның 321-і тепловоз машинисі болса, 273-і солардың көмекшілері. Бірінші класты біліктілігі бар машинистер саны – 30 адам болса, екінші класты біліктілікке ие болғандар саны 105 маманды құрап отырса, үшінші класты біліктілікке ие 139 машинист жұмыс жасайды, – деді ол.
Бүгінде Қызылорда депосында еңбек ететін Жаңалық Жиенқұлов, Дастан Сарабеков, Алмат Жұбаназаров, Нұрлан Ұзақбаев, Мәуленқия Құратаев, Избасқан Сүйінов, Рахат Шербатшаев, Серік Шерімбетов, Ғалымжан Жаңатаев, Ербол Сапарбаев, Рахымжан Қоржымбаев, Серікбол Смайылов, Қанат Камилаев сынды мақтауға әбден тұрарлық озат қызметкерлер бар. Олар – алдыңғы буынның жеңісті жолын жемісті жалғап келе жатқан шойын жолдың шеберлері.
Расында, темір жол эконо¬ми¬каның күретамыры болса, локомотив депосы оның жүрегі дер едік. Өйткені, шойын жолмен тасымалданатын барлық пойызды тепловоздар тартады. Оларға техникалық қызмет көрсету осы мекеме жұмысшыларының мойнына жүктелген. Тепловозды жүргізіп, пойызға отырғанда діттеген жеріңізге уақытында жеткізетін депо қызметкерлерінің атқаратын еңбегі ұшан-теңіз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
(сурет).