ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көріп отырғанымыздай, ақпараттық түсіндіру жұмыстары бірқатар облыста ақсап жатыр. Сондықтан оны жандандыру қажет. Облыстардың, Алматы мен Астана қаласының әкімдеріне ақпараттық түсіндіру жұмыстарын, әсіресе жұмыспен өзін-өзі қамтыған тұрғындар арасында жандандыруды тапсырамын», деді Бақытжан Сағынтаев. Сонымен қатар Үкімет басшысы әлеуметтік медициналық сақтандыру салымдарына жауапты орталық мемлекеттік органдарға Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдар мен жарналарды аударуына күнделікті мониторинг жүргізуді міндеттеді. «Тағы бір мәселе бар. Ол табыстары төмен немесе мүлдем жоқ, аударымдар мен жарналарды аудара алмайтын азаматтармен байланысты... Олар жүйеден тысқары қалып қоюы мүмкін. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыстардың, Алматы мен Астана қалалары әкімдерімен бірлесіп, мұндай тұлғаларды олардың мәліметтерін көрсете отырып сәйкестендіру тетіктерін, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту үшін жұмыспен қамту шараларын әзірлеу тапсырылады», деді Премьер-Министр.