Сыр топырағында туып, саңлақ өнер, сұңғыла талантымен шығармашылық биігіне көтерілген тұлғалар қаншама?! Олардың қай-қайсысы да өз дәуірінің жүгін көтеріп, өміршең туындыларымен елінің есінде қалды.
Аға толқын ақын-жазушылардың ізін жалғап келе жатқан аймақтағы бір қауым қаламгерлердің қатарында поэзия атты патшалықтың табалдырынан еніп, төріне озған парасат пайымы бөлек, Сыр елінің ақын қызы Қатира Жәленованың есімі елге етене таныс. Жуырда Қазқстан Жазушылар одағы басқармасы секретариатының шешімімен ақын Қатира Жәленова «Сырдан ұшқан қарлығаш» жыр жинағы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді.
Жыр алыбы Әбілда Тәжібаевтың қолдауымен қазақ әдебиетіне қадам басқан ақын қыздың жастық шағы, жалынды шағы Алматы қаласында, әдебиет алыптарының ортасында өтті. Қазақ Ұлттық университетінің қабырғасында Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов сынды ұстаздардан тәлім алды. Қазақстан телерадио корпорациясында ширек ғасырға жуық еңбек етіп, шығармашылығын шыңдай білген ол табиғи талантымен Қазақстан Жазушылар одағындағы әдеби ортада танылды.
Ақын Қатира Жәленованың «Сырдан ұшқан қарлығаш» жыр жинағына таңдаулы өлеңдері мен тәуелсіздік жылдарындағы жаңа туындылары енгізілген. Өр мінезді ақынның өлеңдерінен адами асқақ болмысы аңғарылады.
Ғазиза ӘБІЛДА.