Ауыл шаруашылығы экспортқа ден қойды

Елімізде агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Ет экспортының ілгерілеуі, міне, осы ретте қолға алынған тиімді шаралардың нәтижесі. Бұл жөнінде кеше Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Аталған баспасөз мәслихатына Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төраға­сы­ның орынбасары Олжас Ауса­баев, Агроөнеркәсіптік ке­шен­дегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ержан Айна­беков және ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің жол қозға­лы­сын қамтамасыз ету саласын үйлестіру бөлімінің басшысы Ғани Исабаев қатысты. Жиында вице-министр Г.Исае­ва биылдан бастап экс­порт­тық сая­сат әлеуеті нарық­тар­ға АӨК өнім­дерін мақсатты іл­ге­рілету негізінде құрылатынын атап өтті. Соны­мен қатар, «Азық-түлік келісім­шарт» АҚ-тың мен­шікті қара­жаты негізінде АӨК-тің экспорт­тық орталығы құры­латынын жет­кізді. Бұл ретте, қазақ­стан­дық өнімдердің экс­порт­тық әлеуетін ілгерілету үшін басқа елдер­мен келіссөздер жүр­гізуге халық­аралық ұйым мәр­тебесін иелену маңызды болып отыр.  Аталған экспорттық орта­лық «KazakhExport» және «KazakhInvest» акционерлік қоғам­дарымен, сондай-ақ, Қазақстандағы шетел дипло­ма­тия­лық өкілдері арқылы ты­ғыз ынтымақтастықта әрекет ете­тін болады. Орталық сыртқы на­рық­тарға талдау жүргізіп, да­мыған елдер үшін өнімдерді жыл­жытудың жол картасын құру, өнімд­ерді экспорттау саласында кеңестер беріп, келісімшарттар жасасу және ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен өнімді «форвардтық» тәсілмен сатып алу жұмыстарымен айналыспақ. Сонымен қатар, орталық ауыл­­шаруашылық өнімдерін сақ­тан­дыруды қамтамасыз ете отырып, негізгі брендтерді, соның ішінде «KZ Organic Food» брендін алға жылжытпақ.  Қазіргі уақытта Қытай, Иран, БАӘ, Израиль, Сауд Арабиясы және т.б. елдерге экспорттала­тын тауарлардың көлемін арт­тыру бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Бұл елдермен ауылшаруашылық өнімдеріне қой­ылатын фитосанитарлық жә­не ветеринарлық талаптар келі­сілуде, тасымалдану бажын төмендету жөнінде келіссөздер жүр­гізілуде. Мысалы, ҚХР төр­- а­ғасы Си Цзиньпиннің Қазақстан­ға ресми сапары кезінде Қазақстан­нан Қытайға тасымалданатын мұз­датылған қой етіне қойылатын талап­тардың хаттамасына қол қойылды.  Сондай-ақ, Қазақстаннан Қытайға және БАӘ-ге тасымал­данатын мұздатылған қой етінің ветеринарлық сертификатына қол қою жұмыстары жүргізілуде екен. Ал Иранға экспортталатын қой, мұздатылған және салқындатылған қой етін тасымалдау бойынша ветеринарлық талаптар келісілген. Ал Израильге қой тасымалдау бойынша осы елдің құзыретті мекемесіне хат жолданыпты. Сонымен қатар, 2017 жылғы 25 мамырда Халықаралық эпизоотикалық бюроға мүше елдердің Бас ассамблеясының 85-сессиясында еліміздің 5 аймағы – Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары аусылдан ва­к- цинацияланған таза аймақ мәр­тебесін алды. Бұдан бөлек, Қазақстанның 9 аймағы 2015 жы­лы аусылдан таза аймақ және ау­сылды бақылау жөніндегі ұлт­тық бағдарлама негізінде жыл­қылардың африкалық оба ауруынан босатылу жөніндегі мәр­тебесін алған болатын. Осы­лайша, Қазақстанның барлық аумағы аусылдан босатылған ай­мақ мәртебесіне ие. Бұл елі­мізге Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­на мүше елдерге мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттауға, агроөнеркәсіптік кеше­ннің экспорттық әлеуетін жо­ғарылатуға және Қазақстанның экономикалық тұрғыдан дамуына оң әсерін тигізеді.  Ал Қытай Халық Республика­сы­на тасымалданатын өсімдік ша­руа­шылығы өнімдеріне ешқан­дай шектеу жоқ. Нақты бір тасы­малданатын өнім түрлеріне фи­то­санитарлық талаптарды анық­тау үшін министрлік арнайы жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, бидайдың, соя бұршағы мен бидай кебегі партияларын экспорттау жөнінде хаттамаға қол қойылған. Жуырда жоңышқа мен өсімдік шаруашылығы өнім­де­рі­нің 31 түрін тасымалдау бойынша хаттамаға қол қойылады деп күтілуде.  Қолға алынған шаралардың бәрі еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасының негізінде іске асы­рылып жатыр. Бұл отан­дық ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жаңа мүм­кін­діктер ашпақ.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 тамыз 2017 г. 551 0